ХОРОШ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЛПЫТАС
ХОРОШ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЛПЫТАС
Адамзат баласы жаратылғалы талай-талай ұрыстар, жанжалдар мен жойқын соғыстар өткенi тарихтан белгiлi. Осынау соғыстардың нәтижесiнде тұтас ұлттар мен ұлыстардың жоқ болып кетуi, басқыншы елге бағынышты болып қалған оқиғалары өте көп кездеседi. Солардың ең зоры әрi қантөгiстiсi ХХ ғасырдағы екiншi дүниежүзiлiк соғыс болып есептеледi.
Бұл соғысқа жаһаннан қаншама адамдар қатысып, олардың басым көпшілігі ұрыс даласында қаза тапты. Алапат соғыс өрті бүкіл Еуропаны қамтыған еді. Ұлы Отан соғысының алғашқы күні-ақ фашистік Германия әскерлеріне қарсы айқасқан жауынгерлердің бірі – қармақшылық Мырзабек Баймырзаев болатын. Ол 1939 жылы әскерге алынып, Польша мен Кеңес одағының шекарасындағы Хорош атты деревня маңында алғашқы ұрысқа араласады. Сол күні-ақ неміс әскерлерінің қоршауында қалып, тұтқынға түседі. Осындағы «Офлаг-68» атты тұтқындар лагерінде №68-1815 болып тіркеліп, тұтқындар киімін киген Мырзабек Баймырзаевтың қаншама азапты басынан өткізгені айтпаса да түсінікті. Қазақ солдаты осы «Офлаг» лагерінде, 1942 жылдың 4 қазанында қайтыс болған. Хабарсыз кеткен жауынгерді ағайын-туыстары сарғая күткеніне 69 жыл болыпты.
Көшербай Баймырзаев қол жетер жерге хабар салғанымен талай жылдан бері тұшымды жауап ала алмай келген-ді. Ұлы Отан соғысының 65 жылдығы қарсаңында Ресейде із-түссіз жоғалғандар мен қайтыс болған солдаттарды іздестіру мақсатында түрлі қоғамдық ұйымдар құрылды. Осындай ақпараттық орталықтардың көмегімен ақыры ағасы Мырзабек Бекмырзаевтың сүйегі Польша жерінде жатқандығы белгілі болады. Осы тұста Польша республикасының Қазақстандағы елшілігінің өкілдері Польша еліндегі Қызыл крест және Жарты ай қоғамының нақты көмектері болғанын айтуымыз керек. Әсіресе, Алматыдағы Польша Бас консулдығының вице-консулы Юстин Афсаның жәрдемімен Варшаваға сапарға шыққан Көшербай Дәулетбаев пен Мәделхан Баймырзаев Мәскеу, Киев арқылы діттеген жеріне жетті. Хорош қалалық кеңесінің төрағасы Артур Бергель бірге болып, №134 тізімдегі М.Баймырзаевтың бейітіне гүл шоқтарын қойып, осында жерленген 8 мың жауынгердің рухына тағзым етеді.
«…Ұшақпен Мәскеу, сосын Киев, Киевтен Варшава қаласына ұшып келдік. Осындағы Қазақстан елшілігінде болып, ағамыз қайтыс болған Хорош атты қалаға келіп, Мырзабектің бабалары жатқан қорымнан әкелген топырақты салып, ескерткіш жасатып, сондағы мешіттің өкілдеріне Құран оқытып, құлпытасқа қазақ және поляк тілінде сөз жаздық. Бізге неміс архивінде сақталған құжаттардың көшірмесін тауып берді. Хороштағы жауынгерлер қорымы 5 шұңқырға (котлован) бөлініпті. Осы котловандарда 7-8 мың жауынгер жерленген. Соның №2 шұңқырында ағамыз М.Баймырзаевтың жатқанын дәделдеп, орнын көрсетті, сол орынның тұсына ескерткіш белгімізді қойдық. Жалпы, бұл елде бейіттерді қоршау, оларды күту жақсы жолға қойылғаны аңғарылады. Хороштағы жергілікті газеттер мен радиодан Қазақстаннан делегация келгенін айтып, тәптіштеп жазды», – дейді Көшербай Дәулетбаев толқынысын жасырмай.
Көшербай мен Мәделхан бауырластар зиратындағы қазақ есімдері бар кісілердің аты-жөндерін жазып алып, «Бармысың, бауырым» телехабарына ұсынды. Ал таяуда Хорош қаласында тұратын Адамский Яннан хат келді. «Уважаемые казахские гости – други! Сердечный привет! Очень хорошо, что построен памятник Вашему Брату и Дедушке. Имели Вы тоже счастие до погоды, потому что у нас от пятницы льет дождь. Привет Казахской Степи! Привет Казахским людям! Благодарю Вас. До встречи», – деп Көшербай мен Мәделіханға ризашылық білдірген алыстан келген хатта.