«АҚ ЖОЛ» ГАЗЕТIН АҚТАРСАҚ…

Таяуда Оңтүстiк Қазақстан облыстық Саяси қуғын-сүргiн құрбандары мұражайының (директоры Ханбибi Есенқараева) дайындауымен 1920 жылдары Ташкентте апта сайын 3 рет жарық көрiп тұрған «Ақ жол» газетi материалдарының көптомдық жинағының алғашқы екi томы жарық көрдi. Ал «Ақ жол» қандай газет едi? Оны кiмдер шығарды? Қандай материалдар басылды? Бұл газеттiң соңғы тағдыры қалай аяқталды? Төмендегi мақала осыған жауап айтады.

Түркістандағы ұлттық элитаның бастамашылығымен 1920-25 жж. ТКП ОК және Түркаткомның баспасөз органы ретінде жарық көрген «Ақ жол» газетіне С.Қожанов, С.Оспанов, Н.Төреқұлов, С.Асфендияров, М.Дулатов, И.Тоқтыбаев, Қ.Күлетов, М.Қайыпназарұлы, С.Сәдуақасов, Ж.Арыстанов, Ө.Тұрманжанов сияқты азаматтар бірі басшы, бірі қосшы болып, басшылық жасады. Бұл аталған азаматтардың бәрі дерлік алаштық идеяның туын көтерген ұлттық элитаның көрнекті өкілдері болатын. Олар өздерінің ұлттық тұтастықты ұлықтаған саяси көзқарастары, дәстүрлі мәдени-рухани құндылықтардан бас­тау алған қазіргі заманғы ілгерішіл дүниетанымы бойынша кеңестік билік жасақтаған партиялық-мемлекеттік номенклатураның өлшеміне сыймайтын еді. Олардың қазақы рухты бо­йына сіңіріп, жаңа қоғамда ұлттық құндылықтарды таптық құндылықтардан жоғары қойған бағыт-бағдары газеттің саяси-идея­лық мазмұнын айқындады. Ал Ахмет Байтұрсынов, Нәзір Тө­реқұлов, Ғазымбек Бірімжанов, Халел Дос­мұхамедов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгерұлы, Мұхтар Әуезов, Қалжан және Әуелбек Қоңыратбаевтар, Бейсенбай Кенжебаев, Телжан Шонанұлы, Әлжан Байғұрин, Абдолла Байтасов, Қажым Басымов, Шамғали Сарыбаев, Біләл Сүлеев, Есім Байғасқин, Сәдуақас Баймаханов, Мәшһүр Жүсіптің баласы Әмин Жүсіпов, Жүсіпбек Арыс­танов сияқты көптеген ұлтжанды қаламгерлердің тұрақты автор болып қатысуы да газеттің ұлттық өзегін нығайта түскені белгілі. Газет шын мә­нінде Түркістандағы алаштық үлгідегі ұлттық элитаны топтастырушы идеялық орталыққа айналды. Осы газет арқылы көрнекті қайраткерлердің көтерген ұлттық идеялары Түркістандағы қалың қазақ бұқарасына жол тартып, қолдау тауып жатты.

Түркістанда «Ақ жол» газетінің халыққа кеңінен танымал болуы оның «Қазақ» газетінің ұлттық бағыттағы идеялық дәстүрін жалғастыруына байланысты деп білеміз. М.Әуезов 1923 жылы 4 ақпанда «Ақ жол» газетінде «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын» – деп берген бағасын осы ізгі дәстүрлерді кеңестік билік жағдайында жалғастырған «Ақ жол» газетіне де қатысты айтуға болар еді. Төрт жылдан астам шығып тұрған газет таралымының жоғары болуы оның тілінің жатықтығымен ғана емес, газет бетінде көтерген мәселелерінің ұлттық мүддені ұлықтаған өткірлігінен, халықтың көңіліндегіні айтуынан еді.

Кеңес қоғамындағы партиялық әдебиетте мемлекеттік биліктің жо­ғары эшелонындағы ұлттық басқару элитасының қызметіне сыңаржақ бағалар берілген. Әйтсе де, ол бағалардың арасында ақиқатқа сәуле түсіретін тұжырымдар да кездеседі. Айталық, «Ходжановтар негізінен «Ақ жол» газетінің төңірегіне топтасып, онда өздерінің ұлтшыл-уклонистік көзқарастарын жарнамалады», – деп топшылдыққа ұлтшылдық идеялардың негіз болғанына назар аударады. «Ақ жол» газетіне қатысты Сталиннің белгілі хатының ықпалымен жасалған бұл партиялық тұжырым ұлттық элитаның қызметіне берілген саяси бағаның өзегіне айналды. Осылайша «Ақ жол» газетіне кеңестік қоғам тарихшылары біржақты баға беріп, биліктің идеологиясы мәселені ұзақ жылдар бойы жабық тақырыпқа айналдырды.

Тарихшы ретінде Т.Рысқұлов қазақ басылымдарына мынадай баға береді: «кладет начало оформлению литературного казахского языка, очистки казахской литературы и языка от всех посторонных наслоений и т.д.», выс­тупает против панисламистского уклона». Т.Рысқұловтың кейіннен ұлттық басылымдарға берген бұл бағасын өзгертуін Д.Аманжолова тарих ғылымында сталиндік көзқарастың орнығуынан туындаған шарасыз әрекет деп бағалайды. Әрине, Т. Рысқұловтың бұл әрекетінде аталған фактор басты рөл атқарғанымен «Ақ жол» газетіне қатысты оның ұстанымы коммунистік идеяға негізделген саяси көзқарасының ықпалынан туғандығына көз жеткізеді.

«Ақ жол» газетінің ұлтшылдық бағытын айыптап, өзінің саяси күресінің дәлелі ретінде пайдалануға Әліби Жангелдиннің жол салып бергендігі де тарихи дәйек. Осыған байланыс­ты Д.Аманжолова мынадай деректі ұсынады: «Для таких же верных ленинцев-сталинцев и давних врагов Алаш, как А.Джангильдин, сам факт участие в демократической национальной печати небольшевистского направления служил верным доказательством контрреволюционности, о чем он доносил В.И.Ленину в апреле 1921 г., касаясь биографии Н.Тюрекулова и С.Ходжанова – руководителей Советского Туркестана».

Ал Т.Исмағамбетовтің тұжырымы бойынша «Айқап» пен «Қазақ» га­зеттерінің арасындағы «өткір пікір­таластың» барысында «Айқап» жур­налының барынша радикалды, сын көзқарасы мен «Қазақ» газеті редак­циясының көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылық укладын біртіндеп қайта құруға негізделген барынша ұстамды көзқарасының арасындағы айырмашылық айқындала түскен. «Айқаптың» радикализмы оның редакторы және шығарушысы М.Сералиннің отырықшыландыруды жерсіз және жері аз қазақтарға жер бөліп беру арқылы шешу мәселесін қуаттаған ұлт зиялылары өкілдерін қолдаған позициясынан туындаған. Қоғамдық өмірдің мәселелерін шешудің осы радикалды және эволюциялық жолы кейіннен Ресейдегі 1918-1920 ж.ж. қазақ интеллигенциясының арасындағы және 20-жылдардағы қазақ коммунистерінің арасындағы күрестегі саяси межеленудің негізіне айналды. Бұл тұжырымды ұлттық интеллигенцияның саяси межеленуінің бір ғана, онда да қосалқы сипаттағы мысалы ретінде қарастырған жөн сияқты. Әйтсе де, ол мысал ұлт зиялыларының қарама-қарсы лагерьлерге топтасып, тоталитарлық билік жағдайында аяусыз тартысқа түсуінің бастапқы тетіктерін айқындауға қызмет ете алады. «Айқап» пен «Қазақ» басылымдары төңірегіне топтасқан ұлт зиялыларының көзқарасы қазақ елінің болашағын айқындайтын тәсілдерді таңдауда екіге жарылған болса, кеңестік билік нығайған сайын ұлттық мүдде таптық мүддеге ойыса берді. Оның мәні, ұлттың өзін қанаушы мен қаналушыға бөлген кеңес қоғамының саяси тұғырнамасынан туындаған еді. «Бақытты қоғамда өмір сүруге тек жарлы-жақыбайлар ғана құқылы, жаңа қоғамда «қанаушыларға» орын жоқ. Міне, осы қағида ұлт зиялыларының қазақ қоғамын жаңалау­дағы көзқарас айырмашылығын терең жарға айналдырды. Оның үстіне «социализм дамыған сайын тап күресі күшейе түседі» деген сталиндік тезис қазақ қоғамында ұлт зиялыларының арасындағы саяси тартыста барынша аяусыз сипат алды. Қазіргі тарихи танымда басы ашылып, айқындалуы тиіс тұжырым осы.

Осылайша Алаш қозғалысының ке­ңес­тік тарихнамасында «Ақ жол» газеті кеңестік билікке тар­тыл­ған ұлт зиялыларын алаштық қай­рат­керлермен байланыс­тыра отырып, ұлтшылдыққа айыптаудың басты дәлелдерінің біріне айналды. И.Сталиннің «Ақ жол» газеті туралы» хаты алашордашылардың қызметіне баға беруде тоталитарлық биліктің саяси ұстанымдарын орнықтырды. Хатта негізделген ұстанымдар Алаш қозғалысы тарихнамасының теориялық-әдіснамалық негізін салып берді.

Осыған байланысты 1937-1938 жж. үлкен террорға дейінгі кезеңдегі Алаш қозғалысы тарихнамасында ұлт зиялылары М.Атаниязов, Ә.Байділдин, О.Исаев, І.Қабылов, Ғ.Тоғжанов, Ш.Тоқжігітов, Ә.Жанкелдин, С.Сейфуллин, Т.Рыс­құлов, Х.Габилуллин, А.Кенжин және т.б. еңбектері мен мерзімдік басылымдарда жарияланған мақалаларының бәрі бірдей сталиндік тәртіптің саяси қысымынан яки арнайы тапсырыспен жазылды деп үзілді-кесілді тұжырым жасау асығыстық болар еді. Аталған авторлардың көпшілігі қазақ қоғамының болашағын коммунистік мұраттармен байланыстырған, таптық-партиялық сенімдегі зиялылардың өкілдері еді. Олардың арасында таптық көзқараспен жазылған, теориялық дайындығы жоғары еңбектермен бірге, осы күресті желеу етіп мансапқұмарлық мақсатпен немесе жеке азаматтық қатынастары бойынша есе қайтаруды көздеген еңбектер де бар екендігі белгілі. Демек, тарихнамалық, деректанулық талдауды қажет ететін бұл деректер Алаш қозғалысының шынайы болмысын қалпына келтіруге септігі тиеді. Ал И.Голощекин бастаған А.К.Богачев, С.Брайнин, О.Исаев, И.Тимофеев, С.Мещеряков, Ғ.Тоғжанов және т.б. партиялық номенклатура өкілдерінің мақалалары мен еңбектері тарихи танымда И.Сталин хатынан кейінгі Алаш қозғалысы туралы ұстанымды орнықтыруға және онан әрі насихаттауға қызмет еткені белгілі.

Осы кезге дейін «Қазақ» газетінің, «Шолпан» журналының материалдары жеке жинақ болып басылып шықты. Ендігі кезекте «Ақ жол» газеті өзінің ізашары сияқты тұтас дереккөзі ретінде жан-жақты ғылыми танымның нысанына айналып отыр. Бұндай кенжеліктің сыры, әсте де газеттің еліміздің мә­дени тарихындағы рөлінің, атқарған қызметінің төмендігінен емес. Кейбір зерттеушілердің зерттеу тақырыбына сай басылым беттерінен нақты деректер тауып, оған деректік талдау жасаған ғылыми ізденістері бар. Бірақ ол әрекеттер осындай ауқымды мұраны игеру үшін тым жеткіліксіз болып келген еді.

«Ақ жолдың» қазақ қоғамындағы атқарған қызметі мен алар орнына алғашқылардың бірі болып назар аударған академик С.Қасқабасов былай дейді: «тарихымыздың осынау қаралы беттерінде И. Сталиннің «Ақ жол» газеті туралы хатының ел ішінде зобалаң туғызған сүреңсіз рөлі әлі де нақты айқындала қойған жоқ. Мұны терең зерттеу осы хаттың ауыр салдарына ғылыми баға беру тарихшыларымыздың үлесі». Ғалымның ұсынысын қуаттай отырып, мәселеге барынша айқындық беру үшін И. Сталин хатының салдарын емес, ең алдымен оның жазылу себебін анықтаудың ғылыми маңыздылығын айта кеткеніміз орынды болар.

«Қазақ» газеті 1918 жылдың 16 қыркүйегінде ең соңғы 265 санынан соң, шығуын тоқтатты. Оның көп себептерінің ең бастысы кеңестік биліктің қысымы болғандығы белгілі. Ал 1920 ж. 18 сәуірден бастап жарық көріп, 7 желтоқсаннан бастап, «Ақ жол» атымен шыға бастаған газет «Қазақ» көтерген алаштық идеяның жығылған туын іліп әкеткендей еді. Түркістан коммунистік партиясының Орталық Комитеті Атқару бюросы халықпен жүргізетін идеологиялық жұмыстар кешенінің бірі ретінде 1920 ж. 19 қазандағы мәжілісінде «Қырғыз газеті туралы» мәселе қарап, ТКП ОК мен ТүркОАК органы ретінде «Ақ жол» газетін шығаруға; газетті аптасына кем дегенде 2 рет жарты бас­па табақ көлемінде 12 мың данамен шығаруға шешім қабылдап, жауапты редакторлыққа Сұлтанбек Қожановты, жауапты хатшылыққа Міржақып Дулатовты тағайындайды. Газеттің алғашқы саны 1920 ж. 7 желтоқсанында жарық көрді. Осы кезде редакция құрамында Иса Тоқтыбаев, Хасан Алиев, Абдулла Байтасов, Қоңырқожа Қожықов, Хади Илаев, Ғабит Алпаров қызмет істеген газеттің алғашқы санына жауапты редактор Иса Тоқтыбаев қол қойған. С.Қожановтың республика көлеміндегі қоғамдық-саяси процестерге белсене араласқан қызметі оның газет редакторлығымен тікелей айналысуына мүмкіндік бермегені байқалады. Осы жерде айта кететін бір мәселе – «Ақ жол» газетінің ізашары жөнінде. 1920 ж. сәуірінде Ташкентте ТүркОАК пен Түркістан майданы саяси бөлімінің атынан аптасына екі рет шығарылатын «Жаңа Өріс» газеті жарық көре бастаған. 1920 ж. 27 шілдеге дейін 14 саны жарық көрген «Жаңа Өріс» негізінде жаңа сападағы газет шығару қажеттігі туған. Соған байланысты ТКП ОК хатшысы Н. Төреқұлов мәселеге баса мән береді.

«Ақ жолдың» жарық көруіне тікелей бастамашыл болған Нәзір Төреқұлов ТКП ОК жауапты хатшысы ретінде уақыт талабына сай батыл әрекет жасаған. Түркістан көпұлтты респуб­лика болып қалыптасты. Содан да оның құрамындағы Жетісу, Сырдария облыстары, республиканың өзге аймақтарындағы қазақтар үшін де қазақ тілінде республикалық билік органдарының ресми газетін шығару үлкен қажеттілікке айналған болатын.

Осыған байланысты Н.Төре­құ­ловтың газетті шығаруға тікелей бастамашыл болғандығын айғақтайтын мынадай дерекке назар аударуға болады. С.Сейфуллин 1937 ж. республика партия ұйымының басшысы Л. Мирзоянға жазған хатында былай дейді: «В 1920 г. в г. Москве во время VІІІ съезда Советов РСФСР я с одним товарищем заходил в номер т. Джангильдина. У него сидели тт. Рыскулов, Турякулов и еще кто-то. Турякулов как раз хвастался, что он «организовал» в г.Ташкенте, в тогдашней Туркестанской АСС Респуб­лике, казахскую газету под названием «Ак жол» («Белая дорога»), что «газетой этой руководит приглашенный им известный, авторитетный (его выражение) писатель Мирякуп Дулатов». Когда он со смакованием произнес это, я тут же со смехом вставил: «И название газеты белогвардейское, и «авторитетнейший» писатель Дулатов белогвардейский!» Рыскулов засмеялся, а Турякулов побагровел». Бұл деректен ұлттық элита өкілдерінің жеке бас араздығының емес саяси-идеялық көзқарастарының қақтығысын көреміз.

«Ақ жол» – кеңес өкіметінің езілген ұлттарға теңдік пен бостандық беруге уәде еткен саяси мәлімдемесінен бұрын жаңа қоғамдық тәртіпте ұлт мүддесін қорғаған ұлттық элитаның саяси еркінің жемісі болатын. Осы тұрғыда қарастырғанда ұлттық-демо­кратиялық және таптық-партиялық саяси құндылықтарды ұлықтауы бойынша жікке бөлінген екі жақтың мүддесі тоқайласқандай болғанымен, олардың қарым-қатынасында жақындасудан бұрын кейін аяусыз саяси тартысқа ұласқан жатырқаушылық әрекеттер басым түсіп жатты.

Екі газеттің жарық көрген уақыты мен қоғамдық ортасын салыстырар болсақ, «Ақ жол» газеті жаңа жағдайда ұлттық саяси ойды сапалық жаңа деңгейге көтере алды. Өйткені «Қазақ» газетінде көтерілген идеялар «Ақ жолдың» қызметінде большевиктік билік нығайған кеңестік қоғамның нақты өмір шындығымен бетпе-бет келіп, іс жүзінде сыннан өтіп жатты. Отарлық биліктің езгісінен ұлттық мүддені қорғап, саяси күрес майданына шыққан «Қазақ» газетімен салыстырғанда «Ақ жолдың» жағдайы бір жағынан жеңіл, екінші жағынан күрделі болды. Жеңіл болатыны, газет республикадағы саяси билік пен өкіметтің ресми органы болғандықтан оның материалдық-техникалық жарақтануы біршама жоғары болғаны рас. Оның өзі де баспасөз төңірегіндегі ұлтжанды азаматтардың жанқиярлық еңбегінің нәтижесі.

Газет жағдайының күрделілігі Түркістандағы қалыптасқан саяси ахуалдың қарама-қайшылықты сипатынан туындады. Өлкеде өз саяси қарсыластарын түрлі жолдармен ығыстырған большевиктер жеке дара билікке қол жеткізді. Ұлттық элитаның саяси күресінде басымдыққа ие болған түркілік, мұсылмандық, түркістандық бірлік идеялары бөздей сетінеп, этносаяси мүддеге қарай ойыса берді. Кеңестік билікпен келісімге келе алмаған ұлттық күштердің басым бөлігі басмашылық қозғалысқа бет бұрса, Түркістан ұлттық элитасының Мұстафа Шоқай бастаған үркердей тобы саяси мұғажырлық жағдайда коммунистік билікке қарсы бітіспес күрес бастады. Ал жаңадан қалыптасып келе жатқан паритялық номенклатураның ұлттық кадрлары саяси әрекетте таптық, интернационалдық талаптарды батыл қоя бастады да отарлыққа қарсы бірлікті таптық төзімсіздікпен алмастырды. Міне, осы саяси процестердің бәріне де «Ақ жол» газеті үн қосып, солардың арасынан ұлттық мақсат пен мұратты қалың бұқараға жеткізіп отырды. Осындай күрделі саяси ахуалда қиыннан жол тауып, халықтың үлкен сұранысына ие болған «Ақ жол» газеті өлкедегі алаштық элитаның қолдауына сүйеніп, кең тарауға мүмкіндік алды. Әйтсе де, газет үшін бұндай қолайлы жағдай тым ұзаққа созылған жоқ.

«Ақ жол» газетінің таралуы негізінен Түркістан республикасының аумағын қамтығанымен ол ішінара Қазақ автономиялық республикасына да таралған. Тіпті, оның астыртын жолдармен шет елге де таралғандығын М.Шоқайдың еңбектері арқылы біле бастадық. Республикалық басшылық бекіткен 12 мың дана газет тиражы сол кезең үшін аз емес еді. Дегенмен сұранысқа сай газеттің тиражы үнемі өсіп отырған. Айталық, «Ақ жолдың» 1923 ж 15 желтоқсан күнгі саны 21690 данамен тарады. Қаржылық, техникалық, ұйымдық себептерге байланысты газеттің тиражы құлдыраған кездер де болған. Д.Махат мұрағаттық құжаттарға сүйеніп, 1925 ж. күзінде «Ақ жол» газетінің тиражы 3 мың данаға дейін төмендегенін жазады және оның себептерін былай белгілейді: «Ол біріншіден, бұрынғы «Ақ жолдағы» тәжірбиелі тілші-мамандар ұстанған саяси бағытына орай редакциялық жұмыстан кетірілгеннен кейінгі кездегі газеттің мазмұн мен тіл жағынан кемшіліктері болды. Екіншіден, сипаты жағынан бұқаралық шаруа басылымы және Сырдария Губкомы мен Губаткомы органы болып қайта құрылғаннан кейінгі кезеңдегі оқырмандар саны күрт төмендеді. Үшіншіден, техникалық сапасына байланысты. Ташкентте газет жақсы сапалы ақ қағазда, үлкен көлемді, жаңа қаріппен шықты. Шымкентте келгеннен кейін газет сапасы нашар қағазда, көлемі шағын және бас әрпі жоқ, бір келкі қаріппен басылды». Бұл аталған себептермен келісе отырып, өз тарапымыздан қосарымыз, газет құрылған кезде қазақ тілді зиялы қауымға арналғандықтан онда жарияланған материалдардың әдеби, мәдени деңгейі жоғары болды. Ал партиялық билік баспасөзге қатаң бақылау орната бастағанда газет мазмұны ұлтжанды сипатынан айырылып, қасан ресми қалыпқа түсті. Оның үстіне Республикалық мәртебесінен айрылған газетке Қазақ автономиялы республикасы жоғарғы билігі тарапынан ешқандай көңіл бөлінбеді. Осы жағдайлар да И. Сталиннің «түн ұйқысын» бұзған «Ақ жолдың» бұрынғы атақ-даңқынан айырылып, жабылуына алып келді.

Хазретәлi ТҰРСҰН,

тарих ғылымдарының докторы

Back to top button