ЖҮРЕГІ КЕҢ АЗАМАТТАР

ЖҮРЕГІ КЕҢ АЗАМАТТАР

ЖҮРЕГІ КЕҢ АЗАМАТТАР
ашық дереккөзі
262

Бiз бұған дейiн өмiрге үшем әкелген тоғыз балалы отбасының әлеуметтiк жағдайын қаламымызға арқау еткен едiк. Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына үлкен сый жасаған алтын құрсақты ананың баспана мәселесiнен қиындық көрiп отырғаны жанымызға батқан. Шиеттей бала-шағамен Қарасай ауданы, Жамбыл ауылында екi бөлмелi итарқаны паналап келген отбасыға қосылған үш нәрестенiң болашағына алаңдаушылығымызды бiлдiргенбiз.

Алайда Алматы облысы, Қарасай ауда­ны­ның әкімшілігі Арсылановтар отбасының жергілікті жерде тіркеуі жоқтығын алға тартып, қажетті көмекті өздері осыдан бес-алты жыл бұрын келген Оңтүстік Қазақстан облысынан ғана алуға болатындығын айтқан болатын. Ал Қарасай ауданы Оңтүстік Қазақстан облысына сілтесе де, ондағылар әзірге селт етер емес.

Қашан да қолда барын аямаған халықтың ұрпағы емеспіз бе?! Бұл мәселе газет бетінде жарияланғаннан кейін-ақ жүрегі кең, жаны жомарт азаматтар хабарласып, қолұшын беретіндіктерін айтып жатты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, енді бір азаматтар есеп-шот ашып, көпбалалы отбасының мәселесін әлеуметтік желілерде талқылап, демеушілер тартуға күш салып жүр. Мәселен «Самұрық-Энергоқұрылыс сервис» ЖШС-нің инженер-құрылысшы маманы Ернұр Исқақовтың көмегімен 28 қаңтарда ашылған есеп-шотқа бүгінде 580 мың теңге көлемінде қаржы түсіпті. Ол бұл мәселенің халықтың құлағына жете беруі үшін әрі қарай да аянбай тер төгетінін айтады. Төрт баланың әкесі Ернұр Исқақов өзіне Арсылановтар отбасының қоғамдық өкілі деген міндетті де жүктеп алған. «Мұнымен тоқтап қалмау керек. Қазір көзі қарақты адамның көбі интернет сайттарында, әлеуметтік желілерде отырады. Солардың арасына тарату қажет», – дейді ол. Ал атын айтуды жөн санамаған мәрт азамат өткен аптаның соңында ғана перзентханадан шыққан Айсұлу, Күнсұлу, Жансұлуға қала ішінен екі бөлмелі пәтерді екі-үш ай мерзімге жалға алып берді. Бұның өзі үлкен көмек. Себебі салмағы жетіліңкіремей өмірге келген сәбилер медициналық қызметкерлердің жіті бақылауында болуы тиіс.

Ал көпбалалы отбасының қуанышын бөлісе келген Қарасай ауданы, Ұмтыл ауылдық округы әкімдігінің қызметкерлері де үш нәрестеге қажетті заттарды, атап айтқанда, тамағы, бесiкарба, жаялықтарына дейін артынып-тартынып келіпті. Қазақтың жөн-жоралғысын білетін азаматтар тіпті анаға қалжа әкелуді де ұмытпапты. Одан бөлек әкімшілік Арсылановтар отбасының мектеп жасындағы балаларын ыстық тамақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етіп, қал-қадірінше жан-жақты көмек беріп жатқандығын да тілге тиек етті. Қарасай ауданы Ұмтыл ауылдық округы әкімінің орынбасары Салават Қазиев: «Жамбыл ауылындағы мектепте Арсылановтар отбасының 5 баласы оқып жатыр. Біз балалардың бей-қамсыз білім алуы үшін көмек жасаудамыз. Азық-түлігін, отын-суын да түсіріп бердік. Егер бұл отбасы Оңтүстік Қазақстан облысынан тіркеуден шығып, құжаттарын рәсімдеп, Қарасай ауданына тіркелсе, көпбалалы отбасы ретінде үйдің кезегіне тұрады, қажетті жәрдемақыны алады. Бүгінде Елбасының Жолдауына сәйкес, тұрғын үй салуды тездетуге тапсырма берілді. Бәрі де заң бойынша шешілуі қажет», – деді бізге берген пікірінде. Сөйтіп, Арсылановтар отбасы үшеммен толығып, мәз-мейрам. Бірақ та үш нәресте әзірге өзінің аға-әпкелерінен бөлек тұратын болды. Алмагүл екі бөлмелі жалға алынған пәтерде қыздарын баға тұрса, ал әкесі Фарид Жамбыл ауылындағы мектеп жасындағы балаларына қамқор болады. Бір өкініштісі, пәтердің жалға алған уақыты біткенде Алмагүл үш сәбиімен сол баяғы «итарқасына» қайта баруына тура келеді.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары