КЕН ИНСТИТУТЫ БАР. ЖАЛАҚЫ ЖОҚ

КЕН ИНСТИТУТЫ БАР. ЖАЛАҚЫ ЖОҚ

КЕН ИНСТИТУТЫ БАР. ЖАЛАҚЫ ЖОҚ
ашық дереккөзі
185

Соңғы кезде елiмiздiң ғылым саласына айтарлықтай көңiл бөлiнiп жатыр деудi жиi ауызға алатын болдық. Бiлiм және ғылым министрлiгi де ғылымға деген нақты бетбұрыс жаңадан қабылданған «Ғылым туралы» Заңда көрiнiс тапқандығын айтып, биылдан бастап ғылымға бөлiнетiн қаржы үш есеге, ал 2020 жылға қарай сегiз есеге өсетiндiгi туралы жағымды хабар таратқан болатын. Алайда бүгiнгi таңда ғалымдар неге зар илеп отыр?

Білім және ғылым министрлігіне қарасты ғы­лыми-зерттеу институттарының мамандары­ мен ғалымдары мардымсыз жа­ла­қысына қол жеткізе алмай отырғандығын ай­тып, мұңын шағуда. Соның бірі – Алма­ты қаласындағы Д.Қонаев атындағы кен істері институты. Бұл мекеменің 230-дай қызметкері жыл басынан бері жалақысыз отыр­ған көрінеді. Өйткені институт еш­қан­дай тапсырыс алмаған.

Бұл мәселеге біз де жүрдім-бардым қарай ал­мадық. Сәті түсіп, аталмыш институтқа бас­ сұқтық. Талай жылдар бойы мардымды жө­н­деу көрмеген ғимараттан маза қашқан. Ондағы қызметкерлердің де қабағы түсіңкі. Ұзын, қараңғы дәлізде кетіп бара жатқан үш кісіні тоқтатып: «Жағдайларыңызды естідік. Бізге айтып бересіздер ме?» – деп өтіндік. Өзін институттың бас инженерімін деп­ таныстырған Артур есімді жігіт ағасы: «Иә,­ жалақымыз кешігіп жатыр. Бюджеттен­ бөлінген ақша бізге түспей отырғанға ұқ­сай­ды. Қаңтар айында келетін ақша әлі жоқ.­ Көбі қаңтардың жалақысын алыпты.­ Ал қалғандары ақпан мен наурыздың ай­лығына жете алмай отыр. Бірақ біз со­ған қарамастан жұмысқа уақтылы келіп, уа­қ­тылы кетіп жүрміз» дегенді жеткізді. Олар министрліктің тарапынан институтқа то­лыққанды жағдай жасалмай отырғандығын айтады. «Жалақы да аз. 50-60 мың теңге ғана. Бір тәуірі, әйелім айлығын уақтылы алып отыр. Жолыма ақшамды әйелімнен аламын. Ал тамағымызды үйден әкеп, жылытып ішеміз», – дейді тағы бір маман.

Бүгінде Д.Қонаев атындағы Кен істері институты Білім және ғылым министрлігінен бөлініп, Индустрия және жаңа технология­лар министрлігінің қарамағына көшіпті. Ғалымдар ақшаның кешігу себебін осы ауыс-түйістен іздейді. Министрлік тарапынан тиісті тапсырыс болмағандықтан да, қазынадан қаржы бөлінбеген. Есесіне, мекеме басшылығы ғалымдарды шетінен ақысыз демалысқа шығаруға мәжбүр болып отырғанға ұқсайды. Институттың бөлім меңгерушісі, профессор Нариман Жалғасұлы қаңтардан бастап іргелі зерттеу тоқтап қалғанын ашына айтады. Тіпті бұған Үкімет байқау да жарияламаған екен. Ал Д.Қонаев атындағы кен істері институтының директоры Николай Бүктіков ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «Базалық қаржыландыру жылдың алғашқы маусымында дәстүр бойынша кешігіп келеді. Бұл бәрімізге белгілі. Бірақ та бізді кім қаржыландыратыны әлі күнге белгісіз болып отыр. Қазынадан қаржы бөлінді деген хабар түскенімен көк тиынсыз күн көрудеміз», – дейді.

Осы аптада отандық ғылымның басы-қа­сында жүрген 15 мыңдай ғалымның жа­лақысыз отырғандығы белгілі болды.­ Кейбір ақпарат көздеріне қарағанда, Ғылыми зерттеу институттарында қысқарту жүріп жатқан көрінеді. Министр Бақытжан Жұмағұловтың өзі «Ғылым саласына қаржыны молынан құямыз, бұл шетелге кеткен белгілі ғалымдарды қайтаруға түрткі жасайды», – деген болатын. Оның мәліметтеріне қарағанда, білім және ғылым саласына жұмсалатын қаржы көлемі 2012 жылы – 378, 2013 жылы – 368, 2014 жылы – 399 миллиард теңгені құрайды. Бұл қаржы 2011 жылдың жоспарлы көрсеткіштерінен 105 миллиард теңгеге артық. Алайда ғалымдар неге күңіреніп жүр? Қазақстандық ғылымның шенеуніктерге емес, мемлекетке­ ауа­дай қажеттігін түсінген ғалымдар бір-екі­ күндікте Елбасы Н.Назарбаевтың атына­ ашық хат жолдады. Онда: «Міне, біз үш­ айдан бері ақшасыз отырмыз. 2012 жыл­дың басынан Ғылыми зерттеу институтта­рына өткен байқаулардан озық шыққан ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру­ үшін қаржы да, жалақы да бөлінбеді. Біз қаң­тар айының басында Үкіметке, Білім және ғылым министрлігіне хат жібергенде, «қар­жы ақпан айында түседі» деген жауап ал­дық. Бірақ сол қаражат әлі жоқ» делінген.

Ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Марат Молдабековтің айтуын­ша, бүгінге дейін Білім және ғылым ми­нистрлігінің 40 шақты институты, Ауыл­ша­руа­шылығы министрлігінің 25, Денсаулық сақ­тау министрлігінің 20, Индустрия және сау­да министрлігінің 10 институты қаржыдан қа­ғылған. Бұл еліміздегі 100 шақты Ғылыми зерт­теу институттары қызметкерлерінің жа­ла­қысыз отырғандығын айғақтайды. Тіпті ға­лымдар «Қазақстанға ғылымның керегі бар­ ма, жоқ па?» деген сұрақ қойып, оған өз­дері жауап беруде. Олардың пікірінше, ғы­лым керек, бірақ оның шенеуніктерге қа­жеті жоқ.

Шынына келсек, елімізде ғы­лымның да­муы кенжелеп қалды. Мәселенің бәрі ғы­лымды қар­жы­ландыру көлемінің жеткі­лік­­сіздігінен туындады. Ғылымның өз дең­гей-­і­н­­де қаржылан­дырыл­мауы, ғалымдардың ең­бекақысы­ның күрт төмендеуі, ғылыми ұйым­дар­дың, ғылыми зертханалардың алдыңғы қа­тарлы электронды, техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеуі, т.б. осы са­лада келеңсіз үдерістердің қалып­тасуына алып келді. Шетелдік сарапшылардың сөзіне сенсек, егер мемлекет ғылымды қар­жыланды­рудың көлемін ішкі жалпы өнім­нің 1 пайызынан төмендетсе, онда ондай мем­лекеттің ғылымы құл­дырауға ұшырайды екен.­ Ал ол 0,5 пайыздан төмен болса,­ онда ғылым са­ласын қайтып қалпына келтіру мүмкін емес­тігін, ғылым жүйесінің қирайтындығын алға тартады. Дамыған елдер ғылымға орта есеппен ІЖӨ-нің 3 пайызындай қаржы жұмсайды екен. Ал бізде бұл көрсеткіш 0,3 пайызға да жетпейді. Осының өзінен-ақ біздегі ғылым дамуының қандай деңгейде екендігін көруге болады.

Ғылым саласындағы басты тұлға – ғалым, ғылыми қызметкер. Ғалымдарды материалдық, әлеу­меттік жағынан ынта­­лан­­­дырмай, ғылымды дамыту мүмкін емес. Ға­лымдардың, ғылыми қызметкер­лердің еңбекақыларының өте төменгі деңгейде қалуы олардың осы саладан жаппай басқа салаға, шетелдерге кетуіне себеп болуда. Салада тек өз ісіне шын берілген, өмірін ғылыммен тығыз ұштастырған нағыз ғалымдар, жасы келгендері ғана қалды. Ғылым саласындағылардың басым бөлігінің жас шамалары 50-60-тан асып кеткен. Талантты жастардың ғылымға баруға құлқы жоқ. Мұның өзі саладағы кадр мәселесінде үлкен проблема туындатып отыр. Тағы бір мәселе – ғылымды басқару. Ғылым саласы – өзіндік ерекшелігі бар нәзік сала. Оған өктемдік-әміршілдік тәсіл жүрмейді, онымен ғылымды дамыта алмаймыз. Сол себепті ғылым саласы қазіргі кезде қалыптасып отырған басы артық, пайдасынан зияны көп аралық басқару жүйелерінен барынша тазартуды қажет етеді. Ғылымға бөлінген қаржы шашырамай, тек ғалымдарға, ғылыми ұйымдардың инфрақұры­лымдарын дамытуға тікелей жетуі тиіс. Сонда ғана ғылымда оң өзгерістер, ілгерілеулер болатыны сөзсіз.

Ғалымдардың жанайқайын Үкімет те, министрлік те құлағына ілер емес. Олар соңғы үмітті Елбасынан күтіп отыр. Алайда ашық хаттан нәтиже шыға ма, жоқ па, оған ғалымдардың өзі де күмәнді.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары