ШЫҒЫСТЫҢ ӘКІМІН ЕЛБАСЫ ҚАБЫЛДАДЫ

ШЫҒЫСТЫҢ ӘКІМІН ЕЛБАСЫ ҚАБЫЛДАДЫ

ШЫҒЫСТЫҢ ӘКІМІН ЕЛБАСЫ ҚАБЫЛДАДЫ
ашық дереккөзі
222

Өткен аптада Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысының әкiмi Бердiбек Сапарбаевты қабылдады. Облыс басшысы Президентке өңiрдiң 2011 жылғы және биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы әлеуметтiк-экономикалық қорытындылары туралы әңгiме қозғады.

Кездесу барысында облыс әкімі Шығыс Қазақстан облысындағы жалпы өндірістің өнімінің саны артқаны туралы мәліметтерді алға тартты. Атап айтар болсақ, Шығыс Қазақстан облысында былтырғы жылы жалпы өндірістің өнімі бірінші рет 1,7 трлн. теңге болса, биылғы жылы да сол қарқын сақталып отыр. «Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өндірістің өсімі 20 пайыз болды. Ауыл шаруашылығының өсімі 10 пайыз, биыл оны 5 пайызға көбейтіп отырмыз. Екінші сіздің үлкен тапсырмаңыз – ол индустриалды-инновациялық бағдарламаның орындалуы. Облыста 607 млрд. теңгенің 37 жобасы бар. Өткен 2010-2011 жылдары соның 21-і іске қосылды. Соның нәтижесінде өндіріс көлемі 45 млрд-қа артып, 1,5 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Бюджетке 10 млрд. қосымша ақша түсті. Биылғы жылы да қосымша 12 жобаны іске қоссақ па деген ойымыз бар», – деді аймақ басшысы.

Одан өзге, облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Шығыстағы әлеуметтік-эконо­микалық даму мәселелерін де ті­лге тиек етіп, атқарылып жатқан шаралар­ды нақтылай кетті. Шын мәнінде тү­гін тартсаң, майы шығатын бұл өл­кеде Менделеев кестесіндегі химиялық эле­мент­тердің барлығын табуға болады.

Ел­­­ба­­­сы Н.Назарбаев шырайлы Шы­ғыс­қ­а келген бір сапарында Кенді Алтайды еліміздің інжу-маржанына теңеп кет­кен. Шынында да, түгін тартсаң, майы шығатын бұл өлкеде Менделеев кестесіндегі химиялық элементтердің барлығы табылады. Өткен жылы мұнда «Казцинк» ЖШС-де жаңадан екі зауыт пай­да­лануға беріліп, онда мыңға тарта адам жұмысқа қабылданған болатын. Одан бөлек, Өскемен титан-магний комбинатында да титан кеуегін шығаратын жаңа қуат ел игілігіне беріл­ді. Үлбі металлургия зауыты, Шы­ғыс Қазақстан мәшине жасау зауыты, Өске­мен конденсатор зауытында да жаңа қондырғылар іске қосылған еді.

– Индустриалдық мекемелерді іске қо­сып жатырсыңдар. Бюджетке түсетін ақша көбейіп жатыр. Дегенмен мемлекеттен алатын трансферт 74 пайыз. Облыс түгелімен мемлекеттің қаражатында отыр деген сөз. Негізгі көрсеткіш сол орталық бюджеттен алынатын трансфертті жыл сайын азайту керек. Облыс денсаулық сақтау жағынан, әсіресе онкология жағынан өте төмен орында тұр. Көп жұмыс жасалып жатыр барлық жағынан, оның бәрін көріп отырмын, дегенмен өндіріс өнімі жағына көп мән беру керек. Жұмыс орнын көбірек жасау керек. Әлеуметтік жағынан жасалып жатқан жұмыстар да кейінгі кезде аз емес. Өңдейтін өндіріс көбеюі керек. Осы жағына көңіл аудару керек, – деген еді кездесу барысында Елбасы облыс басшысына.

Бердібек Сапарбаев сондай-ақ, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында облыстағы елді мекендерден 47 тірек пункті анықталғанын, оларды дамытуға 2012-2014 жылдары 49,8 млрд., соның ішінде жеке инвестиция есебінен 27 млрд. теңге бағытталатынын жеткізді.

Кездесуде бірқатар атқарылып жатқан шаралар туралы мағлұматтар да айтылды. Одан бөлек, Елбасы тарапынан да аймақ басшысына бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Ең бастысы, аймақ басшысымен өткен қабылдаудың мемлекеттік тілде өткені бізді қуантты. Экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштер туралы нақты ақпараттарды Елбасыға мемлекеттік тілде жеткізуге болатынын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев көрсетіп берді. Әрине, қарапайым жұртшылықтың көбі мұндай ресми қабылдауды телеарналардан көріп, көзі үйренген. Мұндай сәттерде көбіне-көп облыс әкімдері, салалық министрліктердің басшылары Елбасыға атқарған істері жөнінде ресми тілде баяндап отырғанына куә боламыз. Ал Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың қазақшасы аса жетік әрі оралымды екені әркімге де жақсы белгілі. Сонда қалай?!. Ресми тілдің жетегіндегі әлгіндей әкімдер мен министрлер, басқа да лауазымды тұлғалар Елбасының алдында қазақша сөйлеуге тайсақтай ма? Қалай десек те, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың Президентпен осы жолғы кездесуі талайлардың жүрегінде терең із қалдырды. Әрбір әкім Бердібек Сапарбаевтан үлгі алса ғой…

div align=right>Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары