ДАРЫНДЫ АЗАМАТТАН АЙРЫЛҒАН КҮН

ДАРЫНДЫ АЗАМАТТАН АЙРЫЛҒАН КҮН

ДАРЫНДЫ АЗАМАТТАН АЙРЫЛҒАН КҮН
ашық дереккөзі
381

Үшаралдағы 40398 әскери бөлімінде Отан алдындағы міндетін өтеп жүрген журналист Алмат Назан Достық-Үшарал тасжолында көлік апатынан қаза болды. Аға лейтенант А.Назан сарбаздардың ақпараттық сауаттануына жауапты болатын.

«Арқанкергендегі» қанды оқиғадан соң елдің шетінде, желдің өтінде тұрған әскерилер аяғынан тік тұрған. Қанша дегенмен, шекара шебінде ел тыныштығын қорып отырған жоқ па? Сондай бір тынымсыз, беймаза күндердің бірінде «Достық» оқу-жаттығу алаңынан қайтып келе жатқан жолда жол апаты болып, әскерилер мінген «Мерседес» автокөлігі сутоғанына құлап кеткен. Оқиға орнында Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысының орынбасары Дәурен Кенжебаев қаза болды Ал көлікті жүргізген аға-лейтенант Алмат Назанның денесі бірнеше күннен кейін ғана табылады.

Әскердегі қызметке шақырылмас бұрын Алмат «Алматы ақшамы», «Айқын», «НТК», «Хабар» секілді бірқатар ақпарат құралдарында еңбек еткен. Журналист болып еңбек етіп жүріп Алматыдағы Халықаралық бизнес университетінің (UIB) магистратурасын Қаржы және несие мамандығы бойынша тәмамдаған. Сондай-ақ, әскер қатарында жүріп «Тұран» университетін заңгер мамандығы бойынша сырттай оқып жүрген. Осы жазда үшінші оқуының дип­ломын алмақшы еді. Қамшының сабындай ғана ғұмырында үш бірдей оқуды тәмамдап, әскерде қызмет атқарып үлгерген Алматтың ендігі ойы шаңырақ құру болатын. «Ажал айтып келмейді», жас-кәрі деп те қарамайды. Небары 26 жасында қыршынынан қиылған әріптесіміз Алматтың мезгілсіз қазасына байланысты марқұмның ата-анасы, туған-туыстарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.

«Түркістандықтар»

Ерлік – елге мұра

Қызметтiк борыштарын өтеуде қаза тапқан қоғамдық тәртiп сақшыларын еске алуға және Қазақстан полициясының 20 жылдығына арналған Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы халықаралық автожорықтан түйген ойлар.

Халықаралық полицейлер қауым­­дастығы өкілдері мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қызметкерлері қатысқан бұл іс-шараның негізгі бастамашысы — Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті мен ішкі істер органдары және ішкі әскер ардагерлері облыстық кеңесі. Елордамыз Астанадан сапарға шыққан автожорық құрамында қазақстандықтармен қатар, «Халықаралық полицейлер қауымдастығы» Ресей және Беларусь секцияларының мүшелері, милицияның отставкадағы ардагерлері бар.

Облыс полицейлері ардагерлер кеңесінің төрағасы Өрнекбай Смайылов бастаған топ Шығанақта қарағандылықтардан эстафетаны қабылдап, құшақ жая қарсы алғаннан кейін Мойынқұм, Шу аудандарында қонақжай пейіл мен ыстық ықыласқа бөленген автожорыққа қатысушылар Шу қаласында Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға орнатылған ескерткішке гүл қойып, көркемөнерпаздар концертін тамашалап, сапарларын әрі қарай жалғастырған.

Автожорыққа қатысушылар Тараздағы алғашқы қадамдарын Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов ерлікпен қаза тапқан жерге орнатылған ескерткіш белгіге гүл шоқтарын қоюдан бастады. Одан кейін Тектұрмастың баурайында жатқан батыр зиратына атбасын бұрған автожорықшылар оның бейітіне гүл қойып, аруағына бас иіп, тағзым етті.

Түймекент ауылындағы Ғазиз Байтасов оқыған орта мектепте автожорықшылармен болған кездесу әдеттегідей батыр суреті алдына гүл шоғын қоюдан басталған. Қызметтік борыш, азаматтық парызын адал ақтап, лаңкеспен бетпе-бет шайқаста ерлікпен қаза тапқан жерлесі жайында тебірене сөйлеген Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеев ерлік ешқашан ұмытылмайтынын айта келе:

– Асыл азаматымыздың қараниет, қаскүнем лаңкеспен арпалысқан сәті оқиғаға куә болғандардың жадында мәңгі сақталады. Ал бейбіт тұрғындардың өмірлерін қорғау үшін жанын құрбан еткен ерлігі – ұрпаққа ұран, жастарға үлгі. Өсер жасқа өжет мінез, өшпес ерлік өнеге болуға тиіс. Ғазиз Байтасовтың бейбіт күнде жасаған ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталады, – деп түйіндеді сөзін.

Батырдың жерлестері мен мектеп оқушылары алдында сөз сөйлеген Қазақ­стан Республикасы ІІМ Кадрлар жұмысы департаментінің жеке құраммен тәрбие жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Болат Қаженов, Ресейдің жедел қызмет ардагерлерінің «Даңқ» аймақаралық қоғамдық ұйымының төрағасы, отставка­дағы милиция подполковнигі Алексей Дарков, «Халықаралық полицейлер қауымдастығы» Беларусь секциясының президенті, отставкадағы милиция подполковнигі Игорь Усачев, «Ресейлік полиция қауымдастығының» вице-президенті, отставкадағы милиция подполковнигі Александр Щелудко, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Тәуірбек Әшімов ерен ерлік үлгісін көрсеткен Ғазиз Байтасовтың аруағы алдында бас иетіндіктерін айтып, қайсар азаматтың есімін есте қалдыру үшін атқарылып жатқан істерге тоқталды. Зейнеткер-ұстаз Күнтуған Ақназаров батыр шәкіртінің аруағына бағыштаған жыр жолдарын ерекше бір шабытпен оқыған. Осыдан-ақ жерлестерінің Ғазиздей әзиз азаматты аза тұтып қана қоймай, мақтан ететінін де аңғару қиын емес. Мақтан етуге лайық азаматың болса, неге мақтанбасқа?!

Облыстық ішкі істер департаменті алдындағы аллеяда Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Әбдібекұлы Байтасовтың ескерткіш-мүсінін ашуға арналған салтанатқа ішкі істер органдарының ардагерлері мен жеке құрамы, қала жұртшылығы жиналды. Қызметтік борыштарын өтеуде қаза тапқан полиция қызметкерлері құрметіне автоматтан үш дүркін салют берілгеннен кейін облыс әкімі Қанат Бозымбаев пен облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бекет Аймағамбетов ескерткіш-мүсіннің жамылғысын сыпырды. Ақ шәйі мата сусып түскен сәтте батырдың қоладан құйған мүсіні күнмен шағылысып жарқ ете қалды. Қызметтік киімімен сомдалған мүсін көпшілікке «Мен тірімін!» деп қадала қарап тұрғандай. Иә, ол тірі! Оның есімі, ерлік ісі мәңгі өлмейді. Бұл – мүсінші Қайрат Сұраншиевтің шығармашылық еңбегінің жемісі.

Мүсін жамылғысы сыпырылғаннан кейін, ескерткіш алдын гүлдестелер мен гүл шоқтары көмкерді. Бір бойжеткеннің Ғазиздің анасы Гүлзат апаны қолтықтап барып бір шоқ гүл қойған сәтте мөлдіреген жанарынан бір тамшы жас аунап түскенін біреу аңғарды, біреу аңғармады. Сол бір тамшы жас тай-құлындай тебісіп өскен бауырға деген сағыныштың көз жасындай көрінді маған.

Жамбыл жері батырларға бай екенін, Ғазиздің есімі солардың бірі болып тарих парағына жазылғанын тілге тиек етті ескерткішке гүл қою рәсімі аяқталғаннан кейін сөз сөйлеген облыс әкімі Қанат Бозымбаев.

– Ол – нағыз Отанын сүйген патриот. Әр азамат елін, жерін сүюді, оған адал қызмет етуді Ғазиздің ерлік әрекетінен үйренуі керек. Оның есімі әрқашан біздің есімізде. Бүгін біздің қайғымызды бөлісіп, батырымызды құрметтеуге атсалысып, осы автожорыққа қатысқан ресейлік және беларуссиялық азаматтарға алғыс жаусын. Рахмет! – деп осы іс-шараға атсалысушы шетелдік азаматтарға алғыс сезімін білдірді облыс басшысы.

Полицияның қоғамдық тәртіпті сақтау­дағы қызметі туралы әңгіме желісін өткен ғасырдың басындағы милицияның қарулы отряды тарихынан бастаған облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бекет Аймағамбетов әңгімені алдыңғы толқын ата, ағалардың тәртіп сақтаудағы ғана емес, Отан қорғаудағы ерліктері туралы шежіреден тартып, олардың ерлік дәстүрлерін жалғастырушы бүгінгі ұрпақтың ұлағатты істеріне ұластырды сөз арнасын.

– Облысымызда 27 милиция, полиция қызметкері азаматтардың өмірі мен тыныштығын қарулы қылмыскерлерден қорғау жолында құрбан болды. Біздің 40 қызметкеріміздің қызметтік борыштарын өтеудегі жанқиярлық ерліктері үкіметтік наградалармен атап өтілген. Ал, Халық қаһарманы атағына ие болған Ғазиз Байтасов – елімізде Отанның ең жоғары марапатына ие болған бірінші полиция қызметкері. Біз қызметтік борыштарын өтеу кезінде қаза тапқан тәртіп сақшыларын еске түсіруге және Қазақстан полициясының 20 жылдығына орай Ғ.Байтасов атындағы халықаралық автожорық өткізуде осы жайларды жан-жақты ойластырғанбыз, – деді Бекет Иманұлы.

– Бөтен қайғы болмайды. Адамзаттың бейбіт өмірі мен тыныштығын бұзған қылмыстың салдарынан адамдар басына түскен қайғы – ортақ қайғы. Байтасовтың отбасына түскен қайғы да бәрімізге ортақ. Әріптесіміз Ғазиз Байтасов бәріміздің тыныштығымыз үшін жанын құрбан етті. Оның ерлігін Ресейде де, Беларусьте де біледі, құрметтейді. Оның ерлігі құрметтеуге лайық. Біз осы автожорыққа қатысуға шын ықыласпен келісімімізді бердік. Ұлынан айырылған ананың, жарынан айырылған әйелдің, әкесінен айырылған баланың қайғысын бөлісу әрбір адал ниетті азаматтың парызы ғой. Біз сол оқиға кезінде қара жамылған барлық отбастарының қайғыларына ортақпыз, — деді делегация атынан сөз сөйлеген Алексей Дарков.

Облыстық ішкі істер басқармасының акт залында өткен жиында да елдік пен ерлік әңгіме арқауына айналып, «Халықаралық полицейлер ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Марат Нұрғалиев автожорық вымпелін Байтасовтар отбасы мен облыстық ішкі істер департаментіне ескерткішке сыйға тартты. Осы салтанатта А.Дарков облыстық ішкі істер органдарының ардагерлері мен қатардағы қызметкерлеріне Ресей полициясының орден, медальдарын салтанатты түрде табыс етті. Атақты із кесуші Аркадий Кошко атындағы орденмен облыстық ішкі басқармасының бастығы Б.Аймағамбетов, Николай Щелоков атындағы медальмен Ғ.Байтасов (қаза тапқаннан кейін), отставкадағы полиция полковнигі Д.Ибінәлиев, «За содействие» медалімен облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Т.Жүнісқадыров, облыстық ішкі істер департаменті ЖПБ бастығы, полиция подполковнигі А. Совет бірқатар қызметкерлер «Ветеран милиции» медалімен марапатталды.

М. Нұрғалиев және Қазақстан поли­ция­сының 20 жылдығына Ғ.Байтасов атындағы автожорыққа қатысушылардың Үндеуін оқып, аталмыш іс-шараны жыл сайын қарашаның 12-сі күні өткізіп тұру үрдісін қалыптастыру туралы ұсынысын ортаға салды. Ол осы автожорыққа арналып Ғ.Байтасовтың бейнесі салынған вымпель және төсбелгі, сондай-ақ, Қазақстан туы бейнеленген бас киім әзірленгенін жеткізді.

Халықаралық сипат алып, батырлықты бағалаудың үлгісіне айналған осынау іс-шара ерліктің елге мұра, ұрпаққа ұран екенін дәлелдегендей болды.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

журналист

Тараз қаласы

Серіктес жаңалықтары