БИЛЕТ АЛУДЫҢ БЕЙНЕТІ АЗАЙМАҚ

БИЛЕТ АЛУДЫҢ БЕЙНЕТІ АЗАЙМАҚ

БИЛЕТ АЛУДЫҢ БЕЙНЕТІ АЗАЙМАҚ
ашық дереккөзі
244

Бұл күні еліміздің екі ірі қаласындағы жолаушылар алғаш рет билетті кассадан емес, арнайы төлем терминалынан сатып алды. Төлем терминалы – уақыт үнемдеудің таптырмас құралы. Жолаушылар кез келген пойызға билетке тапсырыс беріп, оны қолма-қол ақшаға сатып алады. Тек тапсырыс пен төлемді растайтын түбіртекті сақтау қажет. Сондай-ақ, осы терминал арқылы on-line режимінде көрсетілетін барлық қызмет түрлері бойынша толық ақпарат алуға болады. Қазір еліміздің барлық аумағында 1 мыңнан астам өз-өзіне қызмет көрсету автоматтары іске қосылған көрінеді. Алдағы уақытта оның санын 3 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Ал бүгінде Алматы-1 вокзалына 6, Алматы 2-ге 8 аппарат қойылды.

Өз-өзіне қызмет көрсету төлем терминалдары арқылы билетке тапсырыс беру кезінде жолаушыға берілетін токенмен (тапсырыс пен төлемді растайтын чек) жол жүру құжатын вокзалдардың билет кассаларында немесе транзакциялық терминалдары арқылы басып шығаруға болады. Ал тағы бір айта кетерлік жайт – Астана-Алматы-Астана бағыты бойынша қатынайтын «Тальго» пойызына токен немесе жеке куәлікті көрсетсе жеткілікті. «Жолаушылар тасымалы» АҚ Оңтүстік аймақтың Билет кассаларымен жұмыс істейтін бөлімнің бастығы Дуан Омаров мырза: «Астана мен Алматы қаласында қызмет көрсетудің жаңа түрін енгіздік. Өздеріңіз білесіздер, қазір үлкен дүкендерде, супермаркеттерде, банк­терде терминал жүйесі бар. Төлем терминалы арқылы жолаушы билетке тапсырыс бере алады. Бірақ біз қазір қалдық ақшаны бере алмаймыз. Бірақ оны басқа да осы терминал түрімен төленетін қызмет түріне, атап айтқанда, коммуналды қызметке, телефонға төлеуге болады. Келешекте бұл мәселе де қарастырылады», – деді төлем терминалының тұсаукесерінде.

Бір айта кетерлігі, төлем терминалындағы бағыттар ескі атаумен – Алма-Ата, Семипалатинск деп жазылыпты. Біздің «мұны өзгертуге болмайды ма?» деген сауалымызға Дуан Омаров мырза: «Автоматты құрылыс басқарма жүйесінің бас кеңсесі – Мәскеуде. Стансаның бәрі халықаралық атауда жүреді. Базада солай жазылған. Мәселен Ақтау емес, Маңғышлақ дейді. Ал Семей десек, «мұндай қала жоқ» деп шығады. Біз базалық құжатты өзгерте алмаймыз. Өйткені өз жүйемізді жасауымыз керек. Ол үшін қаржы керек, өзіміздің мамандар қажет. Бағдарламаны сатып алу керек. Қазір жас мамандар өсіп келеді. Солардан күтеріміз көп», – деп жауап берді.

Сондай-ақ, қазір интернет арқылы билет алу, брондау акциясы да жүзеге асуда. Мұның нәтижесінде ұтыс ойындарына қатысып, 65 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа «Sulpak» техника дүкенінен тауарын алуға болады. Былтыр интернет арқылы 500 мыңдай билет сатылса, биыл 1 млн. билет сату көзделіп отыр. Айта кету керек, төлем терминалынан да, интернеттен де қызметке қосымша ақша ұстамайды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары