«БІР ЕЛ — БІР КІТАП» АКЦИЯСЫ

«БІР ЕЛ — БІР КІТАП» АКЦИЯСЫ

«БІР ЕЛ — БІР КІТАП» АКЦИЯСЫ
ашық дереккөзі
375

Кiтап адамды өмiр бойы қолдап жүретiн қамқоршысы, ал кiтапхана – ғылым мен бiлiмнiң, даналықтың киелi кенiшi. Кiтап құндылығы жайында дана халқымыз «Бiлiмнiң бастауы – кiтап» десе, данышпан Абай «Артық ғылым кiтапта, ерiнбей оқып көруге» дейдi. Өткен аптада Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты ОКЖ №4 кiтапхана бөлiмшесiнде Алматы қаласы Әкiмдiгiнiң басшылығымен «2012 жыл – «Мәдениет жылы» деп жариялануына орай, «Бiр ел – бiр кiтап» акциясы аясында қазақтың бiртуар азаматы Оралхан Бөкей шығармашылығы бойынша «Алтайдың асқақ жыршысы» атты танымдық байқау ұйымдастырылды.

Кітапхананың оқу залында «Ақ бас Алтайдың ақ бұрқақ Ақыны» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге 2012 жылдың бас кітабы – О.Бөкейдің шығармалар жинағы, қаламгердің өмірі мен шығармашылығы туралы замандастарының естеліктері, мерзімді басылымдарға шыққан мақалалар, фотосуреттер және басқа да құнды кітаптар мен деректер қойылды.

Қазақстанда дәстүрлі Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР кітап­ханашылар ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді.

Бұл бастама ұлы Абайдың философиялық трактаты – «Қара сөздерін» оқудан бас­талып, М.Әуезовтің «Қилы заман» шығармасы, М.Жұмабаевтың лирикасы, Жұбан Молдаға­лиевтің «Мен қазақпын» патриоттық поэмасымен жалғасын тапты. 2011 жылы акцияны ұйымдастыру комитетінің шешімімен жыл кітабы болып Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романы таңдалды. Қазақстанның халық жазушысы, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғар­сынованың төрағалығымен өткен «Бір ел – бір кітап» акциясы ұйымдастыру комитетінің отырысында осы жылғы жобаның кітабы жазушы – драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Оралхан Бөкеевтің «Қайдасың, қасқа құлыным» атты повестер мен әңгімелер жинағы болып табылды деген шешім шығарылды.

Танымдық байқауға арнайы шақырылған қонақтар: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Ахат Жақсыбаев, Қазақстан Жазушылары одағы Мұқағали Мақатаев сыйлығының иегері – Жаңабек Шағатаев, Алматы қаласы ОКЖ директорының орынбасары Шолпан Дүбірбаева және №4 кітапхана-бөлімшесінің меңгерушісі Сағын Иманбаева додаға түскен сайыскерлерге төрелік етіп, оқырмандардың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыратын тақырыптар бойынша ой бөлісті.

Байқауға қаламыздағы ең үздік деп танылған 4 білім ошағынан 4 топ қатысты. Танымдық байқау «Сан қырлы талант иесі», «ХХ ғасырдың сүлей суреткері», «Қара сөз­бен жырлайын…» деп аталатын үш кезең­ді қамтыды. Әділ қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені М.Әуезов атындағы №128 жалпы білім беретін мектеп қатысушыларынан құралған «Бәйтерек» тобы иеленді. 1-орын М.Мақатаев атындағы №140 мектеп – гимназия қатысушыларынан құралған «Үркер» тобының үлесіне тиді. 2-орынды №58 мектептің оқушыларынан құралған «Алтай» тобы өз қанжығасына байлады. 3-орын А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінің қатысушыларынан құралған «Жалын» тобына бұйырды. Өмірден ерте кеткенімен артына мол әдеби мұра қалдырған Оралхан Бөкей – ұлттық көркем өнерімізде өзіндік орны бар ірі суреткер. Жазушының адам сезімінің тұңғиығына, жан-дүние тереңіне, ой-арманына үңілген шығармалары туған халқымен бірге жасасып, оның рухани игілігіне қызмет етіп келеді. Асқар Алтайдың кербез табиғатын, тамылжыған сұлулығын Оралхан Бөкейдей сүйіп жырлаған жазушы әзірге жоқ. Ол – табиғаттың асқақ жыршысына айналған табиғи тума талант.

Осы жоба аясында ОҚЖ № 4 кітапхана – бөлімшесінде оқырмандарға жыл бойы Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным» повестер мен әңгімелер жинағы жан-жақты насихатталып, оқырмандар шығармамен тереңірек танысуға мүмкіндік алады.

«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» – деген қанатты сөз қазіргі жас ұрпақтың бағдаршамындай мәңгі жарқырап тұруы керек. Өйткені кітап – адамзат өмірінің құнды мұрасы, алтын қазынасы, ғұмыр шежіресі.

Ләззат ИСАБАЕВА,

кiтапхана қызметкерi

Серіктес жаңалықтары