АСТАНА АБЫРОЙЛЫ АЗАМАТТАРДЫҢ АЙРЫҚША ОҚИҒАЛАРЫН ІЗДЕСТІРЕДІ

АСТАНА АБЫРОЙЛЫ АЗАМАТТАРДЫҢ АЙРЫҚША ОҚИҒАЛАРЫН ІЗДЕСТІРЕДІ

АСТАНА  АБЫРОЙЛЫ АЗАМАТТАРДЫҢ АЙРЫҚША ОҚИҒАЛАРЫН ІЗДЕСТІРЕДІ
ашық дереккөзі
352

Астана қаласының әкiмдiгiнiң ресми сайтында еңселi Елорданың қалыптасып, дамуына ерекше үлес қосқан айрықша адамдар туралы сауалнама жинау мау­сымның бiрi күнi тәмамдалады. Түп­теп келгенде, қоғамдық маңызы бөлек 4 мамандықтың шын шеберi анықталады. Олар: ақ халатты абзал жан, қоғамдық көлiк жүргiзушiсi, ұстаз бен бөлiмше инс­пекторы. Сондай-ақ, қаланың құрмет тұтуға лайық өнегелi тұрғыны. Қадiрлеуге кiмдер лайық деген сауалды бiз қала тұрғындарынан сұрап, жауап алдық.

Айман Мұсаходжаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры:

– Бұл керемет бастама. Осы таңдауға іліккен кейіпкерлер ғана емес, қала тұрғындары үшін де маңызды. Меніңше, әркім ісіне жауапты дәрігер қазір қайда жұміс істейтіні, қоғамдық көліктің үздік жүргізушісі қай бағытта қатынап жүргенін білгісі келеді. Бұл өнеге қолдау тауып, ынталандырылса, қала экономикасының дамуына да сеп болады. Менің де өзгелерге өнеге қылып ұсынар адамым бар. Бірақ кім екенін әзірге айтпаймын, құпия.

Нияз Амангелді, такси жүргізушісі:

– Таяуда Бараев көшесінің бойындағы бір жол көлік оқиғасына куә болдым. Түн ортасында жүйткіп келе жатқан джип аударылып, ішіндегі адамдар сыртқа шыға алмай қалды. Жол жиегінде тұрған екі көліктің жүргізушісі қатар ұмтылдық. Барсақ, ішінде бүтін бір отбасы, кішкентай балалар да бар екен. Қас-қағым сәтте оларды сыртқа алып шығып медициналық көмек көрсеттік. Жедел жәрдем шақырдық. Біздіңше, осындай оқиғаға куә болған кез-келген адам көмекке ұмтылар еді. Осындай оқиғалар туралы жазып, өзгелерге өнеге ету керек деп ойлаймын.

Абай Байкенжин, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың директоры:

– Меніңше, бұл жерде жетекші, басшыларды емес, Астана ырғағына ілесіп жұмыс істеп жүрген қарапайым жұмысшыларды айрықша атау керек. 40 жылғы еңбек тәжірибемде талай адамдардың қызметіне берілгенін көріп, бас иіп, алғыс айтқым келген сәттер аз болмады. Олар шын мәнінде абырой мен құрметке лайық. Мен нақты кімді ұсынарымды шеше алмай отырмын. Бірақ қалай болғанда да бір емес, бірнеше адамды ұсынбақшымын. Менің ойымша, халық алғысы кез-келген материалдық марапат сыйдан артық.

Жанар Рамазанова, үй шаруасындағы әйел:

– Ауруханаға түсіп, балама ота жасаттық. Бізбен бір палатада көпбалалы отбасынан шыққан бір сүйкімді бүлдіршін жатты. Анасы өзге балаларды қалдырып қасына жата алмады. Әкесі жұмыста екен. Осы сәтте облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері оған ерекше мейіріммен қарап, аялы алақандарына салғанын көрдім. Дәрігер күніне бәлен мәрте келіп баланың көңілін аулап, тамақтануын, уақтылы ұйықтауына дейін бақылап жүрді. Жабырқаулы баланы келіп жадыратып кетіп жүрді. Меніңше, міне мейірімге толы осындай жандар туралы көбірек әңгімелеу керек.

Бұл жобаның мақсаты шынайы өмірден алынған Астананың абыройлы азаматтарын тауып, солар туралы ақпаратты тарату. Өнегелі тұлғаларды қала тұрғындарының өздері ұсынады. Байқау кейіпкерлері туралы ақпаратты олардың достары, туған-туыстары мен таныстары, адамгершілігі мен кәсіби біліктілігіне сүйсінген кез келген астаналық хабарлай алады. Байқау жеңімпаздары Астана қаласы әкімдігінің сайтында дауыс беру арқылы анықталады.

Серіктес жаңалықтары