Миграция: ҚҰТ пен ЖҰТ

Миграция: ҚҰТ пен ЖҰТ

Миграция: ҚҰТ пен ЖҰТ
ашық дереккөзі
340

Адамдардың қоныс аударуы – тарихи процесс. Бұған негiзiнен түрлi саяси әлеуметтiк һәм тұрмыстық жағдайлар әсер етедi. Ортақ түсiнiкке сәйкес, адам баласы негiзiнен оңтүстiктен солтүстiкке қарай жайылады деген қағида бар. Бұл туралы Карл Маркстың айтқан тамаша пiкiрiн әлeм тегiс бiледi.

Ғалымдар болжауына сәйкес бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасуда. Оның үстіне адам­зат­тың планетаны тарсынуы мүмкін деген гипотезалар да бар. Қазір жер бетін жеті миллиардтан астам адам мекендейді. Ал жердің әрі кетсе 15 миллиард адамды асырай алатын мүмкіндігі бар делінеді. Математикалық прог­рессия биігінен қарастырғанда, 15 мил­лиард­тық меже тарихи өлшемде күні ертең-ақ игерілетін көрсеткіш. Қазір көптеген жетекші ғарыш орталықтары адам қоныстай алатын басқа планеталарды игеру мүмкіндігін де қарастырып отыр.

Мұны бір деп қойыңыз. Демек адамзаттың қоныс аударуы, яғни миграциясы ғаламдық дең­гейдегі проблема екен. Планетаны айт­па­ғанда, оның ішіндегі біздің аймақтағы көші-қон мәселесі қалай? Осы бір өзекті мә­се­ле­нің әлемдік дәрежедегі саясаткерлердің жүр­се ойынан, жатса түсінен шықпай жүр­­гені де белгілі. Себебі Африка мен Азияның халқы өз үйі өлең төсегін тарсынып, басқа құрлықтарға қоныстана бастады. Мұндай ахуал біздің аймақта да байқалады. Әсіресе, Орта Азия мемлекеттеріндегі демог­ра­фия­лық өрлеу Қазақстан мен Ресейдің миг­ра­ция­лық жағдайына тікелей әсер етуде. Қазір Қа­зақ­стан­да келімсектер көп. Негізінен Орта Азия рес­­публикасынан шыққандар.

Соңғы кезде мамандар елдегі мигра­ция­лық ахуалға тікелей әсер етуге тиісті тағы бір гипотезаларды алға тартуда. Әңгіме Кеден одағының құрылуына байланысты.

Кеден одағы – экономикалық құрылым болып есептелгенімен оның ар жағында сан-салалы түрлі ниеттердің жатуы да ықтимал. Қазір Қазақстан, Ресей және Беларусь жұмыс күшінің өзара еркін қозғалысын қарастыратын құжаттарды талқылауда. Егер ол қабылданса, аталмыш елдердің жұмыс күштері Кеден одағы ішінде еркін жүріп-тұру құқына ие болады. Ал оның Қазақстанның демографиялық ахуалына тікелей әсер етуі мүмкін. Дей тұрғанмен осы жағдайдың өз елінде қайталануынан қауіптенгені болар, Ресей жағы еңбек мигранттарының квотасын шектеуге ниеттеніп отыр. Оның артында да бақай есеп жоқ деп айта алмаймыз.

Владимир Путиннің пайымынша,­ «Ре­сей­дегі жұмыс орындарын алдымен жергілікті халық иемденуі керек. Ал шетелдіктер баса артық жұмыс орындарына орналасуы ғана тиіс. Сондай-ақ Мәскеу түрлі ұлттық топтардың бір аймаққа шоғырлануын да тежемек».

Алдыңғы жылы Азаматтық туралы жаңа заң қабылдап, онда ең алдымен техникалық білімі барлар мен ғалымдарды алдымен қабылдау туралы заң шығарған Ресейдің өз елінің болашағына көңіл бөліп отырған зеректігі қызықтырады. Әзірге Қазақстан Үкіметі тарапынан ондай игі ниет байқалып отырған жоқ. Әлбетте, Ресей мұндай әрекетке жетіскеннен барып отырған жоқ. Басқаны айтпағанда, дәл қазір Ресейдегі тәжіктердің жалпы саны 2 миллионнан асып отыр. Ал Санкт-Петербургтағы Азия тұрғындарының саны 35-40 пайыз арасында! Ол дегеніңіз Ресейдегі екінші қаланың «азияланып» бара жатқанын көрсетеді.

Былтыр Ресейде жұмыс істейтін тәжік аза­маттары өз елдерінде тек пошта қызметі ар­қылы ғана 3 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы аударыпты. Яғни Ресейден Тәжікстанға осы соңғы елдің ішкі жалпы өнімінің тең жартысына жуық қаржы кеткен. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.

Бұл да болса Қазақстан жағы есте ұстауға тиіс сабақ. Қазір Қазақстан қалаларының базарларынан шеттен келген саудагерлерді жиі көреміз. Негізінен қырғыздар мен өзбектер. Яғни нарықтық қатынастарға мықтап ден қойған еліміздің еркін саудасы шетелдіктердің қолына ауып бара жатыр деген сөз. Алдыңғы жылы Мәскеу шетелдіктердің Ресейде сауда жасауына тыйым салды. Алайда ол әрекетінен түк шығар емес. Ресейдегі шетелдік саудагерлердің саны күн өткен сайын артып келеді. Бұл орайда біздің де қаперде ұстар жағдайымыз жеткілікті.

Миграциядағы басты қиындықтардың бірі жұмыс күшіне байланысты. Қазір Қазақстанда өзбек, тәжік, қырғыз жұмысшылары өте көп. Оның үстіне жоғарыда өзіміз айтып өткен Кеден одағына байланысты жұмыс күшінің еркін қозғалысын көздеген құжаттар қабылданса, елге орыс және беларусь жұмысшыларының келуі де ғажап емес. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, мұндай құжатқа қол қойылса, орыс және белорус жұмысшыларының жұмыс беруші мен өзара келісім жасауы толық жеткілікті болмақ.

Осы құжаттың қабылдануына орайлас­ты­рылып тағы да бір проблеманың шеті қылтиюда. Қазақстанда табысы жоғары мұнай газ секторындағы ақшалы жұмыстардың біразына енді-енді қол жеткізе бастаған жер­гілікті қазақтар өз нәпақасына ортақта­са­тын­дар көбейе ме деп қауіптенеді. Дәл осы мә­селеге байланысты Әбдіхалықова ханым Қа­зақ­стан Үкіметінің шетелдік мамандарды эко­но­миканың стратегиялық секторларына тартуды шектейтінін мәлімдеді.

Сондай-ақ қазақстандықтар үшін отан­­­дық «Жол картасы» да қолжетімді бол­мақ. Республикалық бюджеттен қаржы­лан­дырылатын қоғамдық жұмыстарға да не­гі­зі­нен өз отандастарымыз тартылмақ.

Әбдіхалықова ханымның мұндай уәдесі са­лауатты сананы бір жағынан сендірсе, екінші жағынан сендіре де алмайды. Себебі біздің жағдайда жоғарыдағыдай уәделердің орындалмай қалатыны да белгілі.

Қазақтар Ресейдегі шетелдік жұмыс кү­ші­нің он пайызын құрайды

Кейбір сарапшылардың пікірінше атал­мыш құжатқа қол қойылса да Ресей мен Белоруссиядан Қазақстанның еңбек нарығына ағылушылар онша көп болмауы тиіс. Қазақстан кәсіподақтары федерациясы төрағасының кеңесшісі Леонид Мартыновтың пайымынша, орыстар мен белорустар жұмыс іздегеннің өзінде басқа елдерге бармақ.

Ал қазақстандықтардың Ресейден жұмыс іздеуі туралы өткен жылы «Атамекен» ода­ғы­ның басқарма төрағасы Азат Перуашев былай деген болатын: «Біздің азаматтар Ресейге жұмыс іздеп барса, жоғары жалақы үшін ғана барады. Сондықтан Қазақстан тех­никалық білімдерді сапалы беруге тырысуы керек». Бұл сөзде де жан бар. Қазіргі жағдайда отандық орта деңгейлі оқу орындарын бітірген мамандарға сұраныс шамалы. Өйткені ол әлемдік стандарттарға сәйкеспейді.

Еңбек министрлігі берген деректерге­ қа­ра­ғанда, өткен жылы отыз мың еңбек мигранты біздің елде жұмыс істеуге ресми рұқсат алыпты. Әрі көрші елден келетін еңбек мигранттары бізде қажетті жағдайда ғана жұмысқа тартылады. Бір тәуірі – қазір елде алдымен өз азаматтарымызды жұмысқа тарту тәртібі қойылып отыр. Сондай-ақ кейбір депутаттар мен жоғары дәрежелі шенеуніктер Қазақстанда шетелдік жұмыскерлердің қызметінен толықтай бас тарту керек деп есептейді.

Үстіміздегі жылы «Стратфор» агенттігі Ре­сейде жұмыс іздеп жүрген орталық Азия елдері азаматтарының он пайызы­ қазақ­стан­дық­тар деген ақпар таратты. Бізді ойландыратыны да сол. Себебі қазақи түсінікте шетелден жұмыс іздеп жүрген қазақ жоқ. Алайда Бүкіләлемдік банктің берген деректеріне қарағанда, Қазақстан еңбек мигранттары саны жөнінде әлемде тоғызыншы орында екен.

Дей тұрғанмен Ресейде жұмыс іздеп жүр­ген қазақстандық еңбек мигранттары ту­ралы ақпарат алу оңай емес. Шамасы, мә­селе олардың санының басқа елдердің еңбек мигранттарының санынан аз болуында сияқты. Осы орайда мына бір деректерге назар аудара кету керек. Соңғы статистикалық деректер тек 2010 жылы ғана Ресей Федерациясына 13 миллион шетелдіктің келгенін алға тартады. Олардың 2,4 миллионы Мәскеу облысына тиесілі. Әлбетте олардың басым бөлігі ТМД азаматтары. Атап айтқанда Украинадан Ресейге жұмыс іздеп келгендердің саны – 2 миллион 856 мың адам, яғни жалпы көрсеткіштің 21 пайызы. Сондай-ақ Ресейдегі еңбек мигранттарының 14 пайызын өзбектер құрайды. Ал Қазақстаннан Ресейге жұмыс іздеп барғандардың саны – 1 миллион 306 мың адам. Яғни жалпы көрсеткіштің он пайызы.

Әрине, мұндай цифрлар дамыған елу мем­лек­еттің санына қосылуға мүдделілік танытып отырған амбициялы елге абырой әпере қоймаса керек. Қазір ел басшылығы 2020 жылға дейін халықты жұмыспен қамтуға байланысты келелі бағдарламалар белгілеп отыр. Бағдарламаның бастапқы беталысы да жаман емес. Соған қарағанда шетелге нәпақа іздеп кететін қазақтардың саны да азаюға тиіс.

Дей тұрғанмен Қазақстандағы эко­но­ми­ка­лық өсімнің бүгінгі ырғағын сақтау үшін елге жарты миллион шамасында қосымша жұмыс күші қажет деген деректер бар. Соған байланысты еңбек мигранттарының келуін жүйелеудің маңызы да арта түспек.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанға ке­ле­тін мигранттардың көпшілігі өзінің жұмыс іс­теу үшін келгенін жасырады. Сол арқылы заң бұрмаланады.

Қазір кейбіреулер жеке еңбек қызметін патенттеудің ресейлік тәжірибесін енгізуді ауызға алып жүр. Сол арқылы мигранттардың еңбекпен заңды түрде айналысып, салық төлемін жақсартуға болар еді.

Мигранттарды квоталаудың мемлекеттік жүйесі де экономикалық сектордың сұра­ны­мын толық қамтамасыз ете алмайды.

Алматы қалалық әкімдігінің бас инс­пекторы Б.Тәтіжанованың айтуынша, ең­бек миграциясына қатысты мәселелер Алматы қаласын дамытудың 2016 жылға дейінгі жоспарына енген. Соған сәйкес бұрын келгендердің балалары мектепке қабылданбаса, қазір бұл жағдай да жолға қойылған.

Қорыта келгенде айтпағымыз, әлемдік проблемаға айналып отырған миграция мәселесінің Қазақстанға да тікелей қатысы бар. Әрі бұл орайда жіберіліп отырған кемшіліктер де жеткілікті. Соған қарамастан, осы бір ел экономикасына тікелей ықпал етуге тиісті мәселеде көрші Ресей сияқты іргелі елдердің оңтайлы тәжірибелерін пайдаланып, қажетсізін алмау керек. Себебі миграцияның артында ел мүддесіне тікелей әсер ететін үлкен астар жатыр. Басқаша айтқанда, көші-қон дұрыс пайдаланылса – құт, қателік жіберілсе – жұт. Тиісті мекемелердің осы мәселелерге жете көңіл бөлулері қажет.

Өмiрзақ МҰҚАЙ

Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары