ПӘК СЕЗІМНІҢ ЖЫР-ГҮЛІ

ПӘК СЕЗІМНІҢ ЖЫР-ГҮЛІ

ПӘК   СЕЗІМНІҢ   ЖЫР-ГҮЛІ
ашық дереккөзі
855
ҮМІТІМДІ ЖЫЛАТПАСА БОЛҒАНЫ…

Бұл көктемнен не күтіп ем…

Сенi ме?! Мұң жылайды көзімде, Тыңдайыншы, айтар екен сезім не? Өткен күннің құшағында қалған Күз, Несібемді келіп тұрмын бер, міне… Кө-ө-өп күттім ғой… Нені күттім сағынып?! Бiр жылылық аңсап жүрген жанымды ұқ …Қойшы, осы мен кімге не деп отырмын? Нені күтем, өшті емес пе бар Үміт?! Ұры ойлары тағы да ұлып санамның, Күтеді ылғи, талдырып құр жанарын… Тағы да сол амалсыздан ақыры Тағдырымның бағамын-ау қабағын. Өкпелі ме, соңғы кездер Ол дағы, Араласып кеткеннен соң Сор, Бағы. Мені қойшы, шыдаймын ғой, шыдаймын… Үмітімді жылатпаса болғаны…
МАМА
  Көңілсіздеу бүгінгі іңірдің десі, Төзімді бойға уақыттың сіңірді көші. Мейірімге шөлдедім, сағындым, Мама, «құлыным» деші?.. Жамандықтан бұл күнде жүрегім ада, Сен де мені сағындың, бiлемін, Мама?! Түсіме енші,Тәңірден бүгінгі менің тек осы тілеуім ғана! Тыныштықты қай жақтан табады санам? Жылылық аңсап Тағдырдың қабағын бағам. Күтші, Мама, күп-күрең Күзді арқалап, кешікпей барады балаң… Жазғырма, Мама, қара деп көңілі босын. Қайтейін мұңның өмірде өрімі басым. Оңашада отырам өлеңмен сүртіп Осылай көзімнің жасын. Кешірші, Мама…
* * *
  Бәрі осылай бітер деп ойладым ба? Қажытты бастан өткен жайлар мына. Қайыры бар сөз таба алмай қысыламын Көзімнен алақанын жайған мұңға? Кербезденген сал түндей Ай төбелі. Жан еді деп сүйген ем қайтем енді Көнемін ғой, онсыз да бұл жүректің Бұрында болып еді қай дегені? Санама ылғи ұйытып сабырымды, Жүр едім, қозғап кеттің тағы мұңды. Сонда да бір кездегі сезім үшін, Көктегiм, жарылқай жүр жарығымды. Өмiр қабақ ашпаса өзi бiлсiн Мен енді жыламаспын сезім үшін. Сыртта боран басылды…шаршаған-ау, Ол да аздап көзiн iлсiн…
Айжан ТАБАРАКҚЫЗЫ Астана қаласы
* * *
  Шиелер гүлдеді ғой бұл бақтағы, Ауаға ақ жұпарын шашып, төгіп. Мазам жоқ жүрегімді ұрлатқалы, Мен бұрын көрмеген ем ғашық болып. Түн төсін тіліп қанша жұлдыз ақты, Сонша рет үміт тіні сетінеді. Күрең жел тонағанда күзгі бақты, Көктемде оралам деп кетіп едің. Шаттығым, жанарыңнан нұр моншақтап, Жаныңның бөлегенсің жылуына. Сап-сары жапырақты жүрмін сақтап, Сен сонда қадап берген бұрымыма. Білмеймін, қысты қалай өткергенмін, Қысқа күн күдік сыйлап қырық түрлі. Гүлдетіп шие ағашын көктем келді Түсімде есігімнен күліп кірдің. Өңім болса екен…
АУЫЛҒА МАХАББАТ
  Ауылдан шықпай жүрсің деп налыды құрбым, Мен болсам мұңның торғынын жамылып жүрмін. Қаладан тапқан бақытын қымбаттыларым, Сағынып жүрмін, бәріңді сағынып жүрмін. Ауылдан бірақ кете алман, берік байландым, Осында жүрек, жанымды беріп қойғанмын. Көз салдым мәңгі көлкіген көкжиек – қырға, Көк шымылдығын кердім де көрікті ойлардың. Ешкімнің маған үгіті жүрмейді екен, Ауылдан артық жұмақты білмейді екем. Боз жусан иісін жырыма тамызық қылып, Аңсай алмастан өтермін күнгейді бөтен. Жалаңаяғын қақтаған құмның табына, Бал күнін аңсап сыр қылған күллі ұрпағына. Еріксіз жүрген қалада көкелерім-ай, Ерліктеріңе таң қалып жүрмін табына. (Күн болар ма екен мінетін жырдың тағына…) Қолымды созып көгіне қиялдай жырдың, Перзенттік махаббатымды тия алмай бір күн. Ақжарма таңын ауылдың, барқыттай түнін Бауырыма басып бір сәт те қия алмай жүрмін. Бейғам тірліктің өзгеше базары мұнда, У-шуды жаным сүймесе жазалымын ба. Тілменен айтып жеткізбес тылсымы, сірә Табиғат берген тұп- тұнық тазалығында. Тұрмаса да ылғи тәтті жыр таңдайымда еріп, Бөтен арманға ғұмырды арнайын не ғып. Құрбымның назын есіме ап күрсіндім жеңіл, Күн иісі сіңген ұлымның маңдайын өбіп…
* * *
  Жайымды менің жаралы елікке бала, Жабыққан көңіл бұл күнде желікен ада. Не айтсаң соған сенейін, жауап берші енді, Биылғы көктем неліктен көріксіз, аға. Мынау бақ бұрын болатын көңілді мекен, Өгейсіп тұр -ау сүргендей өмірді бөтен. Барып қайтайық, досым-ау, қолың бос па еді, Көбесі мұздың Жайықта сөгілді ме екен?.. Біздің бақтағы шиелер баяу гүлдеді, (Кеш келген бақыт шынымен баянды ма едің?) Өзгелеу әуен секілді жылдағысынан, Тырнаның үнін тыңдашы, аяулым менің…
* * *
  Салқыны соғып пері уайымның, Періште көңіл қанша құбылдың. Жарығы сонда сөніп айымның, Жібергем үзіп моншағын мұңның. Ыстық сәлемін алып ұшқанда, Ынтық боп көкке көгершін кеудем. Жазықсыз үміт жаңылысқан да, Әйтеуір түбі келерсің деумен. Құлын көктемім өтті кісіней, Сары бел астым саған жетем деп. Іздеп келемін көптің ішінен, Кезігіп бір күн қалар ма екем деп… Тамшының әнін тыңдаған тәтті, Күзгі бақ күрең жамылып торғын. Ұйқымды ойлар ұрлаған сәтте, Күлкіңді, айнам, сағынып қалдым.
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА Атырау қаласы
СІЗ БАРСЫЗ
  Жалқы жанымды жұбатамын деп, Таңда тербейді өлең кеп! Көктем көңілде бүр атамын деп, Сізді іздей берем елеңдеп! Әлдекімдердің айтақ ұлындай, Өктем сөйлейді өресіз! Қасіретімнің қайтарымындай, Есіме түсе бересіз… Етектен тартты… етпейін күпір, Фәни күн өтпес ызғарсыз… Бақытым болып бұйырған шүкір, Өлеңім… және Сіз барсыз!
АТА АМАНАТЫ
  Көтеремге қайсар жаның кекті ме ед?! Екі ойыңның бола берді-ау, бірі мұң. Ақынсымақ ардан безіп кетті деп, Лағыл жырға лағнет айтпа, құлыным! Ғазиз жанда ғазал жырдың асылы, Құдыретті Қасым үнмен қайымдас. Алақұйын айқайшының асыры, Ақ өлеңге бола алмайды айырбас! Сал-серінің астарлы ғой сыры әлі.. ..Күн астында гүлсіз қалды көп қырат.. Пір тұтқаның асқарынан құлады, Өлең шіркін, өліп кеткен жоқ бірақ! Құм астында күңіренді құба бел, Алақанда ақық өлең, ақырғы үн! Алты алашқа әкелер деп мұрагер, Қалқам, саған аманаттап жатырмын! Мұқағали, Мағжан көшін табарсың, Жүдә, жақсы Жұмекенге жолықсаң. Еншіңді алып ескі жұртта қаларсың, Қара өлеңнің киесінен қорықсаң! Сабыр, сабыр, сәл-сәл тағы төзім қыл, Жанардағы отты өшірме, жарай ма? Құнсыз ғұмыр құрықтаса өзің біл, Жырсыз жаның жетімек қой алайда. Күн секілді көктен ғана көрініп, Ақ дидарлы ай да болғың келеді! Өр көңілдің өзегінде өріліп, Өлең болып туылғансың себебі! Жанашырың жарым ес боп жолықты, Жұмыр басқа бақ секілді сор да сын. Саналығы сабыр жолдас болыпты, Ал, соқпағың сапарыңды оңдасын. Бара ғой..
* * *
  Сен туған күн… Көңілің де елік сынды ерке-тін, Аппақ қарда асыр салшы балаша. Ақ қайыңға шырша мұңын шертетін, Сен туған күн – сен секілді тамаша! Мұңлық қылып… махаббаттай сынайтын, Суығына тоңдыратын, өртеп ап… Аспан жақ тан ақ жұлдыздар құлайтын, Сен туған күн – сен секілді көркем-ақ! Еске түсіп сонар күндер, соққылар, Сан сұраулар қаумалайды араға ап… Аяз сорып жан дертімді жоқ қылар, Сен туған күн – сен секілді ғаламат! Тағдыр төрем.. тигізбей еш салқынын, Екеумізді енді етпесін келеке.. Бір шаттыққа бөленейік, жарқыным, Сен туған күн – мен үшін де мереке!
Салтанат СМАҒҰЛОВА Қарағанды қаласы
ТҮС
  Таң жауынды. Тентек жел жүр, Дүние рас — мінсіздік. Таң ішінде тағы да – біз. Екеуара үнсіздік. Үнсіздікті сөйлетуге қорқамыз деп баяғы, Үміті өшкен күндерден осыншама жыл тіздік. Бұлыңғыр таң… Шыдамсыздау соға берді-ау жел де тым, Жүректегі жіпсіз тұзақ желге ұшпап па ед, жер бетін жаңбыр сүйіп жылағанда… Түске енетін кімсің өзі, қапелімде қобалжытып суреттегі келбетің?.. Суық жауын. Тұнжыраған бозаң дала – сол таң ғой Тоңазытқан сол таңдағы тамшылардың әттең, бірі болсам ғой… Таңдар өтті, жылдар өтті, тұзақ қайда сондағы? Жол тарылды тоғысуға, Он жыл ақты… өксіп жатқан көктем емес, қаңтар ғой!..
БІЗ КЕЙІПКЕР…
  …Өзімді-өзіме қалдырып, Түндердің кірпігін талдырып, Таң ғылып өзімді-өзіме Қалғы, құп. Тағы да Таңымды таңға ұрып, Есімді есінен тандырып, Шексіздік шегіне шыңғыра Жүгірдім жүрегім дауысы қарлығып. Білмеймін, Мәнсіз бе, мәнді ме, Қинайтын жанымды мәңгі не? Біз деген бейшара кейіпкер, Өмірі доғалдау әңгіме. Өтірік айта алман өмірлес, Өзімдей пендеге паң күле. P.S. Аспанға лайықты емеспін, Төменнің үкімін кесе алман. Өзімен күрескен елеспін, Қиылсам қайталап өсе алман.
* * *
  …Сен сен емес едің, Мен едің (Сол үшін бе еді керегің?!.) Кермек татығанда түгел қорегім менің, Таусылып тапқан тәтті сор едің. …Күбірлеп тұрмын құмға тірелген кемеде Қиялым соғып кемерін. Сен мендік едің, Шөл едің Өлеңге сыймас көлемің. Келе жатам да көшелердегі көңілсіз әйнектерден, өңімді емес, Өзіңді көремін. Өмірдің сұрғылт көне уілін, Түсірейін десем тіліне Күйдің, Әуезді ән ғып ала беремін. …Өтірік едің әйгіленбейтін, Ақжалқын будай салмақсыз. Өтірік едің – қайғыны емдейтін, Қайғым боп енді қалмақсыз.
ТҮН-БЕСІК
  Тұп-тұнық түнді тыңдадым, Тарқатып ойдың ұштарын. Томсарып тынған көңілдің, Томағасын алдым – ұшпады. Түн де ерек, мынау күй бөтен, Қойнына алып тербеген. Қорғанымды өзім күйретем, Соғысып жауға бермеген. Тұндырып жүрген тілегім, Тілімде еріп таусылды. Жұлқынып үзген шідерін, Жаным да тілсіз жау сынды. Таралып, толқып алдымда Тікенек басқан Жол жатыр. Беріліп кеуде Сары мұңға, Түседі осы жолға ақыр. Түседі осы Жолға ақыр, Бөленіп жаным Сары мұңға. Жалыным жанып қолда тұр, Жоғалтқан күні бар қылма.
БІР ҒҰМЫР
  Көктем келе гүлдердің тамырынан қуана өнетіні секілді, Жаздыкүні жайқалған сол гүлдердің бетінен, желдей есіп көбелек өбетіні секілді, Жаңа туған жас төлдің енесінің соңынан томпаң қағып жүгіре еретіні секілді, Ауық-ауық жел соқса, басын иіп алма ағаш бойындағы жемісін төгетіні секілді, Жазғы түннің әніне шегірткенің шырылы өзгеше бір сұлулық беретіні секілді, Ай туғанда қиылып, сүттей сәуле құйылып, түннің қою қарасын сөгетіні секілді, Бала күннен бір хаттар, сағыныш сонау түнгі оттар, таңға қарай зарығып сөнетіні секілді, Таң алдында тіршілік маужыраса тыншығып, үкі жатса күрсініп, тамағыңа тәтті өксік келетіні секілді, Сонау таудың басында қойын баққан момынның Құдайына кіршіксіз сенетіні секілді – Екеуара бұл тағдыр – тәттісі мен талқысы, Ойда жоқта кезігу; жүрегің мен жолыңның бір екенін сезіну. Әр кеш сайын бұйығып Бауырласа көз ілу — Көк түбінде сақталған Хақ Кітапқа Жаратқан Өзі жазған секілді!..
ҰМЫТУ
  …Қара түнге, қап-қара қабырғаға Қауіпсіздеу бейнеңді қағып қойып, Қызық-қызық сыр айтамын, тыңдашы: «Лапылдаған жан отымды, Ақ параққа сіңдіріп Хат жаздым да саған арнап, Отқа бердім – ол отты өртеп жіберді. (Қызғылт-күлгін күлі қалды соңында). Тамшылаған тағатымды, Сабырымды сусыған өрдім-дағы талдап-талдап, Желге бердім – желді ұшырып үдерді, (Жалғыз талы жылап қалды қолымда). Түнді жарып жұлдыз ақты, жолақ ізін қалдырып. Жел қуалап жаным кетті, көзім қалды қарлығып. Соны ұмыттым – сені ұмыттым сәлден кейін мәңгілік. Содан кейін, құлағымды тас бітеп, шыңғырғанын теректің, өксігенін жылғаның, күрсінгенін үкінің Естімедім. Есімде тек өзегімді жас бітеп, ұзақ-ұзақ күлімсіреп тұрғаным. Қою қара керегеге, қанық бояу паң түнге, суық керім суретіңді іліп қойып, солай қатал сыр айтамын, сені еріксіз мұңайтамын… …бұлай жансыз тұрмашы?!.
Жанар ӘБСАДЫҚ Алматы қаласы
ДОСТАРҒА
  Есейсем де әлі күнге баламын, Дос көңілін қалай ғана табамын. Бір досымды қуантайын деймін де, Бір досымды ренжітіп аламын. Бір досымның қылықтарын мақтаймын, Бір досыма жақ ашуға батпаймын. Бір досыммен сырларымды бөлісіп, Бір досымның құпиясын сақтаймын. Ойлануға мұрша бермей зырлатып, Қарайламай өтіп жатыр бұл уақыт. Әрқашанда табылатын қасыңнан, Достарыңның болғаны да бір бақыт!
ДОСЫМА
  Жүрегің сыздап, Көңілің мұздап, Досым-ау, тағы мұңайдың. Бергенді алып, Сынаққа салып, Деген ғой Алла сынаймын. Мұңая бермей, Бос сөзге ермей, Ойыңды тазарт ластаған. Аллаға сеніп, Жүрегің кеңіп, Сеніммен алға бас қадам. Дүниеге бойлап, Байлықты ойлап, Қалмашы досым,тұншығып. Алла деп күнде, Алла деп түнде, Құдайға жаса, құлшылық!
ҚЫЗДАР
  Қыз ана ғой әлдилейтін баласын, Қыз бала ғой еркелетіп бағасың. Қыз қарындас өрісіңді кеңейтер, Қыз жан-жарың бар ма бұған таласың. Қыз баланы көп нәрседен шектейді, Тәлім-тәрбие қызға артық етпейді. Бар әлемнің аруларын қоссаң да, Қазағымның қыздарына жетпейді! Жаратқанның таусылмасын сыйлары, Қыздардың тек, иман болсын жиғаны. Көктемменен қатарласа келетін, Арулардың құтты болсын мейрамы!
Жансая ҮМБЕТОВА, ҚазҰУ-дiң студентi
Дайындағандар Гүлзина БЕКТАСОВА, Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары