ЖАРЫҚТЫҢ ЖӨНI БӨЛЕК

ЖАРЫҚТЫҢ ЖӨНI БӨЛЕК

ЖАРЫҚТЫҢ ЖӨНI БӨЛЕК
ашық дереккөзі
253

Кезiнде жекеменшiкке өтiп кеткен стратегиялық тұрғыда маңызды нысандарды мемлекет меншiгiне қайтару үрдiсi кеңiнен таралуда. Бұл құптарлық iс. Қызылордадағы энергетика саласы нысандарының халық игiлiгiне қайтарылуы – осындай игi шаралардың бiрi.

Кез келген өңірді, әсіресе орталықтардан шалғай жатқан ауылды жерлерді дамытуда су, газ, жарық пен жылу аса маңызды. Кезінде жекеменшік кәсіпкерлікке өтіп кеткен стратегиялық тұрғыда маңызды нысандар бүгінде ел игілігіне қайтарылуда. Солардың бірі – Қызылорда облыстық әкімдігінің бас­тауымен, жекеменшіктің жетегінде кеткен энергетика саласын мемлекеттік меншікке өткізуі. Аз ғана уақыттың ішінде бірқатар жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, былтыр аймақ басшысының бастамасымен рес­публикада алғашқы болып облыстың аудан орталықтарын электрмен жабдықтау жүйесін дамыту жобасы қолға алыныпты. Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуы тиіс бұл жобаның құрылысы 3 жылға созылады. Жалпы құны – 1,4 млрд. теңгенің көлемінде. 2011 жылы аталған жобаға сәйкес, жеті аудан бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізуге 546,3 млн. теңге қаржы бөлінген екен. Осының арқасында облыстағы бірнеше ауданда 34,2 шақырым электр желісі тартылып, 5 тарату пункті және 10 қосалқы станса орнатылған. Жалпы, 2013 жылдың аяғында жоба бойынша 176 шақырым электр желілері толығымен пайдалануға беріледі деп жос­парлануда.

Халықты жарықпен қамтамасыз ету мақсатында 2008 жылы облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың қолдауымен Қызылорда қаласындағы жарық пен жылу өндіретін орталықтың бу қазандықтары мен турбогенераторлары түгел қайта жаңартылды. Бюджеттен 4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген осы қазандықтар қазір толықтай газ жүйесіне қосылып, аталған кәсіпорын жылу мен электр қуатын өндіруде тұтынушыларға жүйелі де қалыпты қызмет көрсетуде. Үстіміздегі жылдың қыс айларында онда 101 мвт электр қуаты мен 141 гигокалория жылу өндірілген көрінеді. Келешекке арнап жаңа инвестициялық жоба дайындап отырған кәсіпорын өнім қуаттылығын екі есеге дейін көтеруді көздейді.

Тұтынушыларды электр қуатымен қамтамасыз етуде стансалардың сапасы мен қазіргі ахуалы өте маңызды екені белгілі. Іргетасы қаланғалы 50-60 жылдан асқан қаладағы жарық тарататын қосалқы стансалар бүгінде әбден тозған. 2010 жылы стансалардың бірқатары қайтадан жаңаланды. Енді осы бастаманы жалғастыру мақсатында былтыр Қызыл­орда қаласы бойынша үш 35/10 кв және Жосалы кентінде 220 кв қосалқы стансаларды қайта жаңғыр­тудың жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен бөлінген 296 млн. теңге қаржыға Шиелі қыстағында 220 кв қосалқы стансасы қайта жаңғыртылып, ол жаңа заманға сай қондырғыларға ауыстырылыпты. Сонымен қатар облыстың энергетика және комму­налдық шаруашылығын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына өзгеріс­тер енгізіліп, Қызылорда қаласы мен облыс аудандарында электр желілерін жаңалау мен бірнеше қосалқы стан­салар салу қолға алынбақшы. Осы жос­пар шеңберінде 2012 жылы жеті аудан орталықтарын электрмен жабдықтау жүйесін дамыту жобасы бойынша 98,9 шақырым электр желісі тар­тылып, 2 тарату пункті мен 9 қосалқы стансалар орнатылмақшы.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары