ШОН КАРРЕН БИШIЛЕРI – АЛМАТЫДА
ШОН КАРРЕН БИШIЛЕРI – АЛМАТЫДА
Алматыда Абай атындағы Опера және балет театрында өнер көрсеткен америкалық би тобының шығармашылық шеберлiгi мен қиял ұшқырлығы талайды тәнтi еттi.
Алматыдағы Мәдениет күндері шеңберінде америкалық хореограф Шон Каррен өзінің заманауи би тобымен келді. Алматыда Абай атындағы Опера және балет театрында қойылған концертке АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің «DanceMotion USA» бағдарламасы шеңберінде елшілік қаржылық қолдау көрсетіпті. Аталған бағдарлама мастер-класс, семинарлар мен лекциялардан тұрады. Осыған орай, Шон Каррен мен оның би тобының мүшелері «Самұрық» заманауи би театры, Жүргенов атындағы Өнер академиясы мен Хореографиялық колледждің студенттеріне арнап мастер-кластар ұйымдастырды.
Өмірде де, өнерде де, жұмыста да алғырлығы, шеберлігі және қалжыңбастығымен ерекшеленетін Шон Каррен өзіне, шығармашылығына ықпал еткен кез келген барлық нәрсені бимен керемет үйлестіре біледі. Оның стилі – ешкімге ұқсамайтын, өзі ойлап тапқан жеке стиль. Шонның труппасы Жер шарының он алты еліндегі 50-ден астам концерттік алаңда тұсаукесер рәсімін өткізіп, миллиондаған адамның жүрегін жаулап алған. Шон Карреннің өзгелерден айырмашылығы сол, ирландық ұлттық салт-дәстүрді «модерн» стиліндегі бимен шебер ұштастырған.
Би тобының басты проблемасын қаржылық қиындықпен байланыстырған Шон мырза бізге берген сұхбатында: «Америкадағы би топтарының көпшілігі коммерциялық емес ұйымдар қатарында. Яғни олар биді бизнес көзіне айналдыра алмайды. Жекелеген адамдардың немесе ұйым, компаниялардың гранттарының арқасында күн көретіндіктен, би топтары қаржылық қолдауға ие болуда қызу бәсекеге түсуге мәжбүр. Мәселен бір ғана Нью-Йорк қаласында жүзден аса би тобы бар. Қаржы табу жолындағы күрестің салдарынан өнерпаздар шығармашылығын шыңдауға кететін уақытты шектейді», – деді. Топ құрамындағылардың күнкөрісі, медициналық сақтандыруы, басқа да шығындарын өз мойнына алған Шон Каррен қаржылық тапшылыққа ұрынбас үшін өзінің де көптеген сүйікті ісінен жиі бас тартатынын жасырмайды.
Шонның концерттік бағдарламасы үш бөліктен құралды. Бірінші бөлікте Тиггер Бенфорд пен Питер Джоунстың музыкасына қойылған «Металл бақта» сияқты композиторлардың джаздық импровизациясына постмодерн бағытындағы би өрілген. Сырт қарағанда, бір-біріне қайшы, табиғаттары сәйкес келмейтіндей көрінетін дәстүрлі балийлік және индонезиялық би мен америкалық театрлық үлгіні ұштастыра білген Шон Карреннің қалжыңбастығы мен сұңғылалығы тайға таңба басқандай. «Әлеуметтік айтыс» аталатын үшінші бөлікте «S» әрпі сияқты қимылдаған бишілер кеңістікті жиі ауыстырып, шалт қимыл мен көркемдіктің тізгінін қатар ұстайды. Би тобының көркемдік жетекшісі – Шон тарапынан бишілерге қойылатын басты талаптардың бірі – бишілер шығармашылықты құлай сүйіп, жан-тәнімен берілуі тиіс. «Биші тек тапсырманы орындаумен шектелмей, өзі де бастамаларға толы болуы шарт. Ең бастысы – көрерменнің сұранысы: «Қазір америкалықтар арасында кеңінен тараған «Сіз биді таңдамайсыз, би сізді таңдайды» деген қанатты сөзді ескерсек, көрерменнің талғамына қарай бейімделу – өте маңызды». Көрерменнің көңілінен шығу мәселесін америкалықтардың шебер игергеніне өзіміз де куә болдық. Алматыдағы 2 сағатқа созылған концерттен кейін гүл шоқтары мен ыстық ілтипатқа асқан жомарттық танытқан залға толы көрермен ұзақ уақыт бойы оларды сахнадан жібермей қойды.