АЙҚЫННЫҢ НЕ АЙТҚЫСЫ КЕЛДІ?

АЙҚЫННЫҢ НЕ АЙТҚЫСЫ КЕЛДІ?

АЙҚЫННЫҢ НЕ АЙТҚЫСЫ КЕЛДІ?
ашық дереккөзі
230

«Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы балалар мен жасөспірімдердің респуб­ликалық «Айгөлек» байқауын демалыс күндері тамашалауды әдетке айнал­дырдық. Әсіресе бұл күндері кіш­кентай көрермендер теледидар алдынан табыла кетеді.

Еліміздің түкпір-түкпіріндегі талант­ты балалардың бағын ашып, өнерін шың­дайтын байқаудың мақсаты да айқын. Бүгінде байқаудың нәтижесінде талай бүлдіршін болашаққа деген қа­дамын нықтап басып, өсіп келеді. «Ай­гөлек» – олар үшін өнерге деген алғашқы мүмкіндік баспалдағының бірі. Сондықтан да байқау қатысушыларына да, оны бағалайтын әділқазы мүшелеріне қойылатын талап жоғары болса керек.

Кешегі жексенбіде байқаудың кезек­ті көрсетілімі болды. Әдеттегідей алдың­ғы сыннан сүрінбей өткен дарынды балғындар өздеріне жүктелген тапсырманы орындап жатты. Бірі ән шырқаса, екіншісі тал шыбықтай бұрала биледі. Әділқазы мүшелерінің де өзінше әділ бағалауға тырысып баққанын аңғардық. Алайда олардың қатарында отырған жас әнші Айқын Төлепбергеннің шынашақтай ғана қызға қарата айтқан пікі­рін естігенде не күлерімізді, не жы­ларымызды білмей дал болдық. Ол итальян әнін қазақ тілінде шырқаған бүлдіршінге: «Бұл әнді қазақ тілінде емес, сол елдің тілінде айтқан тамаша болады. Ал қазақ тілімен әнді аша алмай тұрсың…» дегендей сынын жаудыра жөнелді. Итальян тілінің «құдыреті» жөнінде өзінше толғай жөнелді. Сонда Айқынның айтпағы не? Қазақ тілі итальян әндері мен әуендерін көрерменге жеткізе алмайды дегені ме? Қазақ тілін басқа тілдерден кем дей ме, әлде әннің құдыретін тануға, ашуға мүмкіндігі жетпейді дей ме? Әрбірден кейін байқаудың талабы бойынша ән қай ұлттыкі болсын, өз ана тілімізде орындалуы керек екен. Соған қарамастан Айқынның көргені мен түйгені көп әншідей сын айтуына қайран қалдық. Кейде өзі де мән-мағынасы жоқ әндерімен тыңдарманы мен көрерменінің алдына шығып жүргенде, неге сондай талаппен қарамайды екен дедік іштей. Ата-анасы, ұстазы, ауылы үлкен үміт күтіп отырған кішкентай ғана балаларды осыншама тұқыртуға бола ма екен? Тіпті сол Айқындар итальян тілінің ұңғыл-шұңғылын жете білетін маман ба екен? Меніңше, «Айгөлек» сияқты балалар­дың бағын ашатын байқауға баға беру үшін тәжірибесі мол, талантты әншілерді шақыру керек. Үш-төрт ән айтып, екі-үш бейнеклип түсірген орындаушыға мұндай жауапты істі қалайша тапсырамыз? Байқаудың ұйымдастырушылары осы жағын ескерсе екен.

Тоғжан ТӨЛЕГЕН

Серіктес жаңалықтары