РЕСЕЙ ҰШАҚТАРЫ АПАТҚА ЖИІ ҰШЫРАЙДЫ.

РЕСЕЙ ҰШАҚТАРЫ АПАТҚА ЖИІ ҰШЫРАЙДЫ.

РЕСЕЙ ҰШАҚТАРЫ АПАТҚА ЖИІ ҰШЫРАЙДЫ.
ашық дереккөзі
149

Мамыр айының басында Индонезияда Ресейдiң «Sukhoi SuperJet-100» әуе көлiгi жойқын апатқа ұшырағаны белгiлi. Таяуда ғана сынақтан өткен жап-жаңа ұшақтың бортында экипаж мүшелерiн қосқанда, барлығы 45 адам болған. Оның iшiнде 8 ресейлiк, бiр америкалық және бiр француз азаматы бар. Қалғандарының барлығы Индонезияның белдi кәсiпкерлерi екен. Бiр өкiнiштiсi, ұшақтағылардың бәрi опат болды.

«Sukhoi SuperJet-100» әуе кемесі апатқа ұшыраған жерден әуелгіде 14 адамның мәйіті анықталған. Араға бір апта уақыт салып қаза болған адамдардың бәрінің аты-жөндері мәлім болды. Ал Индонезия мен Ресейдің төтенше жағдай мамандарының іздестіру шаралары нәтижесінде ұшақтың қара жәшігі табылды. Құтқарушылар экипаж мүшелерінің сөзін магниттік таспаға жазатын құрылғыны Салак тауындағы тереңдігі 500 метр сайдан алып шыққан. Енді мамандар сапар мәліметтерін тіркеу жүйесі бар жәшікті іздестіру үстінде. Апат орын алған жерге Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары жұмылдырылып, іздеу-құтқару операциясына ресейлік қазынадан шамамен 300 млн. рубль бөлінді.

Мамандар тергеу комиссиясына тапсырылған «қара жәшіктен» қандай да бір ақпарат алып, ұшақтың апатқа ұшырау себебін анықтауға кірісіп кетті. Қазірдің өзінде түрлі болжам бар. Жергілікті ұлттық агенттіктің мәлімдеуінше, апат алдында әуе кемесі қалың бұлттарды айналып өту үшін төмендеп барып, Салак тауының бөктеріне соғылған. Ал ұшақты жасап шығарған ресейлік компания апатқа техникалық ақаулардың себеп болуы мүмкін емес дегенді айтады. «Sukhoi SuperJet-100» сынақтан өтіп жүрген ұшақ. Әлі қолданысқа да, сатылымға да шығарылмаған. Біз бұл рейске мұқият дайындалдық. Ешқандай қателіктер болмаған еді. Сондықтан апат техникалық ақаудың салдарынан болуы мүмкін емес», – дейді «Sukhoi» компаниясының өкілдері.

Ресей президенті Владимир Путиннің өзі алғашқы әуе көлігінің ұшу қарымын көруге арнайы қатысып, оң бағасын берген. Қалай десек те, сынақта жүрген ұшақ өзінің өміршеңдігін көрсете алмады. Тіпті, кейбір деректерге сүйенсек, «Sukhoi SuperJet-100» әуе кемесі Азияның алты мемлекетінде демонстрациялық тур өткізу аясында Жакарта қаласына қонған. Бұған дейін Мьянма мен Пәкістанда, сондай-ақ бұл ұшақты Астана қаласындағы көрмеге қатыстырған Ресейдің әскери сала жетекшілері мен үкімет мүшелері жұрттың ілтипатына бөленген болатын. Ал компания Индонезиядағы сынақтан кейінгі әуе сапарын Лаос пен Вьетнам мемлекеттеріне жасауға дайындалған екен.

Тағы бір дерек көздері Индонезияда апатқа ұшыраған «Sukhoi SuperJet-100» әуе кемесінің резервтегі ұшақ екенін айтады. Мамандар Орта Азия елдеріне көрсетуге шыққан сапарда қозғалтқыштың дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты негізгі бортын ауыстырған екен. Бәлкім, ұшақ техникалық ақаулардың салдарынан апатқа ұшырады ма, әлде ауа райының қолайсыздығынан ба, қалай десек те бұл қайғылы оқиға Ресейдің әуе саласындағы беделіне айтарлықтай нұқсан келтірді. Тіпті, мұны сатып алуға дайын тұрған Индонезия үкіметі сатып алу туралы келісім-шарттарды тоқтатуды сұранған.

Ресей ұшағының апатқа ұшырап отырғаны бір бұл емес. Дмитрий Медведев билікте отырған тұста ұшақтар құлап, талай адам көз жұмған болатын. Былтыр «ЯК-42» ұшағындағы «Локомотив» хоккей командасы ойыншыларының қазаға ұшырауы қабырғаны қайыстырған. Ал осыдан екі жыл бұрын «Катэкавиа» авиакомпаниясының Ан-24 ұшағы Краснояр өлкесінің Игарка әуежайына қонуға бағыт алған кезде өртке оранып, 12 адам көз жұмған. Әуе кемесінің апатқа ұшырау оқиғаларының ішінде, әлем жұртының жанына жара салған Ресейдің Смоленск қаласының түбіндегі «ТУ-154» ұшағының «Солтүстік» деп аталатын әскери әуежайға қона бергенде тас-талқан болуы еді. Ұшақтағы 96 адам, соның ішінде Польша президенті Лех Качиньский мен оның зайыбы да қаза тапты.

«ТУ-154» ұшағы 1968 жылдан бастап ұша бастаған. Осы жойқын апаттан кейін Ресей бұл ұшақты шығаруды тоқтатқан. Өйткені «ТУ-154» ұшағы шыққан 40 жылдан бері кешеге дейін 66 рет апатқа ұшыраған екен. Ең үлкен апат 1985 жылы 10 шілде күні Үшқұдық қаласының маңында болған. Онда бортта болған 200 адам түгелімен қаза тапқан.

Ол ол ма, 2010 жылдың көктемінде Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы «Ми-8» тікұшағы апатының нәтижесінде сегіз адам мерт болды. Мамандардың айтуынша, бұл әуе көлігі осыдан бір жыл бұрын ғана Ресейде күрделі жөндеуден өткен және тағы бес жыл сапалы қызмет жасауы тиіс болған. Алайда тікұшақ кепілдендірілген жылдарының жартысын да өтеместен апатқа ұшырады.

Бұл біздің есімізде қалғандары ғана. Қазір жұрттың құлағы Ресейдің ұшағы мен тікұшағы апатқа ұшырады дегенге үйреніп бара жатқандай. Индонезияда болған қайғылы оқиға да әлем халқын дүр сілкіндіріп тастады. Тіпті Ресейдің ұшақтарына отыру да қорқынышқа айналған сияқты. Ал Орта Азия елдерінде сынақтан өтуге бағыт алған «Sukhoi SuperJet-100» әуе кемесі бұдан кейін қолданысқа беріле ме, жоқ па, бұл жағы әлі белгісіз.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары