ШАРАЙНА

ШАРАЙНА

ШАРАЙНА
ашық дереккөзі
294

Қазақстанда қоғамдық телеарнаның қажеттiлiгi жайлы мәселенiң айтылып жүргенiне он шақты жылдан асты. Бiзде бұл мәселе пiкiр таластырудан әрiге жылжымай тұрғанда, ресейлiктер оны iске асырып үлгеретiн сияқты. Өйткенi Ресейдiң бұрынғы президентi Дмитрий Медведев қол қойған маңызды құжаттардың бiрi – 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресей Қоғамдық телеарнасын құру туралы жарлық.

Президенттігінің соңғы күндерінде Дмитрий Медведев бұл мәселені жіті қадағалауына алған сыңайлы. Шындығында, Д.Медведев қоғамдық телеарна құру идеясын былтыр жазда қолдап, жыл соңында Федералдық жиындағы жолдауында атап өткен болатын. Сол кезде 2012 жылдың 1 нау­рызына дейін премьер-министр мен Президент әкімшілігіне қоғамдық телеарнаны құру жөнінде нақты ұсыныстар дайындау тапсырылған еді. Бұл оқиғалардың бәрі ресейлік телеарнаның құрылуы – Медведев тындырған істердің біріне жат­қызылатындығын меңзейді. «Қо­ғам­дық телеарна тым құрығанда қо­ғамдық өмірге немқұрайлы қа­ра­майтындар үшін тартымды болады деп санаймын», – деді ол бір сөзінде.

Әйтсе де, Д.Медведевтің кезінде бас­талған іс енді қазіргі президент В.Путиннің тұсында жүзеге аспақ.

Ал ресейлік қоғамда саясаткерлер, журналистер, зиялы қауым арасында қоғамдық телеарнаның құрылымы, басқарылу формасы, қаржыландырылу жайы жан-жақты талқылану үстінде.

Осы тұста ресейліктер де, қазақ­с­тандықтар да бас қатырар ортақ мәселе – «Қоғамдық телеарна шын мәнінде қоғам айнасы бола ала ма?» деген сұрақ.

Рейтинг пен жарнамаға тәуелсіз, жеңіл-желпі әуенмен эфирді «был­ғамайтын», қоғамда болып жатқан оқиғалар жөнінде айна-қатесіз ақпарат беретін шынайы телеақпарат құралы құрыла ма?Ресейлік қоғамдық ортада әлі идея түрінде ғана пайда болған қоғамдық телеарнаға қатысты айтыс-тартыстың туындауының мәні тереңде жатыр. Рейтинг қуған телеарналар соңғы жылдары зорлық-зомбылық, жеңіл фильмдер мен сериалдар қоюға, арзан күлкі, көңіл-көтеруді мақсат еткен сауықтық бағдарламалар жасауға дағдыланып алды. Нарықтың заң­дылығына бағынған «тележәшік» кө­рерменнің мүддесі, ойы мен талғамы бар екенін ұмытты. Кейбір телеарна басшылары «көрерменнің бар деңгейі – осы» дегенге ұқсас уәж айтады. Ресейлік қана емес, Қазақстандағы теленарықтағы жағдай да осындай.

Осындай мемлекеттік меншіктегі және жекеменшік телеарналарға балама ретінде пайда болған Қоғамдық телеарнаны құруда әлемдік тәжірибеге жүгінбей болмайды. Қазіргі таңда дүниежүзінде қоғамдық телеарнаның қырық шақты үлгісі бар. Бір ғажабы, әр елде оны қаржыландыру жолдары әр қилы. Кейбір елдерде қоғамдық телеарна көрермендердің абоненттік жарнасы арқылы қаржыландырылады. Сондай-ақ оны қайырымдылық шаралары мен грант бөлу арқылы қаржыландыратын елдер де бар. Мысалы Канадада қоғамдық телеарнаға арналған арнайы салық түрі енгізілген. Ал Америкадағы қоғамдық телеарна бюджетінің 30 пайызы Конгресс есебінен қаржыландырылады.

Қоғамдық телеарна Әзірбайжанда, Молдовада, Грузияда, Арменияда, Қырғызстанда жұмыс істеп жатыр. Әйтсе де бұрынғы кеңестік кеңіс­тікте шынайы қоғамдық телеарна қағидаларына сай жұмыс істеуге жағдай жасауда Балтық елдері алда тұр.

Ал ресейлік үлгі қандай болмақ?

Әу бастағы шарт бойынша, қо­ғамдық телеарнаны басқаратын бас­қарушы кеңес құрамына бірде-бір мемлекеттік қызметкер, тіпті Мем­лекеттік дума депутаттары да мүше бо­ла алмайды. Қоғамдық кеңес арқылы бас­қарылатын телеарнаны алғашқы кезде мемлекеттен несие бөлу арқылы қар­жыландырылады делінген. Ол мем­лекеттің де, жеке тұлғалардың да, акционерлердің де меншігіне жатпайтын ерекше құрылым болуы тиіс.

Мұның бәрі қалайша жүзеге асы­рылатындығы беймәлім. Әзірге анығы – қоғамдық телеарна Ресей тұр­ғындары үшін тегін көрсетілетін сан­дық желіге қосылады. Ол Ресей қор­ғаныс министрлігінің «Звезда» телеарнасы негізінде құрылмақ.

Дегенмен барлық елдердегі қоғам­дық телеарна жүйесіне ортақ қағи­далар бар. Олар: қоғамдық бақылаудың болуы, арнайы заңның қабылдануы, коммерциялық мүддеден алшақ болуы және ақпаратты объективті түрде беру.

Қазақстанда қоғамдық телеарнаны қалыптасқан материалдық-техникалық базасы, тұрақты көрермені бар мем­лекеттік телеарналардың бірі негізінде құру қажеттігі талай рет айтылды. Қо­ғамдық-саяси ортадағы осы тақырып төңірегіндегі пікірлер тоғысына қара­саңыз, қоғамдық теле­арнаның құры­луы даусыз сияқты. Бірақ оның жүзеге асыру тетігі әлі табылған жоқ. Сонда не кедергі?

Бәлкім, бұған мемлекеттің саяси шешімі керек.

Ал Кремльдің қоғамдық телеарнаны құруға өзі бас болып атсалы­суында не мән бар? Бұл Сахаров пен Болотныйдағы шерулердің жанама ықпалы ма, әлде пісіп-жетілген, қайнауы жеткен мәселенің түйіні ме?

Соңғы мәліметтерге қарағанда, ре­сей­лік қоғамдық телеарнаның бас директорын (ол әрі бас редактор болмақ) РФ президенті төрт жылға өзі тағайындайды. Ал қоғамдық теле­арна жұмысын қадағалайтын ба­қылаушы кеңес мүшелерін РФ Президент әкімшілігі бекітеді. Ендеше, қоғамдық телеарна келесі жылдан бас­тап жұмыс істейтін болса да, оны бірден қоғамның шарайнасына айналады дегенге илану қиын.

Бәлкім, қоғамдық телеарна құрудағы ресейлік тәжірибе сәтті болса, бізде де осыған ұқсас жобаның қолға алынуы да ғажап емес.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары