«ШЕВРОН» ШАТТЫҚ СЫЙЛАДЫ

«ШЕВРОН» ШАТТЫҚ СЫЙЛАДЫ

«ШЕВРОН» ШАТТЫҚ СЫЙЛАДЫ
ашық дереккөзі
184

Мереке құрметiне орай қайырымдылық шарасын ұйымдастырған «Шеврон» компаниясы көңiлi жарым балақайларды қуанышқа бөледi.

«Шеврон» компаниясы өзінің жыл сайынғы қайырымдылық шараларының шеңберінде Алматы қаласының он екі медициналық және әлеуметтік мекемелеріне, оның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларға көмек көрсететін және әлеуметтік тұрғыда әлсіз топтармен жұмыс істейтін мекемелерге арнайы медициналық, өндірістік және оқыту құралдарын тапсыру рәсімін өткізді. Қайырымдылық шарасының шеңберінде Мүгедек балаларды оңалту қалалық орталығына бейнебақылау жүйесін сатып алып, оны орнатып берген. Сонымен қатар осы орталыққа киім ілгіштер, таразы, бой өлшегіштерді сыйға тартты. Қалалық Үміт үйі тәрбиеленушілерін үй шаруашылығына бейімдеу мақсатында оларға тұрмыстық техника сатып алынды. Ал іргетасы қаланғалы бір жылға толмаған «Мен сенімен біргемін» балалар жатақханасына кондиционер, кварцтық сәулелендіргіш, масаханалар т.б. табысталды. Психикалық дамуында тежеліс бар балалар, жетімдер мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған №8 Арнайы мектеп-интернатында пластик терезелер орнатылса, есту қабілеті нашар балаларға арналған №3 мектеп-интернаты, сөйлеу қабілеті нашар балаларға арналған №9 Арнайы мектеп-интернаты мен бірнеше жетімдер мен сәбилер үйлеріне қайырымдылық көмегі жасалды.

Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, қалыптасқан дәстүр бойынша «Шеврон» компаниясы жыл сайын балалар үйлеріне, мектептерге, балалар медициналық мекемелеріне көмек көрсетіп тұрады. Соңғы жылдары Алматы, Астана, Атырау қалаларындағы көптеген балалар үйлеріне жиһаздарды жаңартуға, қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық, диагностикалық құрал-жабдықтар сатып алуға, компьютер, ыдыс-аяқ, ойын алаңдарын жабдықтауға т.б. септігін тигізген.

Салтанатты шараға «Таңсәрі» балалар мюзик-шоу театры мен «Үміт үйі» тәрбиеленушілері концерттік бағдарлама әзірлепті. Осы шараның арқасында медициналық, тұрмыстық және компьютерлік техника мен басқа да қажетті құрал-жабдықтарды алуға сертификат тапсырылған Алматыдағы медициналық, білім алу және әлеуметтік мекемелердің өкілдері «Шеврон» компаниясы мен «Аяла» қайырымдылық қорына алғыс айтты. Ал ұйымдастырушылар болса, сыйға тартылған құрал-жабдықтар балаларды емдеуге және оқытуға көмектеседі деген үміттерін жеткізді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары