ТҰҒЫРДА ТҰРЫП СӨЙЛЕГЕН

ТҰҒЫРДА ТҰРЫП СӨЙЛЕГЕН

ТҰҒЫРДА ТҰРЫП СӨЙЛЕГЕН
ашық дереккөзі

Мұхтар ӘБДIЛДАБЕК

Ол – баяғы әзiл-қалжыңымен, күркiреген күлкiсiмен жайраң қағып жанымызда жүрсе: «Мен бүгiн жетпiске толдым!» деп, төбедей боп төрiмiзде отырар едi. Ол – тiлiмiздiң, дiнiмiздiң қазiргi халiн көрсе: «Ау, бұл туралы мен жиырма жыл бұрын аз жаздым ба! Әлi сол тазкепештерiңдi киiп жүрсiңдер ме?» деп саба пiскендей күрп-күрп күлер едi.Ол – бүгiнгi орыстiлдi қазақтар туралы әңгiменi естiсе: «Шырақтарым-ау, әкең мен шешең сөйлеген тiлдi үйренудiң қандай қиындығы бар? Кезiнде мен де орысша оқығам, бiрақ қазақшам қазiр кiмнен кем» дер едi.«Ол» дегенiмiз – Мұхтар едi. Газетiмiздiң кезiндегi тұрақты авторы, ұлттың рухтық үлкен жанашыры, журналист-педагог, өзiмiздiң кәдiмгi Мұхтар Әбiлдабек едi. Аяулы ағамызды еске ала жүрейiк деп, төменде ол кiсiнiң «Тектiлiк тұғыры» атты кiтабынан бiрер үзiндiнi оқырман назарына ұсынуды жөн көрдiк.

1. Бұл – өзгелер тауын аласарту емес!

Олжас Сүлейменовке

1991 жылдың қыркүйегi. Сiз Мұхтар Шахановпен бiрге Қазақстанда тыныштық пен татулық орнату мақсатында партия құрғалы жүргенiңiздi естiп, қазақтың маңдайына бiткен екi жұлдызға республикалық «Қазақ тiлi» қоғамы, оның қызметкерлерi қуана-қуана құлшынып көмекке ұмтылды. Ел қатары қалың болсын деп, бiздiң қоғам әр облыстан өкiлдер қатыстырды. Залда отырғандардың 90 процентi тек қазақтар екенiн еске алсаңыз да жеткiлiктi. Өйткенi Тiл заңының iске асуы, мемлекеттiк тiлдiң орнығуы үшiн де тыныштық пен татулық ауадай қажет екенiн түсiндiк. Ынтымақ көп нәрсеге кепiлдiк бола алады.

Сонымен, 1991 жылдың қазан айында Қазақстан Халық Конгресi партиясы дүниеге келдi. Көп ұзамай 1992 жылдың маусымында ҚХК партиясының 1-сиезi өттi. Көп нәрсе өзгерiптi. Мемлекеттiк тiлдiң өркендеуi, қазақ халқының қай­та өрлеуi деген ұғымдар партияның бағдарламасынан мүлдем ғайып болыпты. Сiздiң партияңыздағы қазақ тағдырының бiрден-бiр жанашыры, партияның қосалқы төрағасы Мұхтар Шаханов досыңыз да «өз еркiмен босапты». Төңiрегiңiзге мұрнына қазақ халқының мұң-мұқтажының исi де бармайтын адамдар жиналыпты. «Қазақ тiлi» қоғамының өкiлi ретiнде өз позициямызды сол 1-сьезде де бiлдiрдiк. Алайда…Сiздiң «Гүлжан-ТД»-ға берген сұхбатыңызда негiзгi мәселеден ауытқып кеткенiңiз ҚХК партиясының көзқарасы оның басшысының көзқарасымен бiрдей екенiнде болып түр.Гүлжанның жуырда өтетiн Жоғарғы Кеңес сессиясында талқыланатын Конституцияның бiрден-бiр күрделi мәселесi тiл жайында болып отыр деген сөзiне сiздiң берген жауабыңыз: «Определились две точки зрения, и эти две точки зрения могут войти в столкновение друг с другом. За каждой стоят миллионы людей, живых душ». Сонда екi көзқарас дегенiмiз – мемлекеттiк тiл тек қазақ тiлi немесе қазақ тiлiмен бiрге орыс тiлi де болсын деген пiкiрлер ғой. Бiрақ екi түрлi көзқарас бұдан үш жылдан астам бұрын болған жоқ па едi. Бүкiлхалықтық талқылаудан кейiн Жоғарғы Кеңес өз сессиясында 1989 жылы қыркүйекте Тiл туралы заң қабылдаған соң, Қазақстан Рес­публикасында бiр ғана көзқарас заңды түрде күшiне енген. Ол – 1-баптағы «Қазақ тiлi – Қазақ КСР-iнiң мемлекеттiк тiлi болып табылады» деген сөз. Бұған қоса екiншi көзқарастың артында Сiз айтқандай, «миллиондаған адамдар, тiрi жандар» тұрған жоқ. Ол «көзқарасты» «Азаматтық келiсiм» дейтiннiң атынан биылғы сессияда бықсытқан Т.В.Жаворонкова өзiн рес­публика халқына әбден танытты емес пе? Бүгiнде ол қайда, Қазақстан қайда?

Қазақ мектебi не балабақшасы ашыла қалса, мүмкiндiгi бар жерде iс қағаздарын жүргiзу мемлекеттiк тiлге көшiрiлсе, көшенiң не елдi мекеннiң аты әдiлеттiлiкпен өзгертiлсе болды, дереу орысша шығатын, өзiңiз оқитын газеттерде (ол газеттердiң бiрбеткейлiгi бәрiмiзге аян) көбiгi шашыраған дәйексiз материалдар шыға бастайды. Сонда да жұмыс аяңдап алға жүре бередi, мемлекеттiк бағдарлама бiртiндеп орындала бередi, ал әлгi мақалалардың авторлары келесi бiр «аяқтан шалатын» сәттi күтiп отырады.

Сiздiң ойыңыздан шыққан сол автор­лардың бiрiне тоқтай кетейiкшi. Бiлiм министрiнiң бұрынғы кеңесшiсi В.А.Воевод қызмет бабындағы мәселелер жөнiнде министрдiң орынбасары Ж.Әзiзхановпен келiсе алмай, өзiнiң өкпесiн ұлтаралық кикiлжiң деңгейiне ұластыруға тырысты. Ол Алма­тыдағы №128 орта мектептiң қазақша бiлiм беретiн мектепке айналуына қарсы шығып, мұндай бiлiм ошақтары «означает столько же очагов напряженности. Можно не сомневаться, что взрывной механизм сработает безотказно: мирный Казахстан взорвется как пороховая бочка, от хорошего фитиля» («Учитель Казахстана», 1992 жылғы наурыздың 3-i), – деп тұжырым жасады. Ал қазiр №128 орта мектеп казак тiлiнде бiлiм беруде. Байбаламның байлауы жоқ, негiзсiз екенiн осыдан-ақ бiлiңiз.

Сiз, Олжас Омарұлы, сұхбатыңызда әлгi пiкiрдi өрбiте отырып, «тут же приходят на память ситуация в других республиках, где войны начались после заседаний сессий Верховных Советов именно по этому вопросу о государственном языке… И это мина замедленного действия, которая обязательно рванет… Многие Конституции обходятся без этих положений. Мировые, великие демократические конституции. А мы вот обязательно должны вставить это, обязательно вставить эти запалы, детонаторы, взрыватели в эту Конс­титуцию…», – дейсiз.Таңғаларлық нәрсе! Мектеп ашсақ та, үш жыл бұрын арнайы заңмен қабылданған мемлекеттiк тiлiмiздi Республика Конституциясына кiргiзсек те, оқ-дәрi толған кеспекке от ала жүгiргендей, немесе өзiңiз сұхбатта айтпақшы, «Кругом стрельба, люди режут друг друга, не зная за что» деген қатерлi шаққа құлшынғандай бола қаламыз.

Ю.З.Бунаков деген бiреу де «Литературная газетада» (7.02.92 жыл) жарияланған мақаласында ресейлiктерге көз жасын көл етiп, «начать широкую кампанию по подготовке мирового общественного мнения с призывом к ООН о применении к Казахстану политических и экономических санкции в случаи насилия или физической расправы с активистами русского движения», – деп шаланы бықсытады…

Бұл не сонда? Әлдененiң алдын алу ма, әлде сақтану ма, әлде айбат шегу ме?! Айтып отырғаны — не қылған «активистер»?

«Орыс орталығындағы» Сидорова өзi басқаратын жанармай құю стансасын орысқа қарсы пиғылмен тексерiп жүр дегендi желеу етiп, «орыс мүддесiн» белсене қорғап жүр. Шынтуайтына келгенде, қазiргi кезде өте қат бензиндi жеңұшымен жалғасып, заңсыз жолмен үлестiрудiң етек алып отырғандығы кез келген жүргiзушiнiң аузында жүрген жоқ па?

«Орыс орталығындағы» Сидорова өзi басқаратын жанармай құю стансасын орысқа қарсы пиғылмен тексерiп жүр дегендi желеу етiп, «орыс мүддесiн» белсене қорғап жүр. Шынтуайтына келгенде, қазiргi кезде өте қат бензиндi жеңұшымен жалғасып, заңсыз жолмен үлестiрудiң етек алып отырғандығы кез келген жүргiзушiнiң аузында жүрген жоқ па?

Өзiнiң негiзгi жүмыс орнындағы, яғни мемлекеттiк педагогикалық университетiндегi қызмет барысындағы кикiлжiңге, әлде психологиялық кереғарлыққа душар болған Вуколовтың көкейiн тырнайтыны бiр-ақ нәрсе: әрiптестерi, қай үлт өкiлi екенiне қарамастан, оны мүлде ұнатпайды. Сондықтан да болар, Вуколов өз ортасында жоғалтқан бедел-қадiрiнiң орнын саяси ұпаймен, ұлт қамын жеген жан болып көрiнумен толтырғысы келедi.

Докучаеваның да өзiнiң негiзгi жұмысына мойын бұруға мұршасы жоқ. Ол бар уақытын саяси пiкiрталасқа, сот мәжiлiстерiне баруға, солтүстiк облыстарды аралап, қазақтарға орыс рухын қарсы қамал етiп қоюға ғана арнап жүр.

Саяси әпербақандыққа салынып, адам­дардың санасын лайлап, араздық уын сеуiп жүрген осындай сөзi сылдыр, iсi күмәндi жеке адамдарға, бейресми, заңды тiркеуден өтпеген шовинистiк пиғылдағы ұйымдарға ҚХК партиясы тарапынан, сондай-ақ, Олжас Омарұлы, өзiңiздiң тарапыңыздан көзқарасыңызды бiлдiрiп, баға берген жоқсыздар, сабыр-парасатқа шақырған емессiздер.

Олар туралы, өздерiнiң қарақан бас­тарының қамы үшiн елдi ұлта­ралық қақ­тығысқа итермелеп, қанға бөктiрiп қою­ға жүзi жанбайтын «ұлт­жандылардың» арандатушылық әре­кеттерi туралы қазақша тiлде шығатын басылымдарда аз жазылып жүрген жоқ. Өкiнiшке орай, Олжас Омарұлы, Сiз қазақ баспасөзiн оқымайсыз ғой. Әйтпесе Қазақстанның тiл саясатына оң қарап, көңiл қошымен қолдап жүретiн ондаған, жүздеген орыс зиялыларының аты-жөнiн бiлер едiңiз.

Осы жолдардың авторы орыс және басқа ұлттардың өкiлдерiмен әңгiмелесiп, еңбек ұжымдарымен талай рет жүз­десiп, олардың қай-қайсысының да қазақ тiлiнiң жеке мемлекеттiк мәртебе алуына түсiнiстiкпен қарайтынынакөз жеткiзген болатын.

1992 ж.

2. БӨРIК АСТЫНДАҒЫ бөлтiрiк болмасын…

Қазақстан Республикасы Бiлiм министрлiгiнiң назарына

Бiр арамза мысық күн сайын тышқан­дардың iнiнiң аузына жайғасып отырып алып, тышқанша шиқылдайды екен. «Ағайынының» даусын естiп, атып шыққан тышқанды шап берiп ұстап, жеп болған соң әлгi мысық күлiмсiреп: – Шiркiн! Шет тiлдi бiлген қандай жақсы! – дейтiн корiнедi.Кеңес империясының күй­реуiне байланыс­ты еншiмiзге тиген азаттықты, егемендiктi, тәуелсiздiктi қабылдап, Ресей бұғауынан құтылып, есiгiмiздi әлемге айқара аша бастадық. «Қазақ жақсы халық. Оның тiлiн үйренгiмiз келедi», – деген әрбiр шетелдiктi (американдық, канадалық, алманиялық, бель­гиялық, жапондық) екi туып бiр қалған туысымыздай құша­ғымызды кең жайып қарсы алдық.Естерiңiзде ме, «Брайан Грим деген бiр американдық үй-iшiмен Алматыға көшiп ке­лiп, Мелисса деген қызын қа­зақ мектебiне берiптi, өзi де қазақша үйренiп жүр» дегендi естiп, алақайлап қалпағымызды аспанға атқанымыз? Атақты сазгерiмiз Ескендiр Хасанғалиев қуанғанынан «Мелисса-Мәлике» деген ән шығарып та жiбердi. Сол кезде «Осы Брайанның Қазақстанға келуiнiң түпкi мақсаты не?» – деп ойланған адам болды ма?

Өзiм тұратын үйдегi қазақ отбасына ерлi-зайыпты Аме­ри­кандық Адамсондар келiп орна­ласты. Кешiкпей оның ҚазМУ-де қазақ тiлiн меңгерiп жүргенiн бiлдiк. Олармен араласып жүрген қазақтар ерiне Жолтай, жұбайына Айнұр деп ат қойыпты. Бiрнеше айдан соң олар бiзбен қазақша сөйлесе бастады. «Қазақша сөй­леуге жаттығу қажет» деп өтiн­геннен соң, менiң жолдасым а­птасына екi рет дәрiс берiп жүр­дi. Күндердiң бiрiнде өзiнiң қасиеттi кiтабы «Тауратпен» салыстырып оқуым оңай болар едi деп, бiр-екi тарауын тәржiмалап берудi сұрады. Аңқау басым… көмектестiм!..Астаналық облыстың Жамбыл ауданында өткен 1992 жылдың Наурыз мерекесiн тамашалауға Адамсондарды да алып бардық, ұлттық салт-санамызбен, өне­рi­мiзбен таныс­тырдық. «Апырай, американдықтар көрiнедi. Қазақша сөйлеп жүр. Аттары да қазақша екен!» – деп ауыл адамдары шұрқырасып, дастархандарына шақырып, төрге шығарып, ұлттық тағамдар ұсынып, оларға сый-құрмет көрсеттi. «Бұларға қазақ тiлi неге қажет болды екен?» – деп ешкiм сұрамады да. Тағы да «Алақай!». «Сыйлағанның құлымыз» деп өз газетiмiзде американдық Стюарт Делом мен Уильям Фриманның да қазақ тiлiн тез арада үйренiп алғаны туралы мақтанып, масаттанып жаздық. «Бұлардың барлығы қазаққа неге ғана елжiрей қалған?» – деп ойламадық. Неге?Мүмкiн, өмiр бойы Қазақстан жерiнде тұрып, қазақша он сөз үйренбеген орыс­ты отаршыл санап, келмей жатып қазақша сөйлеген американдықтарды азаттық пен демократияның өкiлi деп қабылдаған шығармыз. Немесе жүздеген жылдар тәуелдi болып, бөтенге телмiрiп үйренген психологиямыздың әсерi болды ма? «Ұлт­шыл» халық емес екенiмiздi паш еткiмiз келдi ме? Жаңа достар таптық деп қуандық па?

Отарлау мақсатымен Ташкент қаласын басып алған Ре­сей әскерлерi қала көшелерiне сап түзеп, үрлемелi аспаптар оркестрiмен кiрген екен. Сонда бiр өзбек ағайынымыз: «Тәшкенттi алса, ала берсiн. Музыкасы жүдә жақсы екен» – деген көрiнедi.

1991 жылдың ақпанында астанамызда «Сенiм» атты қазақ-американ бiрiккен кәсiпорын құрылды. Оның құрылтайшылары – өзiмiз жақтан «Алтын алма» мәдени-коммерциялық орталық (Бас директоры – Есет Қосубаев), американдықтар жағынан «Орталық Азия қоры» (қол қойған қордың вице-президентi – өздерiңiзге таныс Брайан Грим). «Сенiмнiң» мақсат­-бағдарламаларында гуманитарлық көмек, оқу-ағарту, мәдени және экономикалық мәселелер қамтылған екен. «Бiз американдықтарға, олар бiзге сенiм көрсетiп жатса оны неге құптамасқа?» – деп ойладық. Хош делiк.

Сол жылы маусым-шiлде аралы­ғында Республикамызда «Сенiм» ұйымдастырған қазақ-американ практикумы 15 күнге созылды. Америкадан 300-ге жуық «қонақтар» келдi. Олар 8 облыста болды, астананың әр жерiнде кездесулер, конференциялар, этнофестивальдар, тағы басқа шаралар өткiздi. Қала көшелерi құлаш-құлаш әрiптермен «Сенiм» деп жазылған жарнамаларға толды. «Музыкасы жүдә жақсы» болды.

Алайда осы өткiзiлген шаралар кезiнде ең көп айтылған сөздер «Құдай бiзбен бiрге», «Христос – бiрден-бiр құтқарушы» болса, таратылған кiтапшалар («Сәлем – Хэлло», «Iзгi хабар») христиан дiнiн уағыздауға бағышталса, Америкадан келгендердiң басым көпшiлiгi христиан-баптистерден тұрса, бұл практикум туралы не ойлауға болады? Айтпақшы, сол топтың жетекшiсi, Пенсильвания штатындағы баптистер қауымының қазынашы директоры, «Орталық Азия қоры­ның» атқарушы директоры Уоллас Уильям мырза аталған қордың не коммерцияға, не саясатқа қатысы жоқ екенiн алғаш келгенде-ақ айтқан едi.

Сонда олар не үшiн келдi? Байып­тап қараған жанға аме­рикандық «қонақтардың» iс-әрекетiнен – христиан баптис­терiнiң миссионерлiк мақсатын жүзеге асырушылар екенi бiрден аңғарылды. Бұл пiкiрiмiздi ше­гелей түсетiн тағы бiр дәлел: 1992 жылдың мамыр айында 300-ден астам қазақстандықтар қатысып, 20 күнге созылған «Сенiм – II» прак­тикумының Америка жерiнде өткен кездегi христиан дiнiн тарату тұрғысынан атқарылған шаралар. Сонымен «Сенiм» – адамдардың бiр-бiрiне сенуi емес, тек Христосқа құл­шылық етудi уағыздайтын ұйым екенi белгiлi болды.

Бұл «кәсiпорын» дүниеге келi­сiмен «Орталық Азия қорының» христиан-баптистерi республикамызда, әсiресе Астанамызда өз дiнiн, Таурат пен Iнжiлдi тара­ту iсiне белсене кiрiсiп кеттi. «Ағыл­шын тiлiн үйретемiз» деп жеке үйлерде, пионерлер са­райын­да, бұрынғы саяси ағарту ғимаратында Тауратты оқытып, жаз айларында бала­лардың пионер лагерлерiнде христиан дiнiн таратуды дағдыға айналдырды. Тiптi қысты күнi қаланың жүзу бассейндерiнде, жазда «Первомайка» деп аталатын көлде шоқындыру рәсiмi өткiзiлген көрiнедi. Осы келеңсiз жағдайлар ақпарат құралдары арқылы айтылып, баспасөз беттерiнде жазылып та жүрдi. Халықаралық «Қазақ тiлi» қоғамына да телефон шалып, келiп айтқан адамдар аз болған жоқ.Сонымен «Сенiм» шын мәнiсiнде АҚШ-тың Пенсильвания штатында орналасқан христиан-баптистердiң «Орталық Азия қоры» қаржыландырып отыратын миссионерлiк ұйым екенi дәлелдеудi қажет етпейдi.

1992 ж.