АҒАЙЫН ТАТУ БОЛСА, АТ КӨП...

АҒАЙЫН ТАТУ БОЛСА, АТ КӨП...

АҒАЙЫН ТАТУ БОЛСА, АТ КӨП...
ашық дереккөзі
247

Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың 10-11 мамырда Астанаға ресми сапармен барған Қырғыз Республикасының Президентi Алмазбек Атамбаевқа көрсеткен ерекше жылы iлтипаты қырғыз бауырластарды «ой, пәлi» дегiзiп, бiр серпiлтiп тастады. Өйткенi қазiргi мезгiлде жаттан жақын iздеп жатқан қырғыз халқы ағайынның демеуiне зәру.

Мемлекет басшыларының екеуара және кең аяда болған сөйлесулерінен кейін бірқатар мәселелердің оң шешілгені белгілі болды.

Атап айтсақ, ресми сапардың нәтижесі бойынша Қазақстан және Қырғызстан үкіметтерінің ортасында Қазақстан аза­маттарының қырғыз жерінде, қырғыз азаматтарының Қазақстан жерінде жүріп-тұру тәртібі бойынша келісімге қол қо­йылды. Бұған сәйкес, осы екі елдің аза­маттары барған жерлерінде алғашқы тіркеуден өткеннен кейін 90 күн бойы еш кедергісіз жүре алады. Бұл келісім Қазақстанға келіп сауда-саттық жасаған, уақытша жұмыс істеген мыңдаған адамдарды қуантып отыр. Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігінің сыртқы көші-қон департаментінің жауапты қызметкері Майрамбек Бейшеновтың берген мәліметіне қарағанда, бүгінгі таңда Қазақстанда 80 мыңдай қырғыз азаматы бар.

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында үш өткеру бекетін қайта ашу жөнінде келісім жасалған болатын. Соның бірі – Қырғызстанның Шу облысының Қант қаласынан Қазақстанның Қордай ауданына қарай өтетін қосымша Ақтілек автожолы осы аптада ашылды. Ыстықкөл облысының Түп ауданындағы Қазақстанның Кеген ауданына қарай өтетін Қарқара автожолын ашуға әзірлік жасалуда. Қазақстанның Жамбыл облысы мен Қырғызстанның Талас облысының шекарасындағы Кішіқақпа автожолын Қазақстан тарабы Кеден одағындағы әріптестерімен (Ресей, Беларусь) келіскеннен кейін ашуға рұқсат бермекші.

Бұл бекеттер ашылса, Қазақстан мен Қырғызстанның ортасындағы 11 жолдың тоғызы пайдаланылатын болады.

Жоғарғы дәрежедегі кездесуде мұнай, су-энергетика, көлік-коммуникация, кен қазу және өңдеу, ауыл шаруашылық және туризм салаларында тізе қосып әрекет етуді одан әрі жандандыру жолдары қаралған. Қазақстан Қырғызстан аумағындағы «Датқа-Кемін» электр желісін құруға қатысатын болды. Таратып айтсақ, электр желісі Қырғызстанның Шу облысынан Алматыға дейін тартылмақшы.

Қырғыз президентінің Астана сапары алғашқы жемісін беруде. Осы аптаның ішінде қазақстандық «Самұрық-Қазына» қорының демеуімен Бішкекте жарғылық қоры 100 миллион долларлық «Қазақстан-Қырғызстан инвестициялық даму қоры» ашылғалы отыр. Қор энергетика, телекоммуникация, көлік инфрақұрылымы, қайта өңдеу өнеркәсібі және туризм салаларындағы бизнес-жобаларды қаржыландыратын болады.

Биылғы тамыз айында Бішкекте Қа­зақстан менен Қырғызстанның Жоғарғы мемлекетаралық кеңесінің үшінші жиыны өтеді. Онда екі елдің алдағы он жылды қамтитын стратегиялық ынтымақтастығы талқыланады. Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жиынға қатысатыны қазақ-қырғыз қарым-қатынасын тағы бір биікке көтерері шүбәсіз.

Екі елбасының кездесуінде экономикадан тысқары, мәдени-рухани мәселелер де әңгіме болды. Тамыз айында Қырғызстанда Қазақстан мәдениетінің бір айлығын өт­кізу, Қазақстанның басты қалаларының біріндегі көшеге заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың есімін беру, Қырғызстанның көрнекті жерінде Абайдың ескерткішін орнату, көшелердің бірін Шоқан Уәлихановтың есімімен атау мәселелері көтерілді.

Негізі, Қырғызстанда Қазақстанның мәдениеті мен тарихына қатысты атау­лар тым аз. Мысалы Бішкекте Абай және Мұхтар Әуезов аттарында шағын көшелер, орталықтағы «Емен» бағында Мұхтар Әуезовтің ескерткіші бар. Өткен ғасырдың елуінші жылдары Ыстықкөлдегі Шолпаната қаласындағы Мұхтар Әуезовтің саяжайдағы үйі оның атындағы мұражайға айналдырылған және былтыр оған баратын кішкентай көшеге ұлы жазушының аты берілді. Бішкектегі «Жас Гвардия» гүлзарында кеңес дәуірінде тұрғызылған Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновтің ескерткіші тұр. Сондай-ақ, қоғамдық қайраткер, кәсіпкер Ташқұл Керексізов өзінің Ыстықкөлдің жағалауындағы «Рух орда» атты мәдени кешеніндегі президенттер аллеясында Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін орнатқан болатын.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ,

«Түркiстанның» Қырғызстандағы

тiлшiсi

Серіктес жаңалықтары