АРЫНДЫ АҚЫНМЕН КЕЗДЕСУ

АРЫНДЫ АҚЫНМЕН КЕЗДЕСУ

АРЫНДЫ АҚЫНМЕН КЕЗДЕСУ
ашық дереккөзі
512

18 мамыр – көрнектi қазақ ақыны, қоғам қайраткерi Олжас Сүлейменовтiң туылған күнi. Осыған орай, ҚР Ұлттық кiтапханасының үлкен залында ақынмен кездесу өттi. Кездесуге ақынның жақын достары, әрiптестерi мен ақын өнерiн үлгi тұтатын оқырмандары қатысты. Басқосуда көрнектi қоғам қайраткерлерi мен ақын-жазушылар Олжас Сүлейменовтiң шығармашылығы турасында әңгiме қозғады.

Олжас Сүлейменов поэзиясы таусылмас күш-қуатпен сарқырай ағар серпінді ырғаққа негізделген. Оның поэзиясы сөз қадірін білетіндер мен сөз зергерлеріне, сонымен қатар қарапайым оқырмандарға да орыс тілі арқылы қазақ халқының болмысын ашып көрсетуге мүмкіндік береді. Ақын шығармашылығы өзіндік ерекшелігімен, қаламгерлік шеберлігінің кемелдігімен таңдандырады. Олжас Сүлейменов ақындық жолында оқырман қауымға жүректен шыққан жалынды жырларын ұсынды. «Арғымақтар», «Адамға табын, Жер енді», «Семсер» сынды туындыларын атауға болады. Ақынның біршама өлеңдерін жас ақындар қазақ тіліне аударған екен.

Ақынның жазған зерттеу еңбектерінің көш басында 1975 жылы жарық көрген «Аз и Я» кітабы тұр. Түркі және славян халықтарының ежелгі жазба ескерткіштеріне арналып, көне замандағы ұлт пен ұлыстардың тілі, әдет-ғұрпы сөз болған бұл кітап ақын туындыларының ішіндегі шоқтығы биік еңбек десек те болады. 1998 жылы жарыққа шыққан «Жазу тілі» кітабы майя тілі мен қытай тілі арасындағы байланысты зерттесе, «Тарихқа дейінгі түркілер» кітабында славян және түркі тілдерінің өзара байланысы қарастырылған.

Олжас Омарұлының басшылығымен құрылған «Олжас кітапханасы» баспа үйінің жұмыс істеп келе жатқанына бір жыл болды. Баспа қоғамымыздың гуманистік идеяларын дамыту мен білім және мәдениет деңгейлерін арттыруды көздейді. Әлем әдебиеті классиктері мен қазақтың ұлы ақын жазушылары: Абайдың, Шәкәрімнің, М. Әуезовтің, М. Жұмабаевтың, І. Жансүгіровтің, М. Мақатаевтың, Б. Майлиннің, С. Сейфуллиннің, Қ. Аманжоловтың, Ғ. Мүсіреповтің шығармалары жас ұрпаққа қол жетімді болып, оларға ұлттық әдебиетпен қатар әлемдік әдеби мұраны да зерделеуге мүмкіндік жасайды. Аталмыш баспа үйінің қызметі әлем әдебиетінің, соның ішінде, қазақ әдебиетінің ең озық шығармаларын қазақ және орыс тілінде шығаруға бағытталған. «Олжас кітапханасы» баспа үйі 2012 жылдың басынан 30 атаудан тұратын кітаптар сериясын шығарды, ол аса көрнекті қазақ жазушыларының ең танымал туындыларын қамтиды. Осы еңбектер ақын мерейтойына орай ұйымдастырылған кездесуде оқырманға ұсынылды. Олжас Сүлейменовтің қатысуымен «Олжас кітапханасы» баспа үйі шығарған «Қазақ әдебиетінің классиктері, қазақ прозасының және поэзиясының шеберлері» атты кітап сериясы да оқырманға жол тартты.

Әсел ӘНУАРБЕК,

ҚазҰУ-нiң студентi

Серіктес жаңалықтары