ҚАЗАҚ БҰЛБҰЛЫНА ҚҰРМЕТ

ҚАЗАҚ БҰЛБҰЛЫНА ҚҰРМЕТ

ҚАЗАҚ БҰЛБҰЛЫНА ҚҰРМЕТ
ашық дереккөзі
253
Биыл қазақтың бұлбұлы атанған ұлы актриса Күләш Байсейiтованың туғанына – 100 жыл. Қазақтың бұлбұл қызы, қазақтың дүлдүл әншiсi – барша қауымға ортақ тұлға. Исi қазақ мақтан тұтатын бұлбұл әншiнiң тағдыр-тауқыметi Кеңестер Одағының дүркiреген уақытына тура келген екен. Бiр ғасырда бiр-ақ рет туатын ұлы дарынның Кеңестер Одағында қазақтың атын барша әлемге танытуының өзi үлкен ерлiк. Қазақта дарындардың көп екендiгiн барша әлемге паш еттi. Қазақтың ұлылығын, асқан дарындылығын танытты. Абыройын асқақтатты.

Ұлт үшін туған ұлы дарынның туған күні де Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен бір күнде болған екен. Ол туралы Шара Жиенқұлованың «Өмірім менің – өнерім» атты кітабында: «1912 жылы қаңтар айының он екісінде дүниеге екі алып келді. Оның бірі – Күләш, екіншісі – Димаш, біздің соңымыздан Шара секілді «кәкір-шүкірлер» келіпті, – деп бұлақ суындай сыңғыр күл­кі­сіне салып сақылдап күлетін» – деп Күләштің қалжыңдайтынын жазған екен. Бұл туралы қызы Қарлығаш Байсейітова баспасөз беттерінде берген сұхбаттарында да растайды. Патша заманында дүниеге келген қазақтар кезінде өздерінің туған күнін атамағанын және тууы туралы куәлігінің де болмағанын айтады. Қай күні дүние есігін ашса да, қай күні өмірге келсе де, әншінің туған жылы 1912 жыл екені белгілі. Сондықтан биылғы жыл – қазақ бұлбұлының жылы. Қазақтың маңдайына біткен ұлы әншісінің, актрисасының жылы болуы керек. Исі қазаққа ортақ ұлы тұлғаның, Күләш Жасынқызы Байсейітованың ғасырлық мерейтойын атап өту – қазақ елінің даңқын асыра түсер салтанат екені даусыз.

Осы орайда, Алматыдағы ұлы әншінің атындағы дарынды балалардың мектебі «Күләш Байсейітова: Шебер әншінің тұлғасы. Заманауи ұлттық мәдениеттің даму жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Конференцияға еліміздегі мәдени ұжымдардан ғалымдар келіп қатысып, Күләш Байсейтіова туралы ғылыми деректерге толы мазмұнды әңгімелерден сыр шертті. Ғылыми-практикалық конференцияда Күләш Байсейітованың әлем музыка мәдениетіндегі рөлі, маңыздылығы және орны, Қазақстан театр өнері, ХХІ ғасырдағы музыкалық білім берудің сабақтастық проблемалары және келешегі сөз болды.
Едiге БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары