АҚ ШАҺАРДАҒЫ ӘЗ НАУРЫЗ

АҚ ШАҺАРДАҒЫ ӘЗ НАУРЫЗ

АҚ ШАҺАРДАҒЫ ӘЗ НАУРЫЗ
ашық дереккөзі
545

Жылдың басы – Наурыз да табалдырық аттады. Мейірім мен шапағаттың, бірлік пен ынтымақтың белгісі саналатын әз Наурызды алматылық жұртшылық та асыға күтті.

Мереке күнгі Алматы шаһарының жұртының ықыласында шек жоқ. Қытымыр қыстан қиналмай шыққан халықтың жүзі де шат-шадыман, жадырай түскен. Жіпке тізген моншақтай, қаз-қатар тігілген киіз үйлер мерекенің сәнін келтірсе, халықтың көңілді күйі мен ұлттық ойындары думанды қыздыра түсті.

Арайлап атқан таңмен бірге Астана алаңында жиналған көпшілік мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілердің өнерін тамашалады. Алаңда түрлі ұлттық ойындар мен әртүрлі байқаулар да ұйымдастырылған. Наурыз күні ренжіскен ағайын татуласып, табысып, көрісіп, жамандықтың бетін ары қылып, жақсылыққа қарай бет түзейтіні белгілі. Наурыз – осынысымен де құнды, осынысымен де қымбат.

Жастар қауымы алтыбақан теуіп, тар­тыспақ, аударыспақ ойындарында бақ сынасып жатса, киіз үйлердің маңында жиналған қауымға наурыз көже таратылды. Ақсақалдарымыз дастарқанның кең, ақтың мол болуын тілесіп, ақ баталарын берді.

Наурыз әлі де жалғасын табуда. Әр-әр жерде, мектеп қабырғаларында, жоғары оқу орындарында наурызды тойлаған жұрттың қарасы көрінеді. Бір-біріне сый­лық ұсынып, бір-бірімен көрісіп жатқан жұрттың жадыраған жүзін көресіз. «Отыз күн ойын, қырық күн тойын» тойлауды әдетке айналдырған қазақтың Наурызы енді басталғандай. Ат шаптырып, бәйге шауып, аламан додаға ұласар күндер бас­талды. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер сәтімен тұспа-тұс келетін Наурызда халықтың тілегі де бір, тілеуі де бір.

Марғұлан НҰРЛАНҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары