АМАН БОЛСЫН СӘБИЛЕРІ АЛАШТЫҢ

АМАН БОЛСЫН СӘБИЛЕРІ АЛАШТЫҢ

АМАН БОЛСЫН СӘБИЛЕРІ АЛАШТЫҢ
ашық дереккөзі

Соңғы жылдары кейбiр статистикалық мәлiметтерге сүйенсек, дүниеге келiп жатқан сәбилерiмiздiң көбi жүрек талмасымен туылады екен. Одан бөлек, сәбилердiң денi түрлi сырқатқа ұшырап, өмiрге келуде. Iштен шықпай жатып, кiшкентай нәрестенiң әртүрлi дертке шалдығуының түрлi себептерi бар көрiнедi.

Ананың денсаулығындағы кейбір кінәраттар, темекі мен ішімдікке улану, экология, тағы басқа түрлі себептер баланың денсаулығының нашарлауына әкеліп соғады. Кеңес өкіметі кезінде дүниеге келген баланың дене салмағы 1200 граммнан жоғары болған кезде ғана тірі туылған деп есептелінген көрінеді. Ал бүгінде салмағы 500 граммдық та балалар өмірге келуде. Әрине, өмірге келер сәбиінің қол-аяғы бүтін, он екі мүшесінің сау келуін тілемейтін ана болмас. Ана мен баланың өмірін сақтап қалу ақ халатты абзал жанның қолында десек те, олардың өмірін сақтауға жалғыз жанның көмегі аз болары анық. Жоғары технологиялық медициналық жабдықтар перзентханалар мен ауруханалар үшін де қажет-ақ. Ондай құрылғыларды сатып алу мәселесі перзентхана үшін қиындық тудырып отырса, екінші жағынан жоғары технологиялық медициналық жабдықтарды пайдаланатын мамандар да жоқтың қасы.

Ана өлімі мен перзенттердің өлі туылуының күрт көбейіп кеткені де елді алаңдатып отыр. Мұндай жағдай біз өзіміз барып қайтқан Атырау облысында да кездеседі екен. Мұнда ана мен бала денсаулықтары төменгі деңгейде. Облыста ерте туылған балалардың өлімі, тұқым қуалау ауруларының дамуы өсіп отырған көрінеді.

Осы орайда Атырау облыстық балалар перзентханасын құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін арнайы қымбат тұратын қондырғылар алынып, перзентхана басшылығына сыйға тартылды. Бұл жобаны жү­зеге асыруға мұрындық болған – «Аяла» қайырымдылық қоры. Ал демеушілік танытып отырған «ЭксонМобил» мен ұлттық «Эйр Астана» әуетасымалдау компаниясы. Аталмыш компаниялардың қолдауының арқасында облыстық перзентханаға қажетті қымбат қондырғылар әкелінді.

Атырау облыстық перзентхананың бас дәрігері Ұлжан Ахметқызы облыста соңғы жылдары ана мен пер­зенттік өлім тенденциясының тө­мен­деуі байқалып жүргенін айтады. «Қаражаттың бөлінгеніне қарамастан, облыс бойынша медициналық жаб­дықтар жетіспей жатады. Балаларды құтқару үшін арнайы медициналық қондырғылар қажет-ақ», – дейді ағынан жарылып. Облыстық перзентхананы аралап, өмірге жаңадан келген сәбилерді өз көзімізбен көріп қайт­тық. Кіп-кішкентай, салмағы бар-жоғы бес жүз граммдық сәбилер қондырғымен тыныс алуда. Егер арнайы қондырғы болмаса, әлгі сәбидің өмір сүруі де неғайбыл. Титімдей жүрек әлсіз соғуда. Әлі көзін тырнап ашпаған бұл сәбидің Алла жазса күні ертең-ақ өмір сүріп кететініне де дәрігерлер сенімді. «Мұндай қымбат медициналық қондырғылар болса, перзенттердің өлімі де азаяр еді», – дейді облыстық перзентхана дәрігерлері.

– Бұл қондырғылармен жұмыс істейтін мамандар бар ма? – деп сұрадық Ұлжан Ахметқызынан. – Бар. Мұндай медициналық қондырғылар бізде бұрыннан бар. Тек аз мөлшерде. Оның үстіне, әрбір аппараттың жұмыс істейтін белгіленген уақыты болады ғой. Ол қондырғылар жарамсыз болып табылған жағдайда, біз оның орнына жаңа қондырғыларды қолданатын боламыз. Мәселен бүгін әкелінген рентген аппараты, реа­ни­мациялық үстелдер де бізде бар. Бірақ аз. Олар кейде әрбір нәрестеге қажет болып қалады.

– Перзентхана мамандарын өзге елде оқыту, тәжірибе алмастыру мәселелері де айтылып жатты. Өзге елде білім алумен қатар, сырттан мамандар да шақырылады екен. Мұның себебі неде?– Сырт жақтарға білім алуға мамандар жіберу бізде бұрында да болған. Бұрындары әрбір бес жыл сайын мамандарымыз өз білімін жетілдіріп отыратын. Әрбір бес жыл сайын мамандарымыз екі-үш айға оқуға баратын. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Қазір біз он күнге, бір жұмаға барып, мастер-класс өткізіп қайтамыз. Мұның да пайдалы жағы өте көп. Қазір 500 граммдық сәбилерді аман-сақтап қалу үшін жанталасып жатырмыз. Бұл үшін өзге елдерде тәжірибе жинақтау қажет.– Облыстағы балалардың өлімі азайды ма қазір?

– Көп деп те айта алмаймын. Соңғы уақытта шала туылған сәбилердің өлімі азайып келеді. Әсіресе, аз салмақта туылған балалардың өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер жұмыла жұмыс істеуде. 500 граммдық балалардың өлімі азайып, олардың қатарға ілесуі көбейіп келеді. Осыған байланыс­ты, «ЭксонМобил» компаниясының көмегімен Харьковтан арнайы екі маман келіп, жұмыс істеп жатыр. Біздің тарапымыздан да екі маманымыз сол жаққа екі айлық оқуға барып келмекші. Бұл әрі тәжірибе алмасу, әрі маман білімінің жетілдіруі болып табылады. Сондықтан келешекте балалардың өлім-жітімі азайып, дені сау ұрпақ көбейеді деп ойлаймын.

Балалардың денсаулығын жақсарту үшін перзентхана жұмысын жетілдіру қажеттігі аян. Осы орайда балалардың өмірін сақтау жолында демеушілік көмегін аямай отырған «ЭксонМобил» мен «Эйр Астананың» игілікті ісіне перзентхана қызметкерлері де риза болып қалды.Осы орайда «ЭксонМобил» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі Гүлнәр Нұғманның пікірін білген едік.

– Аналық және перзенттік өлімдер көрсеткішінің төмендеуі Қазақстан республикасының денсаулық сақтау жүйесі үшін басым бағыттарының бірі болып табылады. «ЭксонМобил» инвестициялары өмірлік қажеті бар жабдықтарды сатып алу және облыстың медицина қызметкерлерін оқытуда атыраулық жанұялар үшін де, аймақ және жалпы республикамыздың болашағы үшін де маңызды. Біздің компаниямыз үшін денсаулық сақтау саласына құйған инвестициямыз өте маңызды. Денсаулық сақтау саласы қоғамның дамуының бірден-бір көрсеткіші екені белгілі. Сол себепті, біз өз инвестициямызды осы салаға құйдық. Атырау облыстық перзентханасына құйылған бұл қаржының атыраулық әрбір отбасыға оң әсерін тигізетініне сенімдіміз.

– Инвестиция қаржылық мөлшерде бөлініп отыр ма?

– Жоқ. Біз бұл облыстық перзентханаға заманауи медициналық қондырғылар алып беріп отырмыз. Өте қымбат, әрі заманауи технология болып табылады. Бұл жабдықтардың арқасында, облыста ана мен баланың өлуінің саны кемиді деген ойдамыз.

Ал «Эйр Астана» компаниясы бұрыннан да бала мен ананың денсаулығын жақсарту жолында өзіндік үлесін қосып келе жатқаны белгілі.

«ЭксонМобил» компаниясымен және «Аяла» қайырымдылық қо­рымен бірлесіп, біз осы жобаны іс­ке асыру арқасында қоғам өмірін жақ­сартатынымызға сенімдіміз», – дей­ді әуе компаниясының мамандары. «Эйр Астананың» қайырымдылық бастамаларында жүрек-қан тамырла­рының және онкологиялық аурудан азап шегетін балаларға көмек көр­сету мәселесі алғашқы орында. Біз осындай бірлескен жобаларымыздың арқасында бір адамның ғана емес, бірнеше адамның өмірін сақтай аламыз, – дейді.

Аталмыш шара «Аяла» қайырым­дылық қорының «Тыныс ал, балақай» жобасының аясында жүзеге асырылып отыр. Бұл жоба Атырау облыстық перзентханасына ғана арнайы медициналық жабдықтар әкеліп берумен шектелмеген. Еліміздегі көптеген перинаталды орталықтар неше түрлі медициналық аппараттарға қол жеткізіпті. Олардың арасында Өскемен, Семей, Қарағанды қалаларындағы перинаталды ор­талықтар да бар. Облыстардағы ауру­ханаларды зерттеп, қандай қондырғылардың қажет екендігін байқап жүретін қайырымдылық қорының қызметкерлерінің де кәсіби мамандығы дәрігерлер көрінеді. Дәрігерлік мамандықтың қыр-сырын меңгерген жандар дәрігерлер үшін ненің қажеттігін жақсы түсінетіні белгілі. Сондықтан да болар, «Аяла» қайырымдылық қорының қыз­­меткерлері еліміздің түкпір-түк­піріндегі перзентханаларды аралап, қандай жабдықтардың қажет екендігін елеп-екшеп жүргендігі. «Аяла» қайырымдылық қорымен «ЭксонМобил», «Эйр Астана» компаниясына Атырау облыстық перзентхана қызметкерлері дән риза. Келесі кезекте, бала мен ананың өлімін болдырмау – осы ақ халатты жандардың қолында.

Тағы бір таңқаларлық дүние, балалар перзентханасы болсын, кез келген аурухана болсын, жаңа медициналық технологиялық жабдықтарға неге мұқ­таж? Үкімет тарапынан болсын, Денсаулық министрлігі болсын, ана мен баланың өмірін сақтауға қажетті қондырғылар алынбай ма? Алынатын болса, онда неге облыстық перинаталды орталықтар қондырғы алу үшін демеуші іздеп, зар қағып жүр? Бізді мазалағаны да осы. «Жаны жомарт, қалталы азаматтар» табылса жақсы, табылмаса, аудандық, облыстық перзентханалар қондырғысыз қалмақ па? Сұрақ көп, жауап жоқ…

Гүлзина Бектасова