ЯДРОЛЫҚ ҚАУIПСIЗДIК және бойтұмар
ЯДРОЛЫҚ ҚАУIПСIЗДIК және бойтұмар
Сеул саммиті 50 мемлекет басшыларының басын қосты
Америкалық әрiптесiне бойтұмар сыйға тартқан Қазақ Президентi екi ел арасындағы саяси, экономикалық қатынастарға, әсiресе ядролық қауiпсiздiк, Ауғанстан проблемалары, кәсiпкерлiк, инвестиция мәселелерiн нығайтуға мүдделiлiк танытты.
ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев, АҚШ президентi Барак Обама мен Ресей президентi Дмитрий Медведев 2012 жылдың 26-27 наурызында Сеулде өткiзiлген Ядролық қауiпсiздiк жөнiндегi саммит барысында ресми түрде кездестi. Екiжақты экономика, саяси және ядролық қауiпсiздiк саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға байланысты әңгiме қозғаған ел басшылары мемлекеттiк және әлемдiк деңгейде маңызы бар мәселелердi қаузады.
Басқосуда Қазақ Президенті Қазақстанның ядролық қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударатынын көлденең тартса, оның америкалық әріптесі 20 жыл бұрын ядролық қарудан бас тартқан Қазақстанның осы бағытта белсенді әрекет етіп келе жатқанын айтты. Н.Назарбаев: «Менің Жарлығыммен бұдан 20 жыл бұрын біз Семей сынақ полигонын жаптық. Бірнеше жылдан бері Қазақстан, Ресей және АҚШ сынақтардың салдарларын жою жөнінде бірлескен жұмыстарды жүргізіп келеді. Біз бұл көмектері үшін серіктестерімізге ризашылығымызды білдіреміз», – деді. Осы орайда Обама Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы бүкіл әлемге үлгі болатын қадам екенін жеткізді: «Қазақстан Жер шарына жаппай қырып-жоюға қабілетті қару-жарақтың жат пиғылдылардың қолына түспеуі үшін басы бүтін қалай жою керектігін үйретті». Кездесуде Обама уран мен плутоний байыту, халықаралық ядролық жанар-жағармай банкін дамыту мәселелерін талқылауға да мүдделілік танытты. Өйткені бұл мәселе кейбір мемлекеттерді уран мен плутоний байытатын зауыт салу мәжбүрлігінен құтқармақ.
«Мемлекеттеріміздің арасындағы тығыз қарым-қатынас ядролық қауіпсіздікпен шектелмейді. Бұл басқосу бірнеше жылдан бері жүргізіп келе жатқан Ауғанстанға қатысты мәселелердегі ынтымақтастығымызды одан ары қалай дамыту керектігін ақылдасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кәсіпкерлік саласындағы байланыстарымызды күшейтуге ден қою керек» деген Б.Обаманың бейбітшілікті ядролық қарусыз қорғауға шақырған үндеуін Н.Назарбаев құлшына құптады. Мысал ретінде Құрама Штаттардың қазақ экономикасына ендігі 20 млрд. доллар көлемінде инвестиция салғанын келтірді: «Орталық Азияға бағытталған инвестицияның 80 пайызы Қазақстанның үлесінде. Әлбетте, лаңкестікке қарсы күресте, Ауғанстан мәселесінде, Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдау мәселелерінде тығыз қатынас жасай бермекпіз. Біз бұл тақырыптарды 2 жыл бұрын талқыға салған болатынбыз». Қазақ Президенті сонымен қатар өзге де саяси және экономикалық ынтымақтастықты нығайта отырып, тізе қоса жұмыс жасайтынын айтты. Назарбаев америкалық әріптесіне «Жолың болсын!» деген тілекпен бойтұмар сыйлауды да ұмытпады.
Кездесудің қорытындысы бойынша үш мемлекеттің басшылары бұрынғы Семей сынақ полигонына қатысты үшжақты ынтымақтастық жөнінде бірлескен мәлімдеме қабылдады. Аталған құжатта: «Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Америка Құрама Штаттарының Президенттері ядролық қаруды тарату қауіп-қатеріне және ядролық лаңкестікке қарсы күрес жолын ұстанады. 2004 жылдан бастап біздің үш ел бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағында жасалған ядролық сынақ әрекеттерінің салдарларын жоюға және оны қауіпсіз қалыпқа келтіруге бағытталған бірқатар жобаларды іске асыруда ынтымақтасып жұмыс жасап келеді. Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Америка Құрама Штаттарының Президенттері осы мақсаттардың іске асырылуын өз бақылауларына алып отыр. Қазіргі уақытқа дейін ауқымды жұмыстар жасалды. Заманауи физикалық және техникалық құралдарды пайдаланудың нәтижесінде бұрынғы полигонда қауіпсіздіктің деңгейі айтарлықтай артты. Бұл жұмыс аяқталуға жақын және біз оны физикалық ядролық қауіпсіздікті және ядролық қаруды таратпау жолын ортақ ұстаным ретінде көрсететін үшжақты ынтымақтастықтың аса табысты үлгісі деп қарастырамыз» делінген.
Саммиттің кеңейтілген отырысында ядролық қару-жарақтың әлемдік қорын азайту туралы да мәселе көтерілді. Өйткені бүкіл Жер шарына аса қауіпті бұл материалды іздеп жүргендер көп. Адамзатқа қауіп төндірген осы материалдардың бір уысы мыңдаған бейкүнә жанды баудай сұлатуға қауқарлы болса да, олар қажетті деңгейде бақылауда отырған жоқ. Сеулде жиылған 50-ден астам елдің өкілдері ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы әлемдік деңгейдегі іс-шараларды талқылады. Негізі Сеулдегі Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит екінші рет өткізіліп отыр. Біріншісі 2010 жылы Вашингтон қаласында ұйымдастырылған болатын.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ