ҒАЛАМДАСТЫРУДЫҢ БIР САЛДАРЫ – ДІНИ ФОБИЯ

ҒАЛАМДАСТЫРУДЫҢ БIР САЛДАРЫ – ДІНИ ФОБИЯ

ҒАЛАМДАСТЫРУДЫҢ БIР САЛДАРЫ – ДІНИ ФОБИЯ
ашық дереккөзі

Дiн мемлекеттен бөлiнген. Батыстық демократия таңдаған, советтiк атеизм таңған «зайырлылықтың» заңы бұл. Әйтсе де, адамзаттың даму тарихы дiннiң қоғамдық құрылыстан тыс өмiр сүре алмайтындығын, керiсiнше әрқайсысымыздың күнделiктi тiршiлiгiмiзбен, мемлекеттiк саясатпен қоян-қолтық араласып жатқандығын аңғартады.

Бiрақ соңғы кезде әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде дiн мен мемлекеттiк саясат арасындағы қарама-қайшылық өрши түскендей.

ПАНКТЕР ПУТИНГЕ ҚАРСЫ

Ресейде бұл қайшылық Христос Спаситель храмындағы панк-протест арқылы айқын көрінді. Ақпан айында беттеріне маска, үстеріне алабажақ киім киген бес жас қыз храмдағы мерекелік рәсім кезінде алтарьдың алдына тұрып алып, «Богородице Дево, бізді Путиннен құтқар» деп әндетті. Аяқ-қолдарын өрескел қимылдатып, панк стилінде билеген қыздардың «өнерін» бейнелейтін тас­па ғаламторды әлі шарлап жүр.

Орыс православ шіркеуі бұл масқа­рампаздыққа жата кеп ашуланды. Шіркеу басшысы Патриарх Кирилл панк-тобын қатты сынап, ащы-ащы сөздер айтты. Қазір Ресейде бұл панк-протестке қатысқан қыздардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, олардың әрқайсысына 7 жылға сотталу қаупі төніп тұр.

Кейбір ақпарат көздеріне қа­рағанда, екеуінің кішкентай баласы бар екен. Енді олардың жанашырлары қыздарды тұтқыннан босатуды талап етіп, акция өткізіп жатыр. Бірақ Мәскеу қалалық соты Мария Алехина мен Надежда Толоконникованы сәуірдің аяғына дейін қамауда ұстауға пәрмен етті.

Шіркеудің кейбір өкілдері тіпті «экстремизм» туралы айтып қалды, мұндай айып тағылған жағдайда панк тобы мүшелеріне қолданар жаза ауырлай түспек.

Russy Riot панк-протестінен соң Ресейде президент сайлауы өтті, Путин қайта сайланды, бірақ шіркеудегі ән айтуға байланысты дабыра әлі тарқар емес. Ресейлік телеарналар күн сайын Russy Riot тобының православтардың діни сезіміне дақ салғанын, жанын жаралағанын айтып, кері насихат таратып жатыр. Осы тақырыпта арнайы ток-шоу да ұйымдастырылды.

Әйтсе де, бірнеше мың правос­лавтар қыздардың қамауға алынуына наразылық білдірген.

Орыс қоғамы екіге жарылды: бі­рі христиандық дағдымен кешірім білдіруге үгіттесе, екіншісі – құрту, жою, жазалау т.б. сұмдық жазаларды таңады.

Әлбетте, екі топ та панк-қыз­дардың шіркеуде «өнер көрсету» талпынысын құптамайды.

Сарапшылардың көпшілігі панк-топтың орыс шіркеуіндегі іс-әре­кеттері қылмыстық, тіпті әкім­шілік жаза қолдануға жатпайтынын айтуда. Әрине моральдық тұрғыда оларды айыптауға болар, бірақ пәлен жыл жаза кесіп, соттауға заңдық негіз жоқ.

Russy Riot – әйелдерден тұратын орыс панк-тобы. Бұл топ Ресейде түрлі қоғамдық орындарда қазіргі билікке қарсы акцияларымен көзге түсіп жүр. Олардың соңғы акциялардың бірі – биылғы жылдың қаңтар айында Қызыл алаңда «Путин зас**л» хитын орындауы. Сондықтан да панк-топқа қатаң жаза қолдануды көздейтін бұл істе саяси астар бар екеніне шүбә келтірушілер аз.

Бұл оқиға Орыс шіркеуінің саясатқа, нақтысы, ресми билікке жалтақ екенін байқатты.

Советтік атеизмнен қалған саясат пен діннің арасындағы алшақтықтың Ресейде күн санап азайып келе жатқандығының бір көрінісі бұл.

Қалай болғанда да, бұл жолы Орыс шіркеуі панк-топқа мүшелерін жазалауды талап ету арқылы өзіне абырой жинап отырған жоқ…

КАМЭРОН КРЕСКЕ ҚАРСЫ

Ал алыстағы Англияда дінге қа­тысты тағы бір кикілжің туындады. Мұнда британ үкіметі жұмыс орын­дарында мойынға жарқыратып крест тағуға қатаң тыйым салуда. Ұлыбританияның Министрлер кабинеті қабылдаған құжатта мойынға крест тағу христиан дінінің орындалуы тиіс бұлжымас шарттарына жатпайды, сондықтан да жұмыс беруші өзінің қызметкерлеріне кресті алып тастауды талап ете алады делінген.

Осындай шешімнің нәтижесінде British Airways компаниясының қызметкері Надя Эвейда мен мейірбике Ширли Чаплин мойындарына крест тағып жүретін әдетінің кесірінен жұмыстан шығарылған. Аппеляциялық сотқа беріп, жеңіліске ұшыраған олар енді Адам құқығы жөніндегі Еуропалық сотқа ша­ғымданған.

Бұл мәселеге Ресейдегі правос­лавтар айрықша назар аударып, наразылық білдіруде. «Ресей-24» телеарнасында Волоколам митрополиті Иларион «Еркін адамдарға тоталитарлы жүйенің стандарттарын таңып жатқан қазіргі заманғы либералдар үлкен қателік жасауда» деп мәлімдеді.

Бұл оқиғадан соң ағылшын қо­ғамы екіге жарылды: бірі христиан символын тағып жүруге болады десе, екіншісі британ үкіметінің шешімін қолдайды.

Асылы, кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл оқиғаның астарында ресми билік пен діни мекеме арасындағы кикілжің болуы да мүмкін. Бұған дейін Дэвид Камэрон басқаратын қазіргі үкімет бір жыныстылар арасындағы заңды некеге, яғни еркек пен еркек, әйел мен әйел арасындағы неге қиғызуға рұқсат берген. Жергілікті шіркеу бұл шешімді қатты сынға алған болатын.

Шындығында, Англияда, Еуро­паның кей мемлекеттерінде «шала жыныстылар» (қазіргі саяси термин бойынша аз жыныстылар) құқығын қорғау қоғамдық моральдық нормаға айналғандай.

Сондықтан да крест тағуға деген тыйымды «шіркеуге қарсылық» деп бағалауға болады.

АМЕРИКАЛЫҚТАР ҚҰРАНҒА ҚАРСЫ

Ауғанстан астанасы Кабул маңындағы «Баграм» авиабазасында америкалық әскерилер Құранды өртеп жіберген. Осы оқиғадан кейін Ауғанстанда наразылық білдірген акциялар өтті. Америкалық солдаттарды жазалауды талап еткен халық жер-жерде жанжал, өрт ұйымдастырып, елде берекесіздік орнады. «Америкаға – өлім!» деп ұрандатқан топтың ыза-ашуы оңайлықпен тарайтын түрі көрінбеді. Абырой болғанда, БҰҰ бұл оқиғаға дер кезінде пікір білдіріп, қасиетті кітапты өртеу әрекетін айыптады. БҰҰ Ауғанстандағы арнайы өкілі Ян Кубис «Құранды өртеу– өрескел қателік» деп мәлімдеді. БҰҰ өкілінің пікірінше, америкалық әскерилер бұл әрекеттері үшін жазаға тартылуы тиіс.

Ал АҚШ президенті Барак Обама америкалық әскерилердің әрекеті үшін кешірім сұрауға мәжбүр болды. Америкалық президенттің айтуынша, мұндай әрекет енді қайталанбайды.

Бұл жерде қасиетті кітапты өр­теудің тікелей болмаса да, жанама саяси астары болуы мүмкін анық. Өйткені Құран – Ислам дінінің кі­табы болғанда, америкалықтардың ғаламдағы терроризм індетін ең әуелі «ислам экстремизмімен» байланыстыратыны белгілі. Сондықтан бұл жерде саясаттың дінге соқтығысуының көрінісі болған сияқты.

Гүлбиғаш Омарова