СЕНIМ БОЛМАҒАН ЖЕРДЕ КӨҢІЛГЕ СЕЛКЕУ ТҮСЕДІ

СЕНIМ БОЛМАҒАН ЖЕРДЕ КӨҢІЛГЕ СЕЛКЕУ ТҮСЕДІ

СЕНIМ БОЛМАҒАН ЖЕРДЕ КӨҢІЛГЕ СЕЛКЕУ ТҮСЕДІ
ашық дереккөзі

Қазір еліміздің барлық аймақтарында мектеп бітірушілердің білім сапасын анықтайтын жауапты кезең – ұлттық бірыңғай тестілеу қызу жүргізіліп жатыр. Астаналық талапкерлер үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 14 аудиториясы арнайы бөлінген. Олардың бәрі Білім және ғылым министрлігі бекіткен талаптарға толық жауап береді: тест тапсыру кезінде техникалық байланыс құралдарын пайдалануға қарсы қондырғылар қойылып, сынақ тапсырушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығына жіті назар аударылды. «Жедел жәрдемді» айтпағанда, ата-аналар үшін оқу ғимаратының алдына әрбір аудиториядағы ахуалды бақылап тұру үшін үлкен мониторлар ілінген.

Біздің бір аңғарғанымыз, бұрын мемлекеттік сынақ тапсыру мереке болатын. Қазір керісінше, ҰБТ тапсыруға кіріп бара жатқан балалардың көзінен бір үрей байқайсың. Ал сынаққа кірерде жастардың қойны-қонышының тексерілуі олардың бойындағы үрейді одан сайын қоюландыра түсетіндей. Оған сынып жетекшісі мен мектеп директорының, әкесі мен шешесінің «жоғары нәтижеге қол жеткіз!» деген ақыл-кеңесін қосыңыз.

Қалай десек те, мектеп бітіруші түлектер үшін бұл психологиялық жағынан жақсы нәрсе деп айту қиын. Сенім болмаған жерде көңілге селкеу түседі. Осының бәрін аңғарды ма екен, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ҰБТ өтетін барлық сыныптарды өзі аралап, балалардың көңіл-күйін барынша көтеруге тырысып бақты. Арасында: – Қалталарыңда ұялы телефондарың бар ма?.. Сыртта ата-аналарың қобалжып отыр ғой, жағдайымыз жақсы. Алаңдамай үйге қайта беріңіздер, тест сұрақтары жеңіл келді деп хабарлап қойыңдар», – деген сыңайдағы қалжыңды да айтып тастады. Мұнысы қазақы шықты. Ұялы телефоннан үміттерін үзген балалар күлмегенде қайтсін, мәз болды.

«Бір ауыз сөз – күлмекке жақсы» деген осындай-ақ болар. Аяқ асты айтыла салған әзіл баланың санасындағы қорқынышты ада қылмаса да, сәл де болса ой-санасын орнықтырып, азайта түскені анық. Ал Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың: – Тест сұрақтарына ғана емес, өмірдің барлық сынақтарына дайындықпен келу керек, – деген әңгімесі байламсөз болды.

Біз бір оңтайлы сәтте ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Тұрсынұлын әңгімеге тарттық.

– Әлемде бірыңғай тестіден басқа жақсы бір әдіс табылған жоқ. Осы әдісті біз Елбасының тапсырмасымен енгізіп жатырмыз. Бұл өзінің керектігін, өміршеңдігін көрсетті, – деді ол.

Министр мырзаның айтуынша, сынақ басталғанша әр баламен нақты жұмыс жасалған. Биыл Қазақстанда 156 мың баланың ішінен 121 мың оқушы сынақ тапсыруға құлық танытқан. Бұл 78 пайыз көрсеткішті құрап отыр деген сөз.

Сондай-ақ тағы бір ерекшелік, ҰБТ уақытының 15 күнге созылатындығы. Тест сұрақтарының ішінен 108 тапсырма алынып, бір логикалық сұрақ қосылған. Комиссия мүшелерінің саны да едәуір қысқарған, республикалық штаб жұмыс істейді.

Астаналықтардың аяқ алысы әзірге жаман емес. Ал еліміз бойынша қорытынды жаңалық ай ортасынан ауғанда мәлім болады.

Базарбек ТҮКIБАЙ

Астана