«ЭЙР АСТАНАНЫҢ» ЖАҢА ҰШАҒЫ

«ЭЙР АСТАНАНЫҢ» ЖАҢА ҰШАҒЫ

«ЭЙР АСТАНАНЫҢ» ЖАҢА ҰШАҒЫ
ашық дереккөзі
344

Жуырда «Эйр Астана» әуекомпаниясының тарихында маңызды оқиға болды. Қазақстанның ұлттық тасымалдаушысы Fokker 50 турбовинттiк ұшақтарын кезең-кезеңмен авиапаркiнен шығару процесiн бастады. Келер жыл­дың жаз мезгiлiне қарай, Fokker 50 жақынмагистральдi ұшақтары Embraer 190 жаңа буын реактивтi әуе ке­меле­рiмен түгел ауыстырылатын болады.

Естерiңiзде болса, лизинг берушi компанияға бiрiншi қайтарылатын Fokker 50 ұша­ғы 2004 жылдың 27 сәуiрiнде пайдаланыла бастаған едi. Осы­ған дейiн аталмыш ұшақтар Қазақстанның iрi қалалары мен облыстық орталықтарының арасына қатынап, 33 928 рейс жасаған екен.

«Fokker 50 ұшақтары көп­теген шағын және онша дамымаған бағыттар бойынша қатынап, жұмыс аттарына айналғандарына қарамастан, олардың қолданылуы реактивтi жаңа буын ұшақтарының пайдасына тоқтатылады. 2011 жылы алдымызға аймақтық бағыттар бойынша әуе тасымалын дамытудың жаңа мүмкiндiктерiн ашатын алғашқы екi Embraer 190 ұшақтары келдi», – дейдi осыған орай «Эйр Астана» АҚ президентi Питер Фостер.

Ал «Эйр Астана» АҚ инже­нерлiк-техникалық депар­та­ментiнiң директоры Тимур Якупов: «Бiз компания тари­­хындағы маңызды беттi аштық. Жаңа ұшақтарды пайдалану «Эйр Астана» әуе флотын жаңартудың ұзақмерзiмдi бағдарламасына сәйкес. 2013 жылға қарай турбовинттiк Fokker 50 ұшақтары Emb­raer 190 ұшақтарына ауыс­ты­рылады. Embraer 190 ұшағы жетiлдiрiлген ди­зай­­­ны мен жолаушыларға ыңғай­лылығы және үнемдiлiгi мен тиiмдiлiгi үшiн таңдал­ған болатын. Fokker 50 ұшақтарымен қоштасу сәл өкiнiштi, өйткенi олар компания­ның даму кезеңiнде жақсы қызмет атқара бiлдi» деген пiкiрiн айтады.

Әуекомпания өз пайдалануын аяқтаған Fokker 50 ұшағы 50 эконом-класс орындықтарымен жабдықталған және ол ең ұзақ қашықтығы – 2 800 км. крей­серлiк жылдамдығы 450 км/сағ. ұшуларды орындай алатын ұшақтар болып есептеледi. Ал жаңадан орын алмастырып отырған Embraer 190 ұшақтары жолаушылар үшiн де өте тиiмдi, қызмет көрсетудiң жаңа үлгiсi болып саналады.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары