ШАҒЫН НЕСИЕ ЖӘНЕ ШАТҚАЯҚТАҒАН АУЫЛДАР
ШАҒЫН НЕСИЕ ЖӘНЕ ШАТҚАЯҚТАҒАН АУЫЛДАР
Ауылдық жерлердің дамуы әлі де баяу
Елбасының 2011 жылғы Халыққа Жолдауында шағын несиелер арқылы тұралап қалған ауылшаруашылығын дамыту туралы Үкiметке тапсырма бергенi мәлiм. 2011 жылы шағын несиелеуге қосымша үш миллиард теңге бөлу (20,5 миллион доллар), ал 2015 жылға дейiн бұл қаржыны – 10-15 миллиардқа (68,5 – 102 миллион долларға дейiн) теңгеге жеткiзу көзделген. Ауылшаруашылығындағы кәсiпкерлер 9 пайыз өсiммен төрт жылға дейiн шағын несиеге қол жеткiзе алады. Бiр жылға дейiн жеңiлдiк берiледi, ал оны төлеу кестесi әркiмде әрқалай. Президент Назарбаев ауыл кәсiпкерлерiне берiлетiн несие тек өзiнiң жеке кәсiбiн құру үшiн бөлiну қажеттiгiн мәлiмдеген.
Дегенмен бұл бағдарламаның тұралап қалған ауылдар мен иен қалған елді мекендерді сергітуге қаншалықты себі тиетінін айту қиын. Мамандар ішкі көші-қонды реттеудің ең басты тетігі ретінде әуелі ауылдардың инфрақұрылымдарын қайтадан қолға алып, 20 жыл бойы жөндеу көрмеген су құбырларын, авто жолдарды жөндеп, ауыл мен қалада өмір сүрудің айырмашылығын азайтуды ұсынады. Өйткені ауылдан қалаға ағылатындардың 90 пайызы жастар. Ауылда еңбекке жарамдылардың азайып кетуі, қалада тіркеуі жоқтардың жұмыс іздеп сабылуы – еңбек рыногындағы тепе-теңдікті бұзады. Сондықтан да ауылдағы тірлікті жастар үшін қызықты етудің амалын ойластыру керек. Ірі кәсіпорындарды ірі қалаларда емес, шағын елді мекендер мен ауылдарда ашып, жұмыс күшін ауылға шоғырландыруды мақсат еткенде ғана тығырықтан шығуға жол табылады дейді сарапшылар.
Әрине, Үкімет бұған дейін ауылшаруашылығын дамыту мақсатында бірнеше бағдарлама дайындағаны және сол салаға әжептәуір қаржы бөлінгені мәлім. Мәселен ҚР ауылды жерлерін дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің 2009-2010 жылдарға арналған стратегиялық жоспары, ҚР агроөнеркәсіптік кешенін тұрақты дамытудың 2009-2011 жылдарға арналған іс шаралары кешені, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы, т.т. Алайда осы қыруар қаржы діттеген мақсатқа жетпеді. Құмға сіңген судай құрдымға кеткен қаржының сұрауы да болмады. Екіншіден, аталған бағдарламалар арасында өзара байланыс үзілген. Бұл ауылшаруашылығындағы қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгертуге қауқарсыз.
Есенгүл Кәпқызы