БIЗДIҢ БАЙЛАР — КIМДЕР?

БIЗДIҢ БАЙЛАР — КIМДЕР?

БIЗДIҢ БАЙЛАР — КIМДЕР?
ашық дереккөзі

Кез келген мемлекеттiң қаржылық әлеуетi мен әлеуметтiк ахуалы халықтың тұрмыс деңгейiнен көрiнедi. Қоғамда қалталылар қатары неғұрлым көбейген сайын елдiң жағдайы соғұрлым жақсара түсетiнi анық. Ал бiздегi байлар кiмдер? Олардың жиған-тергендерi қанша? Бiреудiң қалтасына сұқтанған – жаман әдет, әрине. Бiрақ Forbes Kazakhstan журналы ұсынған миллиардерлер мен миллионерлер тiзiмiне қызықпайтындар кем де кем.

Елімізде жарық көре бастағалы аз ғана уақыт өткен Forbes Kazakhstan журналы еліміздегі байлардың тізімін жасады. Жиырма жылдық тәуелсіздік тарихында қол жеткізген табысымыз бен жетістігіміздің көрінісі ретінде тізбектелген қалталылар қатарында есімдері елге таныс және бейтаныс тұлғалар бар. Алғашқы ондықты Kazakhmys PLC Директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Ким бастап тұр. Былтыр төрағалық міндетіне ай сайын 1,768 млн. фунт стерлинг (шамамен $2,9 млн.) көлемінде жалақы алған Ким мырзаның байлығы 3,5 млрд. долларға бағаланыпты. Бір қызығы, биылғы айлығы 1,062 млн. фунтқа сай болған Владимир Ким өткен аптада қызметінен өз еркімен кететіндігін мәлімдеді. Forbes Kazakhstan журналының хабарлауынша, тау-кен және металлургиялық компанияның экс-басшысы бір айлықпен күнелткен жоқ. «Қазақмыс» тобының бас кәсіпорны – Kazakhmys PLC компаниясының 25,7 пайыздық акциясын Cuprum Holding Limited арқылы басқарған Кимнің акциялық үлесі 2010 жылы 40 пайыз екен. Бірақ сол жылдың аяғында 11 пайыз акцияны «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына 681 млн. долларға сатып жіберіпті.

Тізімдегі екінші орын Eurasian National Resources Corporation (ENRC) қожайындарының бірі Алиджон Ибрагимовке бұйырыпты. Оның байлығы 2,9 млрд. долларға тең.

Үшінші орында – Рашид Сәрсенов. Бір кездері «Central Asia Petroleum» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Маңғыстау мұнайгаз» АҚ бақылау кеңесінің төрағасы міндетін атқарған Сәрсеновтің «қалтасында» $1,8 млрд. бар.

Алғашқы үштіктен кейін тізімде $1,6 млрд. қаржысы бар Болат Өтемұратов тұр. Ол Метрокомбанк, «NOVA Лизинг» АҚ мен «Верный капитал» ЖК-нің мажоритарлық акционері.

Байлар тізімінде бесінші тұрған Динара Құлыбаева «АЛМЭКС» Холдингтік тобы» АҚ директорлар кеңесінің төрайымы лауазымындағы ол «АЛМЭКС»-тің жартысын және жолдасы Тимур Құлыбаев қожайындық ететін басқа да активтерді басқарады. Жиған қаржысы – $1,258 млрд.

Алтыншы орында – Тимур Құлыбаев. «Kazenergy» мұ­най-газ кешені» кәсіпорындары ассо­циация­сының төрағасы, «Атамекен» президиумының төрағасы, ресейлік алпауыт компания – «Газпромның» директорлар кеңесінің мүшесі, жұбайы Динара Құлыбаевамен бірге «АЛМЭКС» холдингтік тобын» басқарады. Аталған топқа «Қазақстанның Халықтық жинақтаушы банкі» АҚ (57,78%), сондай-ақ былтыр ресейліктер мен поляктарға сатылған «Химфарм» АҚ мен «Кедентранссервис» АҚ секілді басқа да ірі кәсіпорындардан құралған «АЛМЭКС плюс» фирмасы» ЖШС (51%), «SAT&CO» (7,09%) кіреді. Ал «АЛМЭКС» құрамындағы кәсіпорындар мұнымен де шектелмейді: онда «Юж­ный Холдинг» ЖШС, «Атырау­мұнай­өнімдері», «Континент Инвест Групп», «Мұнай Даму» ЖШС, «BUSINESSSTROYINVEST-A» ЖШС, «Меркурий 1999» ЖШС, «Golf Town», «Mercury Engineering» ЖШС, «Терминал-Петропавловск Меркурий» ЖШС, «Звезда Актау» ЖШС, «ТЭК Казахстан» ЖШС, «КазГипроНефтеТранс» инжинирингтік компаниясы, «Жайық Құрылыс Газ» ЖШС, «Аксайгазсервис», «Казбургаз» сияқты еншілес кәсіпорындарынан түзілген «Кипрос» ЖШС бар. Құлыбаевтар отбасы Ақбақайдағы тау-кен комбинаты мен «Казстройсервиспен» бірге «Алтыналмас» АҚ да бақылау жасайды. 2010 жылы «Казстройсервистің» еншілес кәсіпорындары арқылы Каспийдің солтүстік бөлігіндегі Шынар кен ор­нынан көмірсутегілер өндіретін «Жайықмұнай» кәсіпорнының 27 пайыз­дық акциясын 200 млн. долларға сатып алынған. Тимур Құлыбаев мемлекеттік қызметке ауысқанда бас­шы­лық ететін кәсіпорындар тізгінін әйелі мен жақтастарына бөліп берген көрінеді.

Жетінші орындағы Нұржан Сұбханбердиннің қаржысы 900 млн. долларға жуық. Ол «Казмкоммерцбанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы және негізгі акционері.

Бермуд аралдарында тіркелген Meridian Capital Ltd. компаниясының 41 пайыздық акциясына ие Асқар Алшынбаев сегізінші орында тұр. Былтыр акциясының пайыздық үлесі 48,89 болған оның байлығы 750 млн. доллар көлемінде.

Тоғызыншы орындағы Айгүл Нұ­риева – іргетасы 2005 жылы қаланған Bodam B.V. компаниясының директоры. 2007 жылдан бері «Қазақтелеком» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, 2008 жылдан бастап Қазкоммерцбанктің 28,76 пайыз акциясына ие «Alnair CapitalHolding» АҚ-ның басқарушы директоры әрі жалғыз қатысушысы болып саналатын Айгүл ханымның жиған-тергені 720 млн. АҚШ долларына тең.

Байлар тізімінің алғашқы ондығын 700 млн. доллары бар Евгений Фельд аяқтайды. Meridian CapitalPartners компаниясының басқарушы директоры міндетін атқаратын ол Санкт-Петербург билігінің кеңесшісі.

Одан ары қарай: Олег Новачук. Kazakhmys PLC кәсіпорнының бас басқарушы директоры және 5,6 пайыздық акцияның иесі – $68 млн. Он екінші орында: Софья Сәр­сено­ва – Қазақ Спорт және туризм ака­демиясының профессоры, «Нұр­банк» АҚ-ның 69,29 пайыз акциясына ие ($660 млн.). ҚР Парламенті Мәжі­лісінің депутаты Дариға Назарбаева тізімде он үшінші орында тұр. «АЛМА-ТВ» компаниясының басқарушы тарабы саналатын Дариға Нұрсұлтанқызы «Еуропа плюс Қазақстан» АҚ, НТК телеарнасы, «АлматыИнвестХолдинг» АҚ, «Алматыстройснаб» ЖШС-н басқарады. Кезінде «Центркредит банкі» АҚ-ның негізгі акционерлерінің қатарында болған (қазіргі үлесі – 30,85 пайыз), директорлар кеңесінің төрағасы Бақытбек Байсейітовтің қаражаты 537 млн. долларға жуық. Сонымен қатар «АИФ-РИ Orient Investment» (100%), CASPIAN SERVICES (63,30%) мен «Капитал» зейнетақы жинақтаушы қорына (7%) басшылық етеді. Он бесінші қатардағы «Иволга-холдинг» ЖШС бас директоры әрі қожайыны Василий Розиновте 522 млн. доллар бар екен. Ол сонымен қатар «Қаз­Агро» кәсіпорнының тәуелсіз директоры. Кезінде «Коммерцбанк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болған, Нефтебанктің құрылтайшысы мен «Сүмбе» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы мен «Қазфосфат» АҚ басқарма төрағасы болған Нұрлан Бизақовтың байлығы 440 млн. долларға тең. «ҚазЭкспортАстық» Холдингі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы әрі акциялардың бақылау пакетіне ие Руслан Молдабеков – он жетінші орында. Оның қаржысы 301 млн. доллардың көлемінде. Одан кейін тұрған Тимур мен Әлфия Қуанышовалар мұнай және газ, өндіріс, құрылыс, ретэйл, ауыл шаруашылығы мен тұтынушылық тауарлар өндірісіне қаражат құятын «БАТТ» инвестициялық компаниясының арқасында 300 млн. доллар жинапты. Айта кетерлігі, Тимур Қуанышов – Кеңес үкіметі кезінде ҚазКСР-дің қант өнімдері министрі болған Оразбек Қуанышовтың ұлы. Ал Асаубаевтар отбасының ақшасы 280 млн. долларға жуық. Отағасы Қанат жұбайы Марусямен және ұлдары Бауыржан, Айдар, Санжармен бірге басқаратын «Altyn Group Kazakhstan» ЖШС арқылы байлықтарын еселеу үстінде көрінеді. Алматыдағы «Сайхан», «Гегион», «Орион» бизнес орталықтары, «Пассаж» сауда орталығы, «Навои» тұрғынүй кешені, Австриядағы «Курхаус» қонақүйі бар «Позитив» инвестициялық тобының иесі Нұржан Бекшенов 20-орында. Сондай-ақ, топ құрамында «Жалғызтөбемұнай» ЖШС-ға тиесілі акцияның 50 пайызына ие «Позитив Ойл», «Спектр Финанс» пен «Позитив Капитал» компаниялары бар Бекшеновтің байлығы – 256 млн. доллар. «Astana Group» тобының негізін салушы әрі қожайыны Нұрлан Смағұловтың қаржысы 240 млн. доллар, 21-орында. Еліміздегі «SAT&Company» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы және 50,2 пайыз акцияның иесі Кеңес Рақышевтің қаржылық қауқары 225 млн. долларға тең. Ал жиырма үшінші орындағы Дінмұхаммед Ыдырысовтың иелігінде «Ордабасы» кәсіпорны акцияларының бақылау пакеті бар. Жинаған қаржысы 220 млн. доллар болатын ол «Қазақстанның коммуналдық жүйесі» АҚ мен «Amanat Insurance сақтандыру компаниясы» АҚ-ның ірі акционері. Тізімде 24-ші тұрған «kaspi bank» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким банктің 67,15 пайыздық акциясына ие және қаржысы 215 млн. доллардың көлемінде. 23 жасында Қазақстанның Даму банкінің вице-президенттігіне тағайындалған Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің тұңғыштары Нұрәли Әлиев те отандық қалталылар қатарында. Байлығы 200 млн. долларға бағаланған ол «СAPITAL HOLDING» АҚ, Зерттеу Ш полиметалдық кен орны, «Радио Сити» ЖШС (Hit FM), «Донателло» қонақүйі мен анасы басқаратын «АЛМА-ТВ» АҚ-ның 20 пайыз, «НТК» АҚ-ның 20 пайыз, «Телекрона» компаниясының 50 пайыз акциясына иелік етеді. Нұрәли Әлиевпен байлығы теңдесетін ($200 млн.) Айдын Рақымбаев – Build Investment Group (BI Group) тобының басшысы.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ