Камералы «қарт»

Камералы «қарт»

Камералы  «қарт»
ашық дереккөзі
312

Қоянбек ағаны қарт дегеніміз әбестік. Оны өзім де түсінемін. Әйтсе де, жетпістің желкесіне шыққанды ел ішінде басқаша не деп айтатын еді. Амал жоқ айтамыз. Өйткені қатарлары зейнетке шығып, жетпіске бет алған шағында Қоянбек аға болса Тараз қаласының 2000 жылдық тойы­на қатысу үшін, Алматыдан велосипедпен шығып кеткен. Бастапқыда, әрине, қобалжыдық. «Қалай болар екен» дедік. Тәуелсіздік монументінің алдында шығарып салып тұрып. Сонда сондай ой кешкенбіз.

Содан сөткелетіп жүріп Тараз тойына аман-есен жеткен. Жолда әрбір аудан басшыларының өкілдері өз шекараларында алма-кезек қарсы алып, әспеттеп жатты. Облыс әкімшілігіндегілер болса, арнайы құрмет көрсетіп күтіп алды. Сый-сияпат жасады. Әңгіме онда емес.

«Салауатты өмір салтын жастарға үл­гі еткім келді», – деген сонда Қо­ян­бек аға.

«Туған өлкесін сүйсін, өскен өңірін та­нысын, білсін дегім келді», – деген сонда Қоянбек аға. Теледидарға берген сұхбатында. Отаншылдық сезім туралы өзгелер секілді сөзбен таусылып айтпай, сөйтіп іспен дәлелдеді. Жаңашыл әрекетке құштар «шалыңыз» сондай. Келіспеуге қақың жоқ.

Сүйсінген адамға сүйегі асыл екен деп жатамыз. Өзін күтіпті, өзін сақ­тап­ты дейміз. Жас күндері оған еш мән бермейсің. Енді ғой, Қоянбектей ағаларымызды көргенде сол сөздің еске тү­сетіні. Шынында жетпісті қимайсың, жү­рісі ширақ, адымы аршынды.

Соноу жылдары біздің Көктөбе атты шағын қыстаққа қысты күні Абай інісін ертіп Қоянбек аға келетін. «Ал­матыдан келді», – дейтін сонда Алтынқыз апамыз. Әпкесі ғой. «Алматыдан келді» дегенді мақтанышпен айтатын. Алтынқыз апамның жалғыз ұлы Әбиір де танауын делдитіп екеуінің ортасына барып отыратын. Мақтанып. «Шіркін, Алматыдан келетін ағам болсашы», – дейтін, іштен шыққан мендегі жанайқай. Қиял қанатындағы арман-сезім сөйтіп алып ұшатын…

Қоянбек аға болса, шайын апыл-ғұпыл ішіп, мойнына асып келген фотоаппаратымен біздерді шырт-шырт суретке түсіре бастайтын. Сонда менің бір рет өтініш жасағаным бар. «Аға, тіземнен жоғары алып түсіріңізші» деп. Кәдімгідей өтінгенмін. Өйткені тізе тұсымдағы жыртығымда Күлзада тіккен үлкен жамау бар еді. Сол көрініп қала ма деген қорқыныш қой.

Бірақ жақсы болғанда ол суретті мен көргенім жоқ. Қоянбек ағам әкел­ген де жоқ. Соған қарағанда «пленкасы күйіп кеткен» болуы керек. Сөйтіп жа­татын еді фотогерлер. Солай болды ма, шықпай қалды. Қуанғам оған. Енді, алыста қалған сол күннің куәсі, сол суретті іздеймін. Бір түрлі көргім келеді. Көрсем балалық шаққа алып баратын секілді.

Сол кезде Қоянбек ағаның Қазақ уни­верситетінің журналистика бөлі­мін­де оқып жүрген кезі екен.

Кейін аудандық газеттен өлеңдерін де оқи бастадық. Ол кезде үйге көп-көп газет журналдар келетін. Бірінде болмаса бірінде «Ахметов» деген аты-жөні кездесіп қалатын. Ол кезде біз Шонаны, Оспанәліні, Өкімді, Ауданбек ағаны біле бастадық. Кейін Рафхаң мен Күләштар дүркіреп шықты. Бұл кезде университет тәмамдаған Қоянбек ағамыз таза журналистиканың жолына түсіпті. Оның ішінде тележурналистика.

Араға жылдар салып келген бізді де Алматы жылы қабылдады. Сол Қоянбек аға оқыған университетке іліктік. Бала күнде көрген адам ғой деп іздедім. Таптым. Көктөбені, Алтынқыз апаны есіне салдым… «Айналайын» деп бетімнен сүйді. Сол «айналайыны» әлі бар.

Біз университетке түскен жылдары Қазақ теледидарының Талдықорған облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет жасап жүріпті. Талай репортаждары мен телеочерктеріне куә болғанбыз. Сонда. Сол арқылы Головацкий, Тамшыбаева, Алдабергенов сынды дала академиктерінің ісіне, атына қанық болдық. Өзі оператор, өзі журналист, өзі коментатор. Талдықорғанның бір онжылдығының жыршысындай болған екен. Ол кезде Талдықорған өз алдына жеке облыс еді ғой.

Кейін өзі оқыған Қазақ ұлттық уни­верситетіне ұстаздық қызметке ша­қы­рылды. Болашақ жас журналистерге операторлық өнерден дәріс берді. Бұл салада қазақ ұстаздары санаулы бо­латын. Практикалық оқу негізінде тә­жі­рибеден өткізіп, студенттерді шама-шар­қынша болашақ кәсібіне шыңдады. Шүкір, сонда білім алған шәкірттері қазір жақсы. Жаман болып жүргені жоқ. Елдің түкпір-түкпірінде. Тәуелсіз елдің көптеген телеарналарында жұмыс жасап, еліміздің шежіресін жасауда.

Шежіре демекші, Қоянбек Ахме­тов­тың жеке мұрағатының өзі кісі қы­зығарлық. Бай. Қазақ елінің өткен ға­сыр­дың жетпісінші жылдарынан бергі өмірінің бар саласын қамтитын деректі көріністер жетерлік. Ел өміріне өшпес із, көнермес өнеге қалдырған небір жайсаңдар туралы сюжеттерді де табасыз. Бұл кісінің бір кемшілігі «менде бар, менен алыңыз» деген секілді әр есікке кіріп, өзін жарнамалап сұғына бермейді. Ол да жақсы шығар. Бірақ қолда бар нәрсенің жететін жерге жеткені жақсы да. Біздің ойымыз сон­дай.

Белгілі тележорналшы Қоянбек Ах­­метов әлі де иығынан камерасын түсірген жоқ. Камерасыз Қоян­бек­ті көзге елестету де қиын. Екеуі бірінен бірі ажырағысыз егіз ұғым. Көргендердің есінде шығар. Үне­мі Алматы театрларындағы тұсау­ке­серлерде, шығармашылық адамда­ры­ның кездесулерінде, қайраткер аға­ларымыздың мерейтойларында жү­ре­ді. Ондайда «камералы қарт» деп құр­дастары әзілдей жымиып қояды. Сүй­сінгендігінен ғой. Иә, солай… Рас, сүй­сі­нетіндей өмір кешіп келеді. Айторы жеңгеміз екеуі тәрбиелеп өсірген балалардан бүгінде бірнеше немерелер сүйіп отыр. Ата мен әже. Айторы жеңгеміз алпысқа таяғанда темір тұлпарды ауыздықтады. Дәрігерлік қызметінен зейнетке шыққалы жұмысы немерелеріне қатысты. Соларды мектепке алып барады. Спорт залына алып барады. Түс ауа баламен бала болып қайтады. Кейбір күндері ағамызды жанына отырғызып, ағайындардың қуа­ны­шына асығып бара жатқаны. Иә, солай. Бұл да – сүйсінетін, сүйсінтетін өмір.

Ерғали САҒАТ

Серіктес жаңалықтары