ЖАС ТАЛАНТТЫҢ ЖАҢА ҚЫРЫ

ЖАС ТАЛАНТТЫҢ ЖАҢА ҚЫРЫ

ЖАС ТАЛАНТТЫҢ ЖАҢА ҚЫРЫ
ашық дереккөзі

Былайғы жұрт Абай атындағы опера және балет театрына онша бас сұға бермейді. Бәлкім, бұл операның қыр-сырын терең білмегендіктен де шығар. Ал түсіне білген адамға опера жанға ләззат сыйлайтын нағыз шынайы өнер. Міне, бүгінде өнердің осы жүгін арқалап жүргендердің қатарында жастар жағы басым екендігі қуантады.

Соның бірі жас талантты, баритон әнші – Дулат Тоқанов. Ол өзінің шығармашылық баспалдағындағы алғашқы премьерасымен көрермен алдына шықты. «Ер Тарғын» операсындағы басты рөлді сомдаған Дулат бұған дейін де қаншама жанама рөлде ойнаған. Бірақ ол үшін «Ер Тарғынның» орны ерекше. Бұл жөнінде жас актер Дулат Тоқанов: «Осы театрда 2008 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Әуелгіде труппада болдым. 2010 жылдан бастап театрдың солисімін. Бүгін менің үлкен премьерам. «Ер Тарғында» Ер Тарғынның рөлін сомдадым. Бұл премьера Бақытжан Ысқақов ағамызды еске алуға арналды. Ол тірі болса 60 жасқа келетін еді. Оның үстіне бұрын Бақытжан аға да Ер Тарғынды ойнаған екен. Тағы бір мақтана айтатыным, Бақытжан аға да, мен де Қазақ КСРО халық әртісі Ермек Серкебаевтың шәкіртіміз. Ал өзім Ермек ағаның тәрбиелеген соңғы шәкіртімін. Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсы қазақтың әуенімен жазылған шығарма. Оны сахнаға режиссер Ләйлім Иманғазина қойса, әнмен дирижер Мусли Әмзе көркемдеді», – дейді.

Сондай-ақ, жас актер Дулат Тоқанов бүгінде әнші Сәкен Майғазиевтің бас­тамасымен құрылған «Парасат» вокалды квартетінде ән салып жүр. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын, Құрманғазы атындағы консерваторияны тәмамдаған талантты әртіс классикалық музыкада да бағын сынауда. «Кішкентайымнан ән айттым. Сондықтан да опера маған өте жақын. Әрине, біздің халықты шетел көрерменімен салыстырғанда, операға деген көзқарасы төмендеу. Біз «Парасат» квартеті арқылы жұртты классикалық музыкаға тартқымыз келеді», – дейді ол.

Ақерке СҰЛТАНҚЫЗЫ

Талғар ауданы, Тұздыбастау ауылы