БІРЛІКТІ НАСИХАТТАЙТЫН ТЕЛЕЖОБА

БІРЛІКТІ НАСИХАТТАЙТЫН ТЕЛЕЖОБА

БІРЛІКТІ НАСИХАТТАЙТЫН ТЕЛЕЖОБА
ашық дереккөзі
241

Елiмiз бүгiнде татулық пен бiрлiктi мұрат етедi. Бұл саясат билiкте ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарында да аса маңызға ие. Тiптi соңғы кезде телеарналарда да қазақ халқының өзге ұлт өкiлдерiмен достығының берiктiгi жөнiндегi бағдарламалар көптеп көрсетiлуде. Соның бiрi – «Хабар» телеарнасындағы «Бiрлiгiмiз жарасқан» тележобасы.

Бір шаңырақтың астында ың-шыңсыз өмір сүріп жатқан халықтың ауызбірлігі қашанда қымбат. Бұл – біздің ұстанатын бас­ты бағыт-бағдарымыз. Осы үдеден шығып үлгерген «Бірлігіміз жарасқан» тележобасы бүгінде тұрақты көрерменінің көзайымына айналды. Аты айтып тұрғандай, мұндағы кейіпкерлер әр түрлі ұлт өкілдерінен құралса да, өте тату-тәтті өмір кешеді. Бір аула тұрғындарының кәдуілгі қарапайым тіршілігі. Әртүрлі мамандық иесінің өмірге деген көзқарасы, қазақ тіліне деген құрметі осы бағдарламадан көрініс тапқан.

«Бірлігіміз жарасқан» тележобасының продюсері Мөлдір Әзімханқызының айтуынша, бағдарламаның көрерменге жол тартқанына бір ай ғана болған. «Соған қарамастан қысқа ғана уақыт ішінде қарапайым халықтың сүйікті бағдарламасына айналды. Бағдарламаның негізгі мақсаты – еліміздегі ұлтаралық татулық пен бірлікті көрсету, ұлт пен ұлыс арасындағы ынтымақты насихаттау. Біздің жобада ауладағы тұрғындардың қызықтары, түрлі шытырман оқиғалары көрсетіледі. Яғни түрлі ұлт өкілдерінен құралған ауланың ауызбіршілігі мен бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқандығы. Отбасы мүшелерінің демалыс күні жайғасып көретін қызықты бағдарламасы көтеріңкі көңіл-күй, әсем әннен шашу шашады», – дейді.

Расында да, бағдарлама күнделікті өмірде кездесетін оқиғалар желісімен өрілген. Бір көшенің тұрғындары қиын-қыстау уақытта бір-біріне қолұшын беріп, көмектеседі. Барлық оқиға заманауи әрі шынайы. Сондай-ақ хабарға қатысушылардың қызықты әңгімелері мен шытырман оқиғаларының арасында қазақ, орыс және өзге тілдердегі әндер мен түрлі ұлттардың биі бағдарламаға сән беріп отырады. Ауызбірлік пен түсіністік, татулық пен достық бар жерде қашанда тек нәтижелі істердің болатыны белгілі. Сол себепті әр оқиғаның астарында бірлік пен берекенің бастауы көрініс табады. Бұл аула – көпұлтты мемлекетімізді мекендейтін халықтар достығының, бірлігінің және бейбітшіліктің ордасы. Бір айта кетерлігі сол, бұл бағдарламадағы кейіпкерлер арманын мемлекеттік тіл – қазақ тілі тоғыстырады. Олардың бәрі қазақтың тілін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін үйренуге ерекше құлшыныс білдіреді. Қазақ тілінде тәп-тәуір сөйлеп жүрген Америкадан келген Каролина Элион «Бірлігіміз жарасқан» тележобасы арқылы көп нәрсені үйренгендігін айтса, бағдарламада спортшы жігіттің рөлін сомдайтын орыс ұлтының өкілі Юрий Копнов: «Бәріміз бір отбасының баласындай тату-тәттіміз. Өзім осы тележоба арқылы мемлекеттік тілді терең меңгере бастадым», – деп жастарға үлгі көрсетті. Біз «Бірлігіміз жарасқан» тележобасы туралы осы бағдарламада рөлдерін шынайы ойнайтын әртістеріміздің пікірін білгенді жөн көрдік.

Нүкетай Мышпаева, Халық әртісі:

– Бағдарламада аулаға шығып, жан-жағына қарап отыратын қаланың кемпірінің рөлін ойнаймын. Сол кемпірдің үйіне жазушылар, әншілер, шетелден түрлі қонақтар келіп амандасып кетеді. Сондықтан да бұл кемпір бекер адам емес. Бәрінен хабары бар қаланың апасы. «Бірлігіміз жарасқан» деп аты айтып тұрғандай, шетелдің адамдары еліміздің қонақжайлылығына, бауыр­малдығына таңғалыс білдіреді. Қазақ ешкімді кеудесінен итермеген халық. Бір жапырақ нанын бөліп беруден тайынбайды. Мұнда қазақ та, орыс та, өзге де бар. Әр ұлт өкілімен сұхбаттасып, әңгімелесіп тұрамыз. Біздің үйде Каролина деген қара нәсілді қыз тұрады. Ол қазақ тілін үйреніп қана қоймай, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын да үйренгісі келеді. Тіпті домбыра үйретіп те жатырмыз. Бағдарлама музыкамен өрнектелген. Танымал әншілер мен күйшілер шағын ауланың тұрақты қонағы.

Меніңше, елімізге келіп жатқан шетел­діктер арасында дәл осы ұл-қыздар сияқты қазақы балалармен ойнап, қазақтың тілін қанына сіңіргендер баршылық. Осындай кезде өзі қазақ бола тұрып, қазақша сөйлеуді ар санайтындарға қарның ашады. Міне, бұл бағдарлама сондайларға ой салады деп сенемін. Тележобаның көрермен көңілінен шығуына сценарий авторы Жәмит Көшербаев және бас режиссер Мұрат Бидосов, т.б. жастар атсалысып жатқанын айтқым келеді.

Жанатбек Бәйтеков:

– Қазір жеті атасын білмек түгілі, оған нәлет айтатын, қазақ боп туылғаны үшін өкінетіндер бар. Бағдарлама соларға сабақ болсын дейміз. Бұл бағдарламада Оля, Каролина, Юрий сынды басқа ұлт өкілдері бар. Қазақ тілін қалай таза сөйлейтінін көрсеңіз ғой! Өзіңіз ойлаңызшы, бұдан кейін оларды қалай жақсы көріп, қалай құрметтемейсің! Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарға берері көп. Мұнда туған жерге, туған тілге деген құрмет бар. Елбасымыз да елімізде алдымен татулық, бірлік болу керек деп жатыр. Соны көрсете білу керек. Сондықтан да бізге қазір мұндай бағдарлама керек. Бізде идеология жоқ деп жүрміз. Соның бір тармағын осындай бағдарлама көтереді. Бір ауладағы тұрғындар, басқа ұлт өкілдері өз тілінде емес, қазақ тілінде сөйлейді.

Оля Спирина:

– «Бірлігіміз жарасқан» – өте керемет бағдарлама. Жалпы, Қазақстанда татулықты, бірлікті жақсы насихаттайды. Бұл бізге берілген артықшылық. Бағдарлама халықтың достығын, бірлігін насихаттайды. Әрине, қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерін көргенде кім қызықпасын?! Тіпті қазақ тілінде сөйлей алмайтын қазақ жастарының, басқа да ұлт өкілдерінің ынтасын оятады, үлгі-өнеге болады. Әрі қазақ тілінде сөйлеу – өмірдің жаңа баспалдақтарына жол ашады. Қазақ тілін білуім – үлкен жетістік. Кез келген салада сенің қазақ тілін білуің үлкен артықшылық. Қазір көбінесе қазақ тілін білетін жастарды алады. Қазақ тілін білу – қажеттілік. Бірте-бірте іс-қағаздары да қазақ тіліне ауысып жатыр. Өзім қазақ мектебінде оқыдым. Жалпы, қазақ тілін 2 жастан бастап үйрендім. Ата-анам мені қазақтілді балабақшаға берді. Қазақи ортада өсіп, тәрбиелендім. Сол үшін де ата-анама алғысым шексіз.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары