«ҚАЗАҚМЫС» ЕҢБЕКАҚЫНЫ КӨТЕРУГЕ КЕЛІСІП ОТЫР
«ҚАЗАҚМЫС» ЕҢБЕКАҚЫНЫ КӨТЕРУГЕ КЕЛІСІП ОТЫР
4 мамырдан берi ереуiлдеп жатқан «Қазақмыс» корпорациясының «Анненский» кенiшiнiң жұмысшылары мен «Қазақмыс» корпорациясы басшылары арасындағы келiссөз 7 мамырда аяқталды. Корпорация басшылары кеншiлердiң еңбекақысын көтеруге уәде бердi.
«Қазақмыс» корпорациясының «Анненский» кенішіндегі ереуіл 4 мамыр күні кешке басталған. Жерасты шахтасында жұмыс істейтін 700 адам жер үстіне шығудан бас тартқан. Биыл наурыз айынан бастап «Қазақмыс» корпорациясы жұмысшыларын аттестациядан өткізе бастаған болатын. Осыған орай корпорация басшылығы жұмысшылардың жалақысын біліктілігіне сәйкес көтеретіндігін мәлімдеген. Алайда ірі кен орнының жұмысшылары аттестациялаумен келіспейтіндіктерін және айлық жалақыларының үш жыл бойына өспегендігін айтып, бұған наразы екендіктерін білдірген еді. Кеншілер ереуілі қарсаңында Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Эдуард Огай күні бүгінге дейін 32 мың жұмысшының аттестациядан өткенін мәлімдеген болатын.
– Одан сәтті өткен жұмысшыларға еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі бойынша жалақы төленеді. Бірақ оның өзі белгілі бір мамандыққа, разрядқа қарай анықталады. Соның өзінде ең төменгі жалақының өсімі сегіз пайызды құрамақ, – деген ол.
Белгілі болғанындай, «Қазақмысқа» қарайтын Жезқазған ТЭЦ-і жұмысшыларының жалақысы 30 пайызға өскен. Алайда олар жалақыларының кем дегенде 60 пайызға өскенін қалайды екен. Эдуард Огай аттестация аяқталғаннан кейін жалақы орта есеппен 20 пайызға, жекелеген мамандықтарда 30 пайызға артатынын, 72 мың жұмысшысы бар ірі корпорация биылғы жалақы қорының айлық көлемін 4,5 миллиард теңгеден 6 миллиардтан астам теңгеге көтеруді жоспарлап отырғанын айтқан. Алайда бұл тұрғыдан да бірқатар түйткілдер орын алған сияқты. «Уәде етілген жалақы жалған боп шықты. Жұмысшыларға формальды түрде 150 мың теңге жазылады. Алайда одан түсініксіз коэфициенттер алынып тасталады да, есеп шотқа 70-80 мың, тіпті одан да аз ақша аударылады. Немесе есептелгеннің 40 пайызы тұрақты жалақы, 60 пайызы жоспарды орындаған жағдайда ғана төленеді. Алайда жоспарды орындау мүмкін емес» делінген таратылған мәліметтерде.
Алайда кеше кешке таратылған ресми мәліметтерге қарағанда, «Қазақмыс» корпорациясы мыңнан асқан ереуілдеушілерге жазбаша түрде уәде беріп, олардың жалақысын 100 пайызға көтеруге келіскен екен. Ереуілшілермен кездескен Э. Огай бұдан былай жалақыны төлеу жүйесі де, көлемі де барынша өзгеретіндігін айтқан. «Егер жоспар орындалған жағдайда олар 400 мың теңгеге дейін алатын болады» делінген ресми ақпараттарда.
Есенгүл Кәпқызы