ОППОЗИЦИЯ ОШҚА БАУЫР БАСТЫ

Көктемнің алғашқы айы қыр­ғызстандықтар үшін жағымды да, жағымсыз оқиғалармен басталды. Билікке оппозициялық көзқарастағы саяси күштердің лидерлері рес­публиканың оңтүстік орталығы – Ош қаласында наурыздың бірі күні ереуіл ұйымдастырды.

Ереуілдің басында Қырғызстанның Парламентінің құрамына кірген оппозицияшыл «Атажұрт» партиясының жетекшісі Қамшыбек Ташиев, аз ғана дауысы жетпегендіктен парламентке кіре алмай қалып әлі де өкпесін баса алмай жүрген «Бүтін Қырғызстан» партиясының басшысы Адахан Мадумаров және Исхак Масалиев жетектеген Қырғызстан коммунистер партиясы болды. Ош облыстық әкімшілігінің алдындағы алаңға, тәуелсіздіктің жиырма жылынан бері орнынан түспей қолын көтеріп тұрған Лениннің ескерткішінің жанына жиналған бес мыңнан астам адамның алдында «біз билікке келсек, өлкені гүлдетіп жібереміз» деп жалынды сөз сөйлеген «революционерлер» бұл жолы, негізінен, жалпы ел күте қоймаған жаңа талапты – 1993 жылы қабылданған ескі Конституцияға қайта оралу мәселесін көтеріп шықты. Бұл деген – Қырғызстанның қазіргі басқару түзілісін түп-тамырымен қайта өзгерту, парламентті қайта сайлау деген сөз. Рес­публика билігіне өз талаптарын қойған және үндеу қабылдаған ереуілшілер «айтқандарымыз атқарылмаса» ай ортасында тағы да жиналамыз деп түс ауа тарап кетті.

Оппозиция ереуіл жасауға Ош қа­ласын кездейсоқ таңдап алған жоқ. Оларға «республиканың оңтүстігінің ханы» деген лақап аты бар Ош қа­ласының мэрі Мелис Мырзахметов ашықтан ашық қолдау көрсетіп отыр.

Оппозицияның Оштағы әрекетін өлкенің солтүстік аймағының халқы, әсіресе Бішкек тұрғындарының көп­шілігі онша жақтыра қойған жоқ. Оштағы болған оқиға республиканың халықаралық беделіне нұқсан кел­тірді. Үкімет басшысы алдын ала жоспарланған сапармен наурыздың бірінші аптасында өлкеге инвестиция тарту мақсатымен Катар мемлекетіне барғанда, араб шейхтері премьер-министр Өмірбек Бабановқа инвестиция алу үшін Қырғызстанда саяси тұ­рақтылықты қамтамасыз ету керек деген меңзеуін білдірді.

3 наурыз күні Қырғызстан мем­лекеттік туының 20 жылдығын салтанатты түрде белгілеп, Бішкек мерекеге бөленді. Бұл күні қаланың ор­талығындағы «Алатау» алаңында мемлекеттің рәмізі ретінде ұлттық гвар­дия әскерлерінің күзетуінде тұрған ту жаңаланып, ұзындығы 15, ені 10 метрлік қырғыз туы 45 метр биіктіктегі бағанаға ілінді. Рәсімге республиканың үш жетекшісі де – Президент Алмазбек Атамбаев, Жоғарғы Кеңештің төрағасы Асылбек Жээнбеков және Премьер-министр Өмірбек Бабанов қатысты. Бұл іс шарадағы назар аударатын нәрсе – бұл күнге өзгеше мәннің берілуінде, не тудың үлкендігінде, бағананың биіктігінде емес, респуб­лика басшыларының ақ қалпақтарды бас­тарына қайқайта киіп келгендігінде болды десем жаңылыспаймын. Ақ қал­пақ арқылы республика басшылары ұлттық салт-дәстүрдің, бас киімнің қасиеттілігін өз халқына ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бүкіл дүниеге паш етіп отырғандай. Осы күннің әсері де болса керек, екі күннен кейін, 5 наурыз дүйсенбі күні Бішкекте, көшелерде, қоғамдық көліктерде ақ қалпақ киген адамдар қаптап кетті. Көптеген мемлекеттік шенеуніктер жұмыстарына ақ қалпақ киіп барды. Бұдан бір жыл бұрын 5 наурыз ресми түрде болмаса да республикада Ақ қалпақ күні деп жарияланған еді, жұрт оны ұмытпапты. Қырғыздардың қалпақты көбірек кие бастауына байланысты ел арасында «Аспанда жарық көрсең, жұлдыз деп біл, ақ қалпақ киген жігіт көрсең, қырғыз деп біл» деген мақал пайда болды.

4 наурыз күні республиканың үш қаласында – Ошта, Қарақолда және Тоқмақта қалалық кеңестің депутаттары алғаш рет партиялық тізіммен сайланды. Тоқмақтың бір сайлау учаскесінде қоғамдық тәртіп бұзылып, арандатушылар кеңсені басып алды. Дегенмен жалпы алғанда, бірқатар кемшіліктер орын алғанымен сайлаулар жаңа заңдарға сәйкес өтті. Бішкектен кейінгі халқы көп қала – Ошта сайлауға алты партия қатысып, қаланың мэрі Мелис Мырзахметов мүше болған «Ұлттар бірлігі» партиясы қалалық кеңесте басқалардан көбірек орынға – мандаттардың жартысына ие болды.

12 наурыз күні Қырғызстанның ішкі істер министрлігі 52 қызметкерін жұмысынан босатып, 54 қызметкерінің лауазымын төмендетті. Өткен айда мемлекеттік жол инспекциясының Айбек Эшбаев деген қызметкері пара алған жерінен ұсталып, тергеу мекемесіне қамалған. Ол Мемлекеттік қауіпсіздіктің ұлттық комитетінде тер­геліп жатқан кезінде асылып өл­ген болатын. Әріптестері – жол инс­пекторлары «Эшбаевты өлтіріп қойды» деген наразылықпен ереуілге шыққан. Ішкі істер министрлігі милиция қызметкерлерінің ереуілге шығуға қақысы жоқ деген дәйектемемен жоғарыдағыдай шешімді шығарған. Бұл іске байланысты өткен айда Бішкек қалалық жол бақылау қызметінің басшысы Ыманалы Саркұлов бастаған төрт жетекші қызметтерінен алынған еді.

Сондай-ақ 12 наурыз күні прези­дент Алмазбек Атамбаев әр түрлі дәрежедегі 3 сот қызметкерін олар­дың сыбайлас жемқорлыққа қатыстығы анықталғанына байланысты қыз­мет­терінен босатты.<

Назарбек БАЙЖIГIТОВ,

«Түркiстанның» Қырғызстандағы тiлшiсi

Back to top button