ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҮШIН АРПАЛЫС

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҮШIН АРПАЛЫС

ОРТАЛЫҚ  АЗИЯ ҮШIН АРПАЛЫС
ашық дереккөзі
241

Бүгiнде Орта Азия геосаяси тұрғыдан ерекше маңызға ие болды. «Күлшелi бала сүйкiмдiнiң» кебiн киген Орта Азия аймағы талай саяси ойынның алаңына айналғаны мәлiм. АҚШ Орта Азиядағы ықпалын Ауғанстандағы әскери iс-қимылдар арқылы жүргiзудi мұрат тұтса, Ресей Кеңестiк кезеңнен қалған ықпал ету механизмдерiн iске қосады. Энергия тасымалдаушы құбырлардың барлығы дерлiк Ресейге тәуелдi. Басқа жол iздеп, Ресейдiң бұғауынан құтылуға амал табуға ұмтылғандардың төбесiне қара бұлт үйiрiледi. Ал Қытайдың ықпал ету тетiктерi ендi iске кiрiсе бастады. Соңғы жиырма жыл iшiнде ол Қазақстан мұнайының 30 пайызына иелiк етiп те үлгердi.

Қазір Қытай мен Қазақстан арасын жалғап тұрған «Атасу-Алашанькой» газ құбыры іске қосылды. «Батыс-Қытай – Батыс-Еуропа» көлік дәлізі салынып жатыр. Сонымен қоса, Қытай мен Қазақстанды тікелей байланыстыратын темір жол магистралінің құрылысы басталды. Бұның барлығы біздің солтүстіктегі алпауыт көршіміз Ресейдің қытығына тиетін секілді. Ресейдің басты мақсаты, Орталық Азияға дендей еніп келе жатқан Қытайдың қадамына тұсау салу, мүмкіндігі болса стратегиялық маңызды жобалардан қалыс қалдыру. Ресейдің бұл пиғылы анық болса да, екі алпауыт ел Шанхай Ынтымақтастық ұйымы арқылы бір-бірімен стратегиялық әріптес. Осы ұйым арқылы бір-бірінің басқан қадамын аңдып отыратын секілді. Оған өткен аптада Бейжіңде өткен Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммиті куә. Ресей Қытайдың ықпалын арттыратын бірнеше келісім шарттарға қол қоюдың алдын ала білді.

Осы саммит қарсаңында Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Қытайға тұңғыш ресми сапармен барды. Сапар барысында ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао, Үкімет басшысы Вэнем Цзябао, Қытай компартиясы Орталық комитеті саяси бюросының мүшесі, қоғамдық қауіпсіздік министрі Мэн Цзяьчжу, Қытай халықтық саяси консультативтік кеңесінің төрағасы Цзя Цинлинмен кездесті. Осы кездесу барысында Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жол құрылысының жобасы талқыланды. Бұның мемлекеттер деңгейінде сөз болып келе жатқанына 15 жылдың жүзі. Ол арқылы Өзбекстаннан әрі қарай Түркіменстанға, сосын Парсы Шығанағына жол тарту көзделген.

Қырғыз тарапы бұл мәселені шешудің екі жолын қарастырып отыр. Біріншісі – темір жол шыққан шығынды өтегенше, Қытайдың қолында болады. Шыққан шығын өтелгеннен соң, ол Қырғызстанның меншігіне өтеді. Бұл магистраль Қытайдың Таяу Шығысқа шығуына мүмкіндік беретіндіктен, жылына 200 миллион доллар табыс табады деген болжам бар. Әрі Қырғызстанда жаңадан мың адамға жұмыс орны ашылады. Екіншісі, қырғыз-қытай бірлескен кәсіпорнын ашу, ол кәсіпорын теміржолды салуға несиені өздері табатын болады.

Ташкенттің бұл магистральға қатысты көзқарасы әлі күнге дейін айқындалмаған еді. Бейжіңдегі ШЫҰ саммитіне қатысқан Өзбекстан президенті Ислам Каримов бұл жолдың Өзбекстанның ұлттық мүддесіне қайшы келмейтіндігін айтып, оны салуға қолдау көрсететіндігін жеткізді. Сөйтіп, Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолын салу ісі мәресіне жеткен секілді.

Францияның «Le-mondo» газетінің жазуы бойынша, Қытайдың экономикалық салмағы бұл аумақта жыл өткен сайын өсе түсуде. Керісінше, Ресейдің экономикалық салмағы азайып кеткен. Мәселен 2005 жылы Ресей-Қазақстанның тауар айналымы 10 млрд. доллардан асса, Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы – 5 млрд. долларды құраған. 2011 жылы Ресей мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы – 20 миллиардқа жетпесе, Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы – 20 миллиардтан асып кеткен. Яғни Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық қарым-қатынастар аса қарқынды жүріп жатыр. «Ресейдің қолындағы қазіргі көзірдің бірі – Орталық Азия елдерінің элитасының орысшылдығы және халықтың Қытаймен қарым-қатынаста аса сақ болуы» деп жазады «Le-mondo». Бейжің саммиті қарсаңында Қытай Орталық Азия мемлекеттері басшыларына 3 мың студентті оқуға шақыратынын айтқан. Қытайдың ендігі мақсаты – Қытайда білім алып, оның қыр-сырын білушілердің арта түсуіне ықпал жасау. Орталық Азия елдеріне ықпал етудің бір тетігі де осы.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары