ҚЫЗЫЛШҰБАР жолбарыс

ҚЫЗЫЛШҰБАР жолбарыс

ҚЫЗЫЛШҰБАР жолбарыс
ашық дереккөзі

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ

– Тәте! Тәте! – деп сырттан әлдекімдер айқайлайды.

Көктемнің күніне маужырап, төсегін үйінің тау жақ бетіндегі бөлмесіне салдырып қойып, Жәкең ұйқылы-ояу халда жатқан.

Мынандай у-шу, үстіне басып кіру үлкен әбестік!

– Ау, не болды, соншама? – деп басын жастықтан жұлып алғанда аппақ сақалы да бірге елпең ете қалды.

–Тәте! Жеңіс! Жеңіс!

– Фашистерді жеңдік!

– Сүйінші, сүйінші! – Соңын ала кірген немересі Ділдахан еркелей келіп атасының мойнынан құшақтады.

– Оу, айналайын, бәрін алыңдар, жеңіс келді деші! Қырандарым-ай, боздап кеткен боздақтарым-ай!… Мә, алыңдар, – деп Жамбыл жастығының астынан орамалды алып, түйінін жазып, ішінен жапырақ-жапырақ ақшаны үлестіре бастады.

– Алматыдан жеңіс мерекесін естіртеміз деп сізге арнайы біраз адам келе жатыр дейді!

– Жеңіс күні жаман шалдарша жантайған бөренедей жатып алғаным болмас, қане тұрайын, – деп Жамбыл қунақ қағып, әп-сәтте ыңқыл-сыңқыл науқасын ұмытып, киіне бастады. Дәрігері келіп қысымын өлшемек еді, қолмен жасқап жолатпады. Үстіне үр жаңа киімдерін киді, басында құндыз бөркі, қолында әдемі тобылғы таяғы. Есік алдында Тұрап басқарма бастаған ауыл адамдары күтіп тұр екен, жапырлай амандасты.

– Жеңіс құтты болсын, шырақтарым! Қане, атымды әкеліңдер, ауылды аралайын, ел-жұртыма құтты болсын айтайын! – деп Жәкең кенжесі Тезекбайға тапсырма бергенде, бәрі қария ақынға таңдана қарасты. Жәкеңнің атқа мінбей, дімкәстеніп, жатып қалғанына айдың жүзі болып қалған. Бұл кезде жемдеуде тұрған кержорғаның жүні жылт-жылт етіп, семіріп, құтырып тұр. Қария болса әлсіз.

– Тәте, пәуеске дайындасақ қайтеді? – деп Тұрап інісі сыпайылап көріп еді, Жәкең шарт ете қалды.

– Өзіңнің қыран екеніңді білмесең шыңға шықпас болар. Ғұмыр бойы ат жалында өскен мені, немене, мешел баладай арбаға мінгізем дейсіңдер. Жылқы деген пырақ, оның екі құлағының ортасында, кекілінің ішінде сені қолдап-қорғап жүретін жебе-иесі отырады. О несі, тәйірі? Қандай су қараңғы, тұманды боранды күні жылқы жарықтық қонысын тура тауып келеді, ізінен жаңылмайды. Атқа мінген адамнан ауру безеді, әпкел бермен кер жорғаны, – деп Жәкең тыпыршып, көкке ыршып тұрған кержорғаның жалына жармасты. Тұрап қолтығынан демеп жібергенде қарт ақын лып етіп ертоқым үстіне қона кетті.

– Ал, кеттік қане! – деп Жәкең жорғаны сыдырта жөнелді. Үстінде үзеңгіге аяғын шірей салған, тіп-тік, күмістей аппақ сақалы самалға желбіреген ақын кетіп барады. Соңындағы колхоз бастығы Тұрап, інісі Сатыш, баласы Тезекбай аттарын қайта-қайта тебініп, шоқырақтап, әзер ілеседі.

Жәкең өзінің үркердей ауылының еңбекшілері алдында құтты болсын айтты, тұқым сеуіп жүрген егіншілерге барды. Түсте бірінші стандағы сонау Итбай жазығында қос басындағылармен бірге түстік ас ішті.

Жәкең содан бір жұма бойы аттан түспеді, Қызыләскер ауылындағыларға құттықтау айтты, одан Қарақыстақтағылар шақырды. Аудан орталығы – Ұзынағашта үлкен жиылыс болып, клубтың алдында ел-жұрты бата тіледі. Күнде қаладан қонақтар келеді, Қордайдан Кенен, Қарғалыдан Үмбетәлі бастаған ақындар келіп, түні бойы ойын-сауық шалқыды. Көптен тосаң тартып қалған құлағы да тарс ашылып кеткендей, арқасына қос жастықты қойып, ақындар сөзіне елжірей құлағын тосады.

Ел желпініп, қуаныштан құлпырып, мәз-мәйрам.

Жер жарықтық та көктем күніне мейір­ле­не маңдайын тосып, көк барқыт шөп ұйыса шыққан. Биыл қанқызыл қызғалдақтар қа­лың. Сонау қан майданда жосадай қаны ағып, мерт болған боздақтардың келте өмірі секілді ат тұяғы тисе де, қатты жел соқса да үлпілдек қып-қызыл қауыздары үзіліп қала береді.

Мамыр айының соңына қарай күн күрт ысып кеткен күні кешкілік Жәкең қызуы көтеріліп, төсек тартып қалды.

Дәрігері де қасына көп адам кіргізбей, ем-домын жасай бастады.

Қарт ақын күннен-күнге әлсірей берді. Құлағы ауыр тартып, жанарында ылғи бір кілкілдеген тұман тұрады. Бәрі бұлдыр-бұлдыр, төңірегіндегі жұрттың сөздерінің нұсқасы ғана талып, үзіліп жеткендей болады. Енжар, сұлқ жатады да қояды. Асқа тәбеті жоқ, осыдан бір жұма бұрын ғана көкке шапшыған кержорғаны көсілтіп жүрген жан деп кім ойлайды.

Жамбыл науқастанғалы отбасында да бір үрей мен күдік сыналап кіргендей, бәрі үрпиіп, жүздерінен кешегі жеңістің лапылдаған қуанышы жоғалып, көздерін мұң басып барады.

Қарт ақынды кезек-кезек күзетісіп, қасында отырады.

– Тәтеміз не деді? – дейді оларға бәрі жаутаңдап.

– Ештеңе… – дегенде бәрінің ұнжырғасы түсіп, үміті сарқылғандай кейіп танытады.

Маусым басталғалы Жәкең даладағы бақтың ішіндегі киіз үйге біржола көшіп алды. Түнде түндігін аштырып тастаса тынысы кеңиді. Қарт адамда қайбір жетіскен ұй­қы болады. Қалғып кетіпті. Ұйқы ұйығына батып бара жатып түс көрді. Түсі тұп-тура өңіндегідей, бәрі-бәрі көкірегінде сайрап тұр.

Тәйті ағасы қолынан жетектеп, қырға шы­­ғарып алыпты.

– Жамбыл, қалай ырзасың ба? – депті.

– Нені айтасыз, аға?

– Адамдар басқа біреудің тіршілігін тамашалаумен немесе қызғанумен өмірін өткізеді. Мақтау мен даттау. Екеуінің арасы бір-ақ елі. Сен ғұмырыңа ырзамысың?

– Тәуба. Құдайдың сыйлаған несібесін көр­дік, жастай жұлынымнан үзілсем не болар еді. Ел-жұртым қолпаштады, талайды көр­дік, Бұйырғанның дәмін таттық.

– Тобашыл жан-миятшыл. Басқа қонған бақ пен мансап – баянды болу үшін жүректе мейір, ата-бабаңда кие болуы керек. Тамырсыз ағаш өспейді. Бақты екінің бірі көтере алмайды. Кездейсоқ бақ басыңды айналдырып, опық жегізеді. Ішін алған тораңғыдай ондай жан тез бітеді, тат жеген темірдей жылдам таусылады. Аузында Алласы, жүрегінде тәубасы бар – саған ата-баба әруағы ырза.

– Тәйті аға, сіз құдай жолында Меккеге барып, сонда қайтыс болар алдында берген аманатыңызды орындадым. Сатышты өз балаларымнан артық көріп, бетіне жел тигізбей өсірдім. Сіз беріп жіберген жайнамазға күнде бес мезгіл намазымды қаза қылмай оқып жүрмін. Тек мына соңғы кезде науқастанып құлағаным болмаса.

– Сен енді менімен бірге жүресің, бұл фәнидің қызығы мен шыжығын көрдің ғой, енді маған ілес, – деп білегінен тас қып ұстай алды. Бұлың-бұлың таулардан өтті, алқара көл шалқардан өтті, құс қанаты талатын сахара шөлден өтті. Бір кезде ауылы көрінді, әне анау Майтөбе, Қарақия, Сәтімбай…

Күреңсал дала тершіп, рахаттанып жатыр.

Бұлар ұшып келе жатыр екен дейді, білегін қатты қысып ұстап алып, жібермейді-ау…

Қыстығып, қысылып жатып оянып кетті. Қара терге түсіпті. Оң жақ білегі шымырлап ұйып қалыпты. Түндігі ашық шаңырақтан пырдай жұлдыздар көрінеді.

– Бісмілла, бісмілла, – деп Жамбыл оң жағына аунап түсіп, білегін уқалады. Әлдеқайдан ит үреді, құлағы да ашылған, жанарында кілегейленіп тұрып алған мұнар да сейілген, кеуде сарайы сыңғырлаған шыныдай, тіпті басын көтеріп отырып, жаңағы түсін есіне түсірді.

Меккеде қайтыс болған Тәйті ағасы мұны ерекше жақсы көруші еді, бетінен қақпайтын. Қажылыққа аттанарда да басқалардан бөліп алып:

– Егер тірі келсем – өзіме тапсырасың, егер ақ өлім кездесіп осы сапардан оралмай қалсам – өзіңе аманатым – Сатыш балам! Өзі еркелеу, қасыңнан тастамағын, – деп еді жарықтық. Тәйті ағасы білегінен тас қып ұстап, шақырып, бірге жүріп қалғаны қалай? Өзімен бірге ертіп жүргеніне қарағанда талқаны таусылайын дегені шығар. Ғұмырың бітер тұста ең жақсы көрген о дүниедегі жақының келіп шақырады деуші еді. Сірә, солай болғаны ғой. Адамның дәмі таусыларда жаны жасаңғырайды, қайта нәресте – сәби күйіне келіп әлдиленеді деуші еді бұрынғылар. Міне, елбіреп, жаны қунақ қағып, жүгіріп кеткісі бар тіптен.

Көзі шырадай жанады, әне аспан астында ойнақ салған мың-сан жұлдыздар. Біреуі құлдилап ағып түсті.

– Бісмілла, бісмілла. Кімнің жұлдызы бол­ды екен, бұ жалғанның бір пендесі бақилыққа аттанды-ау.

Таң сібірлеп, үй ішіне сүт сәуле жүгіре бастапты. Таңдайы кеуіп, қымыз ішкісі келді. Қасында жантайып Сатыш інісі қорылдап ұйықтап жатыр, шаршаған болар неше күннен бері.

Бар байлығың – балаң, мұраң – ізгі ісің мен ұрпағың. Жаңа Тәйті ағасы Сатыш баласын тағы сұрап жатыр. Әне, әруағымен қорғап қолдап жүр ғой олар. Түсін айтса ма екен, жо-жоқ, бәрі жаманға жорып қорқып қалар.

Қолы дірілдеп, Сатыштың басынан сипады. «Тентегім-ай, қатты еркелетуші ем, мен бұ дүниеден озғанда өкіріп, мені сағынасың-ау. Бәріміз қонақпыз бұ дүниеге. Мына қасыңдағы қара шалдай болсын, сенің тәтеңдей болсын бәрі».

Кенет әлдене ырылдағандай болды. Үйге кімнің иті кіріп кеткен дегенше болмады, төсегінің аяғынан керіліп, нән жолбарыс көтерілді.

– Бісмілла, бісмілла, – деп қария өңі ме, түсі ме, деп көзін уқалап сүрткіштеді. Тайыншадай ірі қызыл жолбарыс керіліп тұрып-тұрып, Жәкеңнің төсегінің аяғында жатқан байпағын иіскеп, жалап-жалап алды. Ыр-ыр етіп аппақ сақалды қария ақынға қарап шоқиып отырды да қойды. Қызыл шұбар жолбарыс босағаға барып тағы шоқиып отырды. Кенет есік өз-өзінен ашылып кетті. Күн таудан жаңа шығып келе жатыр екен. Әлгі жолбарыс тура сол таудың үстіне тырмыса шығып келе жатқан күнге қарай беттеп барады.

Жәкең үш рет дауыстап шақырды. Қызылшұбар жолбарыс Алатау үстіне шыққан қып-қызыл күннің шапағына сіңіп жоқ болды. Қып-қызыл күнге айналып, арай боп, шуақ боп төгілді.

– Тәте, тәте, не болды? – деді Сатыш атасының даусынан оянып кетіп.

– Сатыш қарағым, ағайын-туғандарымды түгел шақырғын қане.

– Қазір, тәте. Туһ, сөйледіңіз ғой, ақыры. Бәрімізді шошытып…

– Көрден тіріліп келген Көрұғылындай болдым ба? – деп Жәкең кеңкілдей күлді.

– Қазір, тәте, қазір…

Жамбыл босаға жаққа қарады, ештеңе кө­рінбейді. Ашып көрсе алақанында үш тал тарғыл қылы қалыпты. Қызыл жолбарыстың үш тал қылы қолында дірілдейді.

– Бабаларымның, асыл аталарымның киесі ғой бұл! – деді үш тал қылды кәрі саусақ кеудесіне басты. Бабаларының пірі, өзінің киесі болған – қызылшұбар жолбарыс алып ақынның босағасынан шығып кетті-ау… Ораламысың ел-жұртыңа, асыл киеміз?

Бұл кие қайдан пайда болған өзі?

Жәкең өзі титтейінен шежіре көңіл қариялардан талай-талай естіген көне сарын – алтын арқау, әңгімені есіне түсірді.

Мына жалпақ әлемнің жартысын көкке табынған Көк Тәңірісіне сыйынған түркілер мекендепті. Түркілерді көк түрік деп талай-талай жалы күдірейген мемлекеттер мен ұлыстар бағынып, мойынсұнып, елі мен жері үлкейе беріпті, кеңейе беріпті. Міне, сол кезде мансап пен бақ басын айналдырған елдің патшасы дос пен дұшпанды айыруды қойыпты. Жанына өңкей көрбақай күншіл, өсекшіл, сумақайларды жинапты. Қырық уәзірінің бәрі бір-бірімен қырғиқабақ болып, қырқысып, жұлысып бір-бірін жамандап жүріп, ақыры патшаға у беріп өлтіріп, алып патшалықты қырық бөліп әкетіпті. Жіңішке жіп тез үзіледі, қырыққа бөлінгенді көрінген талап, ақыры өзара бір бірін шауып, екеуі де Көк Тәңірісінің қаһарына ұшырап, түгел құруға айналады. Ел бәленбай жыл шапқыншылыққа ұшырайды. Кешегі қызғалдақтай қыздар күң болады, түйенің ортан жілігіндей қайран жігіттер құл болады, көбісі қырылып, ел азып-тозып сансырайды.

Сонда сол көкке табынған түріктің бір он үш жасар баласы күндіз-түні жалбарынып, ел жұрты үшін кешірім сұрайды. Тау кезіп, жапан түзді аралап, диуана болып, сол бала үш жыл бойы Көк Тәңіріне жалынып, жалбарынады.

Шын ниет етсең иімейтін нәрсе болмайды. Көк Тәңірі қаһарынан қайтып, күннің бір шапағын жұлып алып, содан қызылшұбар жолбарыс жасап, жан бітіріп, әлгі бозбалаға серік етіп береді. Ол тәңірі құлай берілген Иесіне ғана көрінетін Киесі екен.

Құмдай шашылып, өкпелері өшіп, қабырғалары сөгіліп, бастары ауған жаққа қаңғырып, тентіреп кеткен елін сол бозбала дәл сол күннен бастап жинай бастапты. Бұл баяғы, баяғыдан сол жарты әлемді билеген атақты патшаның тікелей ұрпағының бірі екен.

Қызылшұбар жолбарыс әлгі Иесінің қасында жүргенде не тілесе, сонысы қабыл болып, баршылық пен байлыққа, батырлық пен батылдыққа жеткізіпті.

Ұрпақтан ұрпаққа сол кие тек қол бас­та­ған батыр немесе ел бастаған көсем, бас иесі болар хандардың ғана қасында жүреді екен, бұл Кие. Бүкіл бір елдің ұранына айналған Қарасай батырға қызылшұбар жолбарыс еріпті. Жаны қысылғанда осы кие қонған бабаларына сиынады.

Алғаш Қарасай бабасының әруағына тәнті болғаны Құлмамбетпен айтысында анық аңғарды. Тоғыз ақынды жеңіп, көңілі көлдей, өлеңі селдей тасып отырған Құлмамбетпен айтысасың деп Құттықсейіттің Құдайбергені ертіп әкелгенде шынын айтқанда ептеп сасқаны рас-ты. Құлмамбет тіпті еркін, түйдек-түйдек өлеңін өртше қаулатып үдеп барады. Әлдене деп айтайын десе таңдайына тілі жабысып, ауызы құрғап, ар жақтан келген өлең бұршақ-бұршақ болып түйіліп, мойыны үрлеген қарындай кернеп барады. Сол кезде Құдайберген болыс айқай салды:

– Қарасай! Қарасай! Қарасай баба қолдай көр! – деп мұның жанына келіп еді, тығылып тұрған, кептеліп, жұпталып қалған өлеңдер жанартаудай атқылай жөнелді. Тоқтамайды, толастамайды, ары да толғады, бері де қайырды. Ақыры Құлмамбет ақынды жеңіп, аты бүкіл қазақ-қырғызға аңыз болып таралды.

Содан бері айтысарда Қарасай баба әруа­ғы­на сиынып алады.

Содан бері ғұмырында Жамбыл айтыс до­дасында жеңісті еш уақыт қолдан берген емес.

Мына бір оқиғаны Кенен де, Сатыш та көр­ді. Мәскеуге онкүндікке бара жатқан кезі. Күнде өлеңі орысшаға аударылып, «Правдаға» басылып, аты дүркіреп, өзінен бұрын даңқы аспандап тұрған кезі. Әр қалада «Жамбыл ақынды көреміз, еліміздің бас ақынына сәлем береміз. Тірі Гомер, асқақ дана дейді» – деп анталаған халық патшадай күтіп алып жатқан шақ. Көңіл деген бір леп. Жәкең толқып, нұрланып, қырланып, күннен күнге жасара түскендей, саңқылдаған дауысы бүкіл вагонды алып кетеді. Хатшылары, серіктері айтқанын жазып үлгере алмай қалады.

Таудың тасыған өзеніндей болып келе жатқанда бір қырсық шалды. Мұздай қымызды ішкеннен тоқсанға келген қарт ақынның қызуы көтеріліп, тамағы ісіп ауырып, үні шықпай қалды.

Поезд ырсылдап күн өткен сайын Мәс­кеу­ге жақындап келеді. Дәрігерлер қанша қа­рап, емдесе де Жәкеңнің халі төмендеп, төсек тартып сыбырлап сөйлейтін халге келді. Үні жоқ ақын ақын ба? Бүкіл ел бұл тоқсандағы шал өлең айта алмайды екен деп, күндейтін, күлетін болды-ау. Бүкіл қазақ атынан әдейі алып шыққанда хас масқара болдым-ау деп Жәкең қатты қапаланды. Дәл енді ертең жетеміз деген күні бүкіл үкімет басшылары келіп, Жәкеңнің халін көріп, том-торыс, бастарын шайқасып, көңілдері бұзылып қайтты.

Қарт ақын түні бойы бабалар рухына қарап Құран оқыды. «Уа әруағыңнан айналайын, Қарасай баба, бетімді жерге қарата көрме!» деп қатты тебіренді.

Шаршағаны ма, жоқ үсті-үстіне еккен дәрінің күші ме талмаусырап, таң алдында көзі ілініп кетті.

Ақбас Алатаудың басында жүр екен дейді, арсалаңдаған кере құлаш шұбар жолбарыс келіп мұның аяғындағы мәсісін жалайды. Ар жақтан ақ сақалы белуарына түскен сұлу пішінді, кең иықты Сүйінбай ағасы көрінеді де:

– Жамбылжан, тарықпа, қорықпа! Жел айдамай бұлт кетпес, тарығып жүрсең – сүйінерсің, қамығып жүрсең – қуанарсың. Қарасай бабаның қызылшұбар жолбарысы саған ерді, басыңа бақ қонды. Енді қолыңды оңға сілтесең – күнді ұстарсың, солға сілтесең – айды ұстарсың. Бақты көтерер салмақ керек, соны ұғын Жамбылжан! – деп ұзап барып мұнарға сіңді.

Купенің ішінде оянып кетсе кеуде сарайы шайдай ашылған, сыңғырлап тұр. Ілулі тұрған домбыраны алып, дауысын көтере өзінің ежелгі әуеніне салып туған елі, өскен жері жайлы толғай жөнелді.

Дауысы тұп-тұнық, күмбірлеп тұр. Алдымен жанында жатқан Сатыш оянды, одан көршілері, бүкіл вагон, поезд дүрлікті.

– Жамбыл ата өлең айтып отыр.

– Даусы-ай десеңші, алты қырдан естіледі тіпті!

– Ауырып қалды демеп пе еді?

– Шалдың қырсығы да. Әне Мәскеудің төбесі көрінісімен саңқылдап

соғып отыр!

– Паһ шіркін-ай, десеңші!

– Жаса, Жәке, жаса!

– Үніңнен айналайын, Жамбыл тәте! – десті қуанған көпшілік жамырап.

Сол сапар – бақ сапары, ақжол болды. Жамбыл аты әлемді алып кетті. Өлеңі мұхиттарды асып, тауларды басып, дүниенің төрт бұрышына түгел тарады.

Мәскеуден қайтқанда көп жұрт жатырқап, Жәкеңді танымай қалды. Белі бүгіліп, қолында ақ таяғы, тоқсанға келген, кәужіреген кешегі шал енді қайтып келгенде тіктеліп, кеудесі шалқақ, бетіне қызылшырай нұр жүгіріп, жанары тұтанып, дауысы ашылып, бойына бұла күш біткен жастай еркін қимылдап, тез жүретін әдет тапқан. Тоқсандағы шал емес, жігіттей сергек те серпінді. Міне, содан бері қатты сырқаттанып көрмеп еді…

Таң сібірлеп атып келеді. Жаңа күннің шуағы жерді елжірей айналады. Тау жақтан қоңыр самал еседі. Өмір деген не деген тәтті, қандай әсем?! Қарт ақын көзін көлегейлеп сыртқа қарады. Адам неғұрлым бақытты болса уақыт дегенің шыр айланып, солай тез өте шығатынын біліп пе?

Құс – ұшу үшін, балық – жүзу үшін жаратылған. Ал дүниеге келген әр сәби бақытты ғұмыр сүру үшін келеді. Ол пенденің маңдайына не жазылып тұрғанын бір Алла біледі. Бірақ бақ та, бақыт та тікелей өзіңе байланысты. Ішкі өзегіңе, араласатын ортаға байланысты.

Ұлағатты мақсат, асыл мұраты үшін борша-борша тер төгіп, ақылы мен ісін ұштай білген, өз-өзін ұстай білген жан қасиетті де қастерлі. Ондайларды киесі төңіректеп жүреді, пірі сақтайды, ақыры ол бақтың алтын тәжін басына киеді. Ол үшін игілікке ұмтылыс, тоқтаусыз әрекет, ойлы іс керек.

Мына жалған дүниенің кілті – өзіңде. Жұлдызыңды биікте жандырғың келсе – төңірегің де әсем болуы шарт. Арласатын дос-жаран, замандастарыңа қарай бағың не өседі, не сор айландырады. Талғамы жоқтың – талқаны тез таусылады.

Жамбылға күнде сапырылысып келіп жататын тілші-жазушылардың кейбіреулері төтесінен сұрақ қойып:

– Сіз қалайша осыншама ұзақ жасадыңыз? – дейтіні бар. Бұл ондайда жұмсақ жы­миып қана:

– Оны бірінші Құдай біледі, ата-анамнан сұра, – деп жауап қайырады.

Шынында да замандастары сиреп-сиреп, енді тау басындағы жалғыз доланадай жүзге ентелеңдей келіп қалыпты. Әңгіме-дүкен қыздыратын асыл кеуде, шежіре көңіл қария-құрдастарының бәрі анау жотада, мәңгілік мекенінде жатыр. Имандары алдарынан шалқысын, өтті дәурен деген әне сол.

Сарқылмас дәулет-тәніңнің саулығы. Ғұмыры уытты спирт, арақ-шарап тартпады, лас нәрседен бойын аулақ салды. Бес мезгіл намазын қаза жібермей, жылына бір мәрте ораза ұстады, осы жасына дейін қырым артық -ауыс ет жинамай, өзін бәйгеге қосатын сәйгүліктей баптай білді. Қорқыт баба: «Бас аман болса – бөрік табылады» –демекші тән саулығы – бар дәулеттің басы.

Көңіл-күйін көтеріп, жадырап, әзілдесіп күліп жүрсе – ол адамның балы тамып, ажараланып тұрады. Қазымыр, қызғаншақ, ашуланшақ жан – ішін құрт жеген ағаш секілді – тез қурап, семеді.

Тіршіліктің көзі – қозғалыс, еңбек. Төңірегіңе жаны жайсаң, мейірі шіпілдеген, жомарт көңілді мәрт мінезді жандарды жина. «Ырыс- жұғысады, ақыл – ауысады».

Жақсымен дос болсаң –

Алдыңнан шығар елпектеп.

Жаманмен дос болсаң –

Сыртыңнан жүрер өсектеп, – деп Махамбет ақын қандай тауып айтқан десеңші!

Бүкіл жер – жаһанға өлеңі арқылы аты жайылды. Ойың, ақылың дұрыс болса – сөзің де, ісің де дұрыс болады. Бұл ежелгі қағида. Ақылды бастан ғибратты сөз шығады. Ал, әкеңнің қанымен, шешеңнің сүтімен бірге келген ақындық дегенің – бұл Құдай тағала берген асыл қасиет! Оны ықыласпен ұстап, бөбектей мәпелеп, құстай тарап, бабын тауып, бағалай білген жөн. Тәңірі сыйлаған сол өнеріңді бұлақ көзіндей ашып отырмасаң тез бітеліп, көміледі. Жақсы жандарды мақсаткерлігіне қарап айыруға болады. Ақылсыз жан – мақсатсыз, ол тапа- тал түсте адасады.

Адам ырқынан тыс тылсым, құдіретті күш-қасиет болады. Қасиетті елі, жері үшін туған перзентінің маңдайына бармақтай бақ бітеді. Сол бақ – ол көзге көрінбес – жақсылық пен ырыстың нышаны – пірі мен киесі.

Жамбыл есік алдында жиналып жатқан ағайын-тумаларына көрген-білген, көкірегіне түйген осы жайттарды ортаға салып, айтып бермекші еді.

Кезек-кезек сәлем беріп, алқақотан отырған ағайын бауыр, балаларына сынай қарады да:

– Басымды көтеріңдерші! – деді. Арқасына қос жастық қойып, иығына желбегей шапан жапты.

– Немене бәрің суға түскен көжектей үрпиіп, ұсқындарың түсіп кеткен. Аталарың, міне, алдарыңда отыр. Құдайға шүкір, асарымды асадым, жасарымды жасадым. Бәріне де тәубе! Маған еріп жүретін қызылшұбар жолбарысым жаңа босағамнан шығып, Алатауға қарай көтеріліп кетті. Үш рет айқайлап шақырып едім, бұрылып қарамады. Сірә, маған да кезек келген болды, мен енді мәңгілік орныма барамын қарақтарым, – дегенде бір–екеуі сықсыңдап дауыс салып жылап жіберді.

– Тәйт әрі, көз жастарыңды көрсетпеңдер. Аталарыңның арты той.

Менің сүйегімді ұзатпай осы киіз үй тұрған жерге – өзімнің бағымның ішіне қойыңдар, мен енді ұзаққа бармаспын. Ана Ережепке екі тоқты апарып беріңдер, әнекүні бір тоқтысын алып сойғызғанмын. Басқада қарызым жоқ, өлеңімнің өтеуіне, жырымның шашуына деп сыйлап бергенін алдым. Қырғыз-қазақ құдасындай құрақ ұшып күтті, ханындай сыйлады. Баршасына нұр жаусын! Мына Сатышты бөлектемеңдер, енді осы қалады аға болып сендерге. Ал, Тезекбай, ана кержорғаны асыма соясыңдар. Тек жалын күзегенде төрт-бес қылын сілекейіне матырып алып қалыңдар, – деген сәтте сырттан төрт-бес адам кіріп келді.

– Сізді Шаяхметов Министрлер Каби­не­ті­нің ауруханасына алып келіп емдет деп жіберді бізді, деді, – ақсақал ақынды қапсыра құшақтаған Сәбит Мұқанов пен Мұхтар Әуезов. Жәкең бұл екеуін жазбай таныды.

– Жаман шалды алысқа сүйремей-ақ қойсаңдаршы.

– Жоқ, болмайды, сіз халық үшін, қазақ үшін керексіз! – деп Сәбит қоймады.

– Анау дәуқара семіз қойды сойыңдар, – деді Жәкең Тезекбайға қарап, – мына меймандар да дәм татып кетсін.

Ұлы ақын осыны айтып, әлсірей берді. Бәрі дереу сыртқа шығып, іште дәрігерлер ғана қалды. Түс ауа екі машинамен Алматыға алып кетті.

* * *

Мойынқұмның құмды жазығын бойлай Шу өзені ағады. Сексеуілді, құмды өлкенің өркеші секілденіп, алыстан Жамбыл тауы көрінеді. Сол Жамбыл тауының бөктерінде атамекеніне көшіп келе жатқан сәтте туған нәресте тоқсан тоғыз жылдан кейін Майтөбенің бауырында, Шотай өзенінің жағасында, өз ауылының қақ ортасындағы алма бағының ішінде тамылжыған жазда жерленді. Жамбыл тауының атын иемденеген сол сәби кейін алып тұлға – әлемнің Жамбылы атанды, ұлы ақын болып, қазақ атын төрткүл дүниеге танытты. Ұлылар – елінің бағына, бақытына туады.

* * *

Ұлы ақын қайтыс болғаннан кейін ел арасында мынандай әңгіме тарады: Жамбылдың жүрегі оң жағында екен, онда үш тал түк өсіп тұр екен десті жұрт.

Мұны өзімнің әке-шешем де жастайымнан талай мәрте айтып, құлағыма әбден құйып, мені де шүбәсіз сендіріп қойған.

Қызылшұбар жолбарыс алқызыл күннің шапағынан қайта жаралып, елімізге оралыпты, ол халқым дегенде қабырғасы қайысатын дара тұлға – маңдайы жарылып туған асыл перзентінің жанында қыдыр болып еріп жүр деседі.

Бақ пен кие – ел жұртымыздан арылмасыншы!…