АҚМАТ БАКИЕВТІ кім қашырды?

АҚМАТ БАКИЕВТІ кім қашырды?

АҚМАТ БАКИЕВТІ кім қашырды?
ашық дереккөзі

1991 жылы тәуелсiздiгiне ие болған Қырғызстанды көп ұзамай өркениеттi батыс мемлекеттерi Орта Азиядағы «демократия аралы» деп атай бастаған. Елдiң егемендiгiн жариялап, президентiн сайлаған парламент 1993 жылы өлкенiң жаңа Конституциясын қабыл алды. Бiрiншi басшы Президент болғанымен Қырғызстан келелi мәселелердi кеңесiп шешетiн парламенттiк республикаға айнала бастаған. Көп ұзамай Конституция қайта жазылып, басқару жүйесi авторитарлық сипатқа ауды.

Кеңес дәуірінен мирасқа қалған дүние-мүлік талан-таражға түсіп таусылды, кезек ұлттың негізгі байлығы – жерге келді. Шығыс шекарадағы Үзеңгіқуыс деген жер Қытайға сатылды. Осы оқиға онсыз да жылдан-жылға жағдайы нашарлап бара жатқан қарапайым елдің жаппай наразылығын туғызды. 2002 жылдың 17 наурызында орталықтан шалғайдағы Жалалабад облысының Ақсы ауданында ел билікке қарсы көтеріліп, «демократия аралына» алғашқы жарақат түсті. Көтерілістің дәл сол Ақсы ауданында шығуына себеп болған жайт Үзеңгіқуыстың Қытайға берілуіне белсенді қарсылық көрсеткен парламент депутаты, ақсылық Әзімбек Бекназаровтың түрмеге қамалуы еді. Елдің бірінші талабы оны түрмеден босату болатын. Билік елдің ереуілін оларға қарсы милиция күштерін жұмылдырып, оқ атып тоқтатқан. Сол қақтығыста көтерілісшілер жағынан алты адам шейіт кетті. Сондай-ақ Бішкек қаласында біраз адам аштық жариялап, олардың іші­нен біреуі қайтыс болған.

Арада он жыл өтіп сол қай­ғы­лы оқиғаға биыл бірінші рет мемлекеттік тұрғыда саяси баға берілді. Қырғызстанның пре­зи­ден­ті Алмазбек Атамбаевтың 9 нау­рыз­дағы жарлығымен 2012 жылдың 17 наурызы республикада «Ақсы оқиғаларын ескеру күні» деп жарияланды. «2002 жылдың наурыз айындағы Ақсы оқиғалары Қыр­ғыз­станның демократиялық дамуының бұ­рылыс кезеңі болып қалды. Ақсы ауданының тұрғындары қаһармандық көрсетіп, бекем тұруымен халықтың авторитарлық және сыбайлас режимге батыл қарсы күресуіне жол ашқан», – деп жазылған бұл жарлықта.

Осы жарлыққа орай республиканың барлық жерінде 17 наурызда Ақсы оқиғаларын ескеру іс шаралары ұйымдастырылып, сағат түскі 12-де «аза тұту минуты» өтті, ілініп тұрған мемлекеттік тулар төмен түсірілді, бұл күні ойын-сауықтар тоқтатылды. Президент А. Атамбаев оқиға болған жерге – Ақсы ауданының Боспиек ауылына барып, митинг-реквиемге қатысты. Жоғарғы Кеңештің тө­ра­ғасы Асылбек Жээнбеков және Премьер-министр Өмірбек Бабанов 2012 жылы Бішкекте көтерілісшілер аштық жариялаған ғимараттың алдында Ақсы құрбандарын еске алу рәсімін өткізді, осы ғимаратта аштық жариялап қайтыс болған Шералы Назарқұловтың мұражай бөлмесін ашу, ғимараттың сыртқы қапталына ме­мориалдық тақтаны ілу іс-шарала­ры­на қатысты.

Ақсы оқиғасы кезінде үкі­мет­тік ақпарат құралдары би­лік­тің нұс­қауымен жалған мә­лі­мет­тер­ді­ мо­лы­нан таратқан еді. Қоғамдық телерадиоком­па­ниясы «бірінші арна­ның» бас директоры, дүрбелең уақытта «Азаттық» радиосының тілшісі болған Қуат Отарбаев: былай деп еске алады.

«Міне, сол оқиғадан бері он жыл өтсе де теледидар тарапынан Ақсы оқиғасы бойынша жалған мәлімет берілгенін мойнына алып, кешірім сұраған ешкім болмапты. Біз бүгін оқиғаның құрбандарына Құран оқытып, телеарнаның жетекшісі ретінде бұрынғы жетекшіліктің және сол кезде істеген қызметкерлердің атынан Ақсыда бейкүнә оққа ұшқан отандастарымыздың жақындарынан кешірім сұраймын», – деді Қыр­ғыз­стан­ның ең таралымды және ықпалды телеарнасының басшысы.

Ақсы оқиғасы бойынша сот істері он жылдан бері қайта-қайта қозғалып жатса да, елге қарсы оқ атуға кімнің бұйрық бергені әлі күнге дейін белгісіз күйде қалуда. Оқиға Асқар Ақаевтың билігі тұсында болғандықтан, оның тұсында «жабулы қазан жабулы» күйінде еді. Билікке Құрманбек Бакиев келген соң да қазанның қақпағы ашылмады. Өйткені оқиға кезінде Құрманбек Бакиев премьер-министр болатын. Осы оқиғаның салдарынан ол өз арызымен «үнсіз ғана» отставкаға кеткен. 2010 жылдың сәуір және мамыр-маусымында болған қанды оқиғалардың жарасын жазамын деп жүріп президент Роза Отынбаеваның он жыл бұрынғы оқиғамен айналысуға мүмкіндігі бола да қоймаса керек.

Ақсы оқиғасы ғана емес, «2010 жылдың сәуір және мамыр-маусым оқиғаларында адамдарды қырғынға ұшыратқан кім?» деген мәселе бүгін де күн тәртібінен түскен жоқ. Наурыздың бірінде Ош қаласында өткен ереуілдің талаптарының бірі де осы болатын. Оппозиция лидерлері енді осындай талаппен 31 наурызда оңтүстіктегі Бәткен облысының орталығында шеру өткізуге қамдануда. Сосын олар үкіметке қарсы шерулерді Бішкекте жалғастырмақшы.

2010 жылдың 7 сәуірінде би­лік­тен тайдырылған Құрманбек Бакиев туған жері Жалалабад облысына қашып, қарулы оққағарларының көмегімен жаңа уақытша үкіметке қарсылық көрсеткені мәлім. Егер Қазақстанның, Ресейдің және АҚШ-тың мемлекет басшылары іске араласпағанда Қырғызстанда азаматтық соғыс тұтанып кетуі де мүмкін болатын. 7 сәуірде Бішкекте мергендердің оғынан қаза тапқан 86 адамның өліміне Құрманбек Бакиев және оның қызметтің биік сатыларында отырған інілері кінәлі делініп жүр. Олардың бастысы – Жаныш Бакиев, сол сәуір айында-ақ өлкеден жасырын шығып кеткен еді. Қырғыз фемидасының қолында 2010 жылдың шілдесінен бері «көзір картадай» ұсталып келген сол бакиевтердің бірден-бірі Ақмат Бакиев те наурыздың басында ізім-қайым жоғалды. Тергеудегі Ақмат Бакиевті қырғыз соты бірнеше күнде бір тексеріліп тұратын еркіндікке жіберген болатын. Ара-тұра ауруханаға барып, емін-еркін қаралып жүрген оны бір күні таңертең айдауылдар таппай қалған. Жоғарғы Кеңештің депутаты Тұратбек Мадылбеков бұл жағдайға Жазаны атқарту мемлекеттік қызметінің (ЖАМҚ) жетекшілігі кінәлі деп отыр. «ЖАМҚ, прокуратура, сот жүйесіндегі санаулы адамдар оның қашып кетуіне жағдай жасап берді. Бізге жеткен мәліметтер бойынша Ақмат Бакиевті қашыру операциясына 100 мың доллар жұмсалыпты. Бұл мәліметтің анығына жетеміз. Ақша бәріне берілген. Сот, тергеу, ЖАМҚ жүйесіндегі қатыстығы барлардың бәріне ақша берілгендігі айтылуда», – дейді депутат.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, «Түркiстанның» Қырғызстандағы тiлшiсi