КЕУДЕСIНЕН КҮМIС САМАЛ ӨЛЕҢ ЕСКЕН

КЕУДЕСIНЕН КҮМIС САМАЛ ӨЛЕҢ ЕСКЕН

КЕУДЕСIНЕН КҮМIС САМАЛ ӨЛЕҢ ЕСКЕН
ашық дереккөзі
667

Жалпы, ақын жайлы сөз қозғағанда, сол ақынды өзiнiң туған топырағынан бөлiп қарауға әсте болмайды. Өйткенi ол ақынның не жазса да, не ойласа да өзi туған топырағының туын жоғары ұстауға тырысатыны айдан анық. Тiптi әрбiрден соң сол ақынның өзi де өз топырағының айбынды да айдарлы туындысы емес пе. Олай болса бұл ақынның да туған жер топырағы жайлы айтпаса болмас. Ендi сөз тiзгiнiн өзiне берейiк:

ъ…Кеудемнен күміс самал өлең есіп, Мен саған аңсап жеттім, көне бесік! Атыңды алты алашқа ардақтайын, Туыңды көтерейін, төбеме шық! Атыңды балап өстім ар-иманға, Далама симай кетем далиғанда. Көркіңнен айналайын алтын ордам, Меккем де, сенсің менің, Мәдинам да! Бұл ақынның тасып-төгілген айбары, бұл ақынның самал ескен айдары, бұл ақынның буырқанған қасиетті қуат-күші. Бәрі келіп өзінің туған топырағының әруағын асырып жатыр. Сіздер ақынға тек қана туған жер ғана қуат береді екен деп ойлап қалмаңыздар. Соған қоса осы жердің табиғаты, даналарының тарихаты, діни жолды таза ұстаған жандардың шариғаты бар – осының бәрі туған топырақтың яғни осы өлкенің баба үнін, мақпал түнін, жарқыраған күнін қоса қамтып жататыны өз-өзінен белгілі. Қар жауып тұр. Япыр-ай, жоқ тағатым, Жарым жолда қалғандай Тоқтап атым. Жауған қармен жарысып, Қалбалақтап, Қиялдарым қағады от қанатын. Қар жауып тұр, Бір кіріп, бір шығамын, Көз ілмедім, Түн бойы, тыншымадым. Сайратуға асықтым сандуғашты, Жүрегімнің кішкентай жыршыларын, – деп ақын жаны елпілдеп тұрған жоқ па. Иә, ақын жүрегінің қуанышында шек жоқ. Бүгінгідей жеті асудан өткеннен кейін өзінің кіндік кескен өңіріне бала-шағасымен келіп тағзым етуі сол себепті болар. Бұл жәй сапар болмаса керек. Бұл туған топырақтың дидарынан, кең пейіл ел-жұртының иманынан, ел басқарған азаматтардың дегдарлығынан нәр алып, көңіл олқылығын жойып, бұрынғыдан да шабыттана түсетін қуат алуға келген көңіл медеті болса керек. Ол іштей: …Уақыт жетті көп күткен, Самғасын, азат еркін жыр, Жүйкесін ғасыр жеп біткен, Халқыңды өзің серпілдір, деп отырғандай. Байқаған адамға әрбір сөздің жаны бар, әрбір сөздің өзіндік сәулесі бар, тәжі бар. Тек олар бір-бірімен үйлесім тапқанда ғана жанданып сәуле шашары ақиқат. Сөздердің ішкі астарындағы асыл да қасиетті қатпары ашылып, өзінің тылсым сырын сыртқа шығарары хақ. Оны біздің қазақ тілімізде сөз асылы жыр десек, былайынша тірлігімізде поэ­зия деп баптап айтатын дәрежеге жеттік. Бұл деген – сөздің мәйегі деген сөз, оның көбінесе түйіндеп айтар тоқетері ақынның әр қилы саладағы ой жүйесін айқындап беруі болса керек. Немесе әр қилы сұлулық пен сымбаттың, көркемдік пен көріктің көбесінен көтеріп, көңіл күйдің сезім түйсігіне жел берері, яғни серпілтері анық. Болмаса мұңды жалғанның зіл қара тастай ауыртпалығын өз-өзінен серпілтіп, яғни өз-өзінен жеңілдетіп, жаныңды жай таптырары тағы бар. Осындай үлкен бейнеттің ошағында қайнап-пісіп жетілген сөз зергерлерінің бірі және бірегейіне жататын ақын – Темірше Сарыбай десек, оған ешкімнің таласы бола қоймас. Оның үстіне көне Сырдың атам замандағы арыстаны Апрасиап сынды алып патша мекендеген өңірден түлеп шыққан болса, оның ойларында да оймауыт құдырет орын алмауы мүмкін емес. Содан да болар бүгінгі таңдағы қоғамның қоршауында ғұмыр кешіп жатқан адамның күйінішіне ақын басымен тебіренбеуі мүмкін емес. Әрбірден соң ертеңгі күннің беймағлұм әлемін шолып өтпеуі де мүмкін емес. Бір сәт ойға батқан ақын Темірше осы Беймағлұм әлемін былайша береді: Кешегім де, бүгінім де беймәлім, Жұлқып-жұлып жүрегімді жейді арым. Минут сайын мың құбылған заманның Келмейді, рас, тізгініне кейде әлім. Босағасы, Болмаған соң не төрі, Өсек-ғайбат өңменіңнен өтеді. Көніп, төзіп, көріп, сезіп, жерідім, Жетеді енді, алданғаным жетеді. Масқара ғой әппақ арды қаралау, …Не айтса да халық соған қайылдай, Ауыздарын ашады-ай кеп жайындай. Ақиқатты алдық білем өлтіріп, Өтіріктің екі езуін айырмай! Міне, қазіргі заманның індетіндей жайлап алған жалғандық пен мейірімділіктің пошымы. Бұл жерде ақын лирикалық герой есебінде, жан жағындағы табиғат тылсымдарына, қала берді, адамизат тылсымының құпия сырын ашқандай тебіренеді. Әрине, шынайы ақын әрқашанда өзін үлкен ойдың құрбаны ғып жіберуі мүмкін, мұны нағыз ақындықтың кредосы демеске хақымыз жоқ. Әрине, адамға ең басты керегі, ол тыныштық, бейбітшілік, содан соң барып, көңіл-күйдің көтеріңкі болуы, бірақ ол жан-жағына қасірет шашпай, шуақ шашуы керек. Бұра тартпай бірге көрген қызыққа не жетсін. Әр ақын өзінің қуанышы мен өзінің көңілтоқтығына қанағат етіп жүре берер болса, оны мен шынайы ақын деп санамаймын. Болмаса ақын кейде орып айтып, оңашада мәймөңкелеп өз пайдасын ойлап жатса, ол да аса тазалыққа жатпаса керек. Ондай ақындар ел алдында ақиқатшыл болып, былай шыға бере өзгеріп сала беретін, артық айтсам кешірсін Алла, мақұлықтар демеске хақымыз жоқ. Қазір мұндай екі жүзді ақындар да баршылық. Бірақ оның сөзі қанша жерден қақыратып айтса да түбінде қауқары жоқ, ол бір сәттік қана желпініс қана. Оның ой өрісі ешқашанда айқара ашылмасы ақиқат. Бүгінгі таңдағы өз жағдайын сондай жолмен жөндеп алған ақын-жазушылар, өз еңбектерін бәленбай томдап шығарып жатыр. Бірақ оның бәрі асыл бұйым емес қой. Мысалы Абай атамызды алайық, бар жазғаны бір томға жетер-жетпес, сол сияқты аудармалары да бір том. Бірақ бүкіл қазақ деген халықтың жол көрсетер шыңы яғни адас­тырмас темірқазығы боп мәңгі қалды, және қала береді. Немесе кеше ғана дүниеден өткен Қуандық Шаңғытбаевты алайық, ол кісінің бекзаттық поэзиясы әрі кетсе екі томнан артылмайды, бірақ біздің қазақ поэзиясында мәңгі үлгі боп қалды. Осы отырған Теміршенің де осыларға ұқсастық жақтары молынан кездеседі. Біріншіден аз болса да саз жазатындығы. Екіншіден, Абай бабамыз бен кешегі Мұқағали Мақатаев ағамыз, өз шығармашылықтарын ағалық жасқа жеткенде яғни қырықтың қырқасына шыққаннан кейін барып бастағаны елге аян. Өмір жолына көз жіберсек біздің Темірше де сол қырықтың маңайында қозғалып, Алматыға барып, бәйге жарысқа еркін түскен ақын. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демекші, сол кездегі мүшайраның етек алуы біздің Теміршеге ақ жол боп орала кетті. Қандай мүшайра өтпесін біздің Темірше жарысқан жүйріктердің алдын бермейтін сәйгүлікке айналған. Бір сөзбен айтқанда бет пердесін мүшайра ашып, әдебиеттегі іргесін мүшайра бекіткен ақын болып шыға келді. Көзге қораш көрінбей өзінің әдебиеттегі, қала берді, поэзиямыздағы тегеурінді бейнесі солай жарқырады. Сонымен бірге ел тұлғаларының бейнесін сомдау шеберлігіне қанша машықтанса да біржола құлап кетпей, қай салада болмасын өзін тежеп әрине жақсы мағынада ұстап жырдың ащы да тұщы, қатты да тәтті тұздығын қабат қамтыған елеулі есті ақынға айналды. Бұл жерде ақын өзін лирикалық геройға балап былай сөйлейді: Бақ та әзірге қақпасын ашпайды анық, Зуылдайды сан ойлар баста айналып. Ағаштар да, Адам да, Автобус та Бара жатқан секілді тасқа айналып. Тасқа айналып Алматы… Көктөбе де, Отырғызды-ау өзімді от-кемеге! Аластаған адамдай әрі итеріп, Бұлар мені қағады шетке неге? Айналамның бәрі тас, Селт етпейді… Күннің көзін қалқалап көрсетпейді. Жарқылдаған айбалта жарты айға ұқсап, Бұтарлайды-ай мені кеп, Бөлшектейді. Басым қайда, Білмеймін, Миым қайда? Сүйектерім шашылған жиылмай ма? Жұрт қарқ боп жататын жұмағыңнан, Маған да осы бір қуыс бұйырмай ма? Бір бастаған ісім ғой бастан бекер, Қуған қалар алқынып, қашқан кетер. Жұрттан көрер жайым жоқ, асылында, Тағдырыма не дейін тастан бетер?! Ақынның өзі ортасында жүрген көріністің құмбыл сыры осындай болса нетерсің. Бар айтарын айтып салған ақын өз қасыретін біреуге жаба салудан аулақ. Бұл тағдыр ісі екенін жақсы біледі. Мұның өзі біле-білгенге ұлы қасиеті. Шындығын айтар болсақ, бұл нағыз ақынның және ел жадында қалатын үлкен ақынның сөзі. Біреуді тағдыр өмірбақи отқа салумен өтеді, енді біреуді аспандатып алақанға салумен болады. Былайынша ойласаңыз осындай тағдырлар таяқтың екі басы сияқты, қай жағын бассаң да басқа тимей өтуі мүмкін емес. Және екеуінің де азабы бірін-бірі жібермейтін тағдырлар. Ол үшін алдыңғысына үлкен төзім керек, екіншісіне ақыл-ой парасат керек. Ұлы төзімнің ақыры аңыздың мәйегіне айналуы ғажап емес, ал әлдиі мол ақыл-ойсыз парасаттың ақыры әжуаға айналып күлкі болып тынуы да мүмкін. Тағдыр тәлкегі деп осыны айтса болғандай. Осыдан сақтанған ақын енді бірде өзінің ойын былайша өрбітеді: Ауыр ғой маған… Ауыр ғой бәрі ауырлау… Жалғыз серігім ақылым да естен жаңылды-ау. Жаныңды қояр жер таба алмай жүргенде, Азап екен ғой қасыңнан бір дос табылмау. Көнбейтін не бар, түскесін басқа көнем де, Алдаспан сынды ажал тұр төніп төбемде. Қайырлы ғұмыр-қалған ұрпаққа деймін де, Орнымды беріп кете барам өлеңге… …Өлмейтін мәңгі өлең-өмірім басталар, Сыр айтар саған, Жанарыңды мөлдір жас қамар… Екі өмір сүру ақынның ғана еншісі, Қайтып келмейді бай менен бектер, патшалар – деген жолдары ақынның өзін-өзі мына жалған дүниеде жүріп жел бесікке тербетіп жұбатқанындай әсер қалдырады. Өйткені ертеңгі күннің өзі беймағлұм ғой. Әдетте, өмір екі айналып келмейді деп жатады. Меніңше, ол тоқсан тоғыз айналып келуі ғажап емес. Өйткені адамның әрбір күйініші мен көңіл шаттықтары бір-біріне ұқсамайтын тәттіліктің мәйегі емес пе. Олай болса біздің осылай ғұмыр кешіп жүріп жатқанымыздың өзі нағыз өмірдің ыңыршағынан айналған құбылысын әр ортада әр қилы көріністе көріп, естіп, сезіп, сеніп соның ортасында куә болып жүргеніміздің өзі де айналып келіп тұратын өмірдің өзі сияқты. Ал біз екі дүниені ана жалғанмен жалғастырамыз. Онымыз да дұрыс болар. Дегенмен діттеп келгеннің өзінде мына жалғанның өзі қат-қабат жердің қыртыстары сияқты. Ақын сол қат-қабат ой жүйесінің, қала берді, сөз жүйесінің қиюын тауып қисынына келтіріп, оның тұла бойына жан бітіріп, сәуле шаштыратыны содан болса керек. Болмаса ақын өзінің махаббат жырларының бірінде: Бір тамшы жас жанарыңнан ыршыды, Соның маған әлі жұмбақ қыр-сыры. Алпыс екі тамырымды тулатып, Толғандырды-ау тозған жүрек-жыршыны. Тұрды тамбай, тұрды тамбай мөлдіреп… Сөйлеп тұрды ол, сенесің бе, соңғы рет. Қашан тамып түскенінше тіл бітіп, Миымды да, жүйкемді де тұрды жеп. Менің қамсыз көңіліме қайғы сап, Кірпіктерің айқасты да айқұшақ. Тулап түсті… Сорғалады бетіңнен Тарау-тарау отқа еріген майға ұқсап. Сол тамшының алдында мен тірі өлдім Білмей далмын, қандай қате жібердім? Сен де аз-кем жауар бұлттай түнердің, Мен де амалсыз, тығырыққа тірелдім. Тұрған бойы өмірдің өзі, екі жастың оңашадағы жай ғана кездесуі. Жанды сурет, елапат сезімнің арбасуы бір тамшы жас­пен адам жүрегіне әлекті салып жатыр. Бұл тұрыстан кейін байқасаңыз адам қайта туғандай болмай ма. Өйткені әр жастың ойда жоқта опық жеген қателіктері өшіп барып, қайта жандануға бастамақ. Енді бірде ақын:
АЛАҚАНЫҢ СИПАП ӨТСЕ
 

Жан-жүрегің жапырағын жаяды-ақ

Өн бойымда бұрқырайды бар шабыт. Алақаның сипап өтсе аялап, Саусақтарың сыңғырлайды ән салып. Ән салады, Ән салады, Ғажап ән! Әуезіне қайран қалам еріткен. Мен сол әннен таңғы шықтай тазарам. Сосын күндей күлімдеймін көрікпен. Осы екі үзінді де ақынның махаббат жырларынан алынды. Бірақ екеуі екі түрлі тағдырды береді. Бірі қайғы, бірі қуаныш, екеуінің арнасы бір болғанмен айтары екі бөлек. Жалпы бұл ақынның шеберлігінде шек жоқ. Жоғарыда айтып өткеніміздей әр сөздің тал бойына жан беріп, бірінен қайғы-мұңның ызғарын шашса, екіншісінен қуаныш пен шаттықтың сәулесін шаштыратыны ғажап. Қысқасы, бұл ақынның шығармаларында көптеп кездесетін үш арна бар. Алғашқысы ұлы тұлғаларымыз жайлы мүшайраның тұсында көрінгендіктен олардың өзіне тән тұлғаларын беруге және оған өздерінің мінез-құлықтарын пайдаланса, ал қаланы жарлаған болса оның тарихи жолдарын өте қысқа да нұсқа шеберлікпен көпшілік оқырманға ұғымды етіп жазуы, бұл ақынның ой-жүйесінің парасатын білдірсе керек. Әрине, қайбір жолдарында өзінің бір ойда жоқта ауытқып барып, түзеліп отыратыны да бар. Жалпы, аз болса да саз жазатын шеберлігінің көбінесе қанағатшылдыққа бет бұратын тұстары баршылық. Ал сурет салғанда да ұтымдылық жағын тез аңғаратындығы да жеткілікті, мұнда аңғалдық пен аңғырттықтың немесе жан дүние тебіренісіне ретсіз ауып кететін жайлар әсте кездеспейді. Ол жағынан біз бұл ақынды құлан таза дегенмен, бірақ ол кей-кейде қайсыбір сөз жүйесінен «Мен солай боп кетем» деген ойлары болмаса, басқа кінәрат табу мүмкін емес. Екінші арнасы, мына уақыттың ащы шындығына келгенде жанын шығарып, қанын сорғалатып айтатыны бар. Оны біз жоғарыда оқыған екі-үш өлеңнің өресінен аңғартқан болатынбыз. Ал үшінші арнасы, бұл енді махаббаттың айналасындағы ақын ұғымдарының дөп басып айтар дуалы тірлігі десек, оған ешкімнің дауы бола қоймас. Әрине, бұл жерде біз «Туған жер жайлы», «Ана туралы» қарапайым жақсы жандардың рухына немесе олардың қуанышына арнаған жырларына онша мән қойғанды жөн деп таппадық. Бірақ бір жағынан олардың жекелеген шумақтарында бүкіл адамзат баласының қадыр-қасиетін толық беретіндей орынды ойдың ұшқындарын байқаймыз. Бұл да нағыз азамат ақынның ой ұшқынынан хабардар ететіні анық. Ойымызды жинақтай келе айтарымыз Темірше ақынның қай өлеңін оқысақ та, өз шеберлігі мен өзекті ойына куә боламыз. Тіпті әр-бірден соң жеке шумақтарынан да оның қаншалықты ақын екендігіне көзің жетіп, оны өз-өзіңнен сонау биік ақындардың қатарына апарып қоюға асығатының айқын. Енді біз соған орай мысалдар да келтіре кетейік: «…Қалдым деме, оздым деме өзгеден, Тек нысанаң айқын болсын, көздеген! Асыл-асыл ойларыңның тұнбасын, Олпы-солпы төгіп алма сөзбенен», – деп өзіне қойған талабы. Ұтымды емес пе? «Жығылмасаң, тұрмасаң, Жыламасаң, күлмесең, Дәрия-дәурен сүрмесең – Ащы өмірдің, ағайын, Тәтті екенін білмес ең? Белдеудегі бедеудің Құрғаттырмай терлігін, Қиқу салып кешқұрым, Құйғытпасаң желді күн – Ұлан-ғайыр далаңнын, Ұқпағаның кеңдігін». Бұл ақынның қарапайым пәлсәпасы болса керек. Өте жөн. Және жан жүрегінің әлдиі десе да болғандай. «Тәуелсіздік – елдігім, еркіндігім, Аймалауда нұрымен көркімді күн. Бұрынғымнан мың мәрте мерейлімін, Бұрынғымнан мың мәрте серпіндімін. Тәуелсіздік – киеміз баршамыздың, Қақыратты көбесін қанша мұздың?! Бағымыз да сол шығар, жоғарырақ Жұлдызымыз жарқырап жанса біздің! …Тәуелсіздік – қанаты ойларымның, Мерекеңді мәңгілік тойла, құрбым! Сөзім тұрсын әлемге сәуле шашып, Таза балдай тарасын бойға жырым! Ақынның еркіндігі, өз-өзінен тілге, үйріліп, жырға айналып жатқан қуанышы. «Уақыт-ай… Сұмаңдаған ұрым-ай, Екі ұртыңның біреуі – қан, бірі – май. Шақпақ таспен шағып кетіп барасың, Күндерімді күл-парша ғып шыныдай. Ақынның уақытқа берген мінездемесі… «…Күттім сені кәдімгі көктемімдей, Білмейді екем бәрібір өртке кірмей… Сезім кәзір шертіп тұр, саусақ салсаң, Домбыраның дың етер шектеріндей…» Сезім қылына берген мінездемесі. Міне, ақынның суреттеле берілген ой түйіндері осындай. Қалғаны оқырман еншісінде деп білеміз. Қабыл алыңыздар, қабырғалы ақынның қандауырлы қағылез ойларын.
Сейфолла ОСПАН

Серіктес жаңалықтары