БАҒДАРЛАМАҒА БӨЛІНДІ, ЖЕТПЕЙ ЖЕЛIНДI

БАҒДАРЛАМАҒА БӨЛІНДІ, ЖЕТПЕЙ ЖЕЛIНДI

БАҒДАРЛАМАҒА БӨЛІНДІ, ЖЕТПЕЙ ЖЕЛIНДI
ашық дереккөзі

Елiмiзде сыбайлас жемқорлыққа қарсы түрлi бағдарламалар мен шаралар күшейген сайын, қазынаның қаржысын жымқырғандар туралы фактiлер де тым көбейiп кеттi. Әсiресе, соңғы жылдары мемлекеттiк шенеунiктердiң қолын былғау деректерiне көз де, құлақ та үйренген. Жағымсыз хабардың шетiн Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң ресми өкiлi Мұрат Жұманбайдың аяқасты баспасөз-брифингiн өткiзуiнен-ақ сезетiн болдық.

Қазақта «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген тамаша сөз бар. Бұған дейін де талай лауазымды қызметтерді атқарып, елдің абыройына бөленіп жүрген кейбір мемлекеттік шенеуніктердің дұрыс жолдан кенеттен бұрыс жолға түсіп кетуі ешкімді таңғалдырмайтын болды. Әу баста қызметке кіріскенде адал болуға ант-су ішіп, іле-шала қылмысқа барып жататындары тіптен қызық. Сірә, биік қызметтің өзі кейбіреуді қылмысқа итермелей ме екен?!

Жақында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында орын алған заң бұзушылық фактілері бойынша 2010-2011 жылдары 262 қылмыстық іс қозғап, мемлекет қазынасына 2,2 млрд. теңгеден астам залал келтірілгенін анықтады. Осы уақыт ішінде сотқа 184 қылмыстық іс жіберілсе, 157 тұлға жазаланған. Жемқорлықтың көбі еліміздегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және аумақтардың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған «Жол картасы» бағдарламасы аясында орын алған. Жұрт үмітін үкілеген бағдарламаға жыл сайын қаржы да еселеп, көптеп бөлініп отырғаны белгілі. Алайда бұл ебін тапқан жемқорлардың нағыз астауына айналып кеткен. Оған дәлел – соңғы 2 жылда 170 қылмыстық істің қозғалып, мем­ле­кеттің 178 млн. теңгесінің суға сіңіп кеткені.

Қазіргі кезде «Жол картасы» мем­ле­кеттік бағдарламасынан 71 млн. теңге жымқырғаны үшін Ақмола облысы, Целиноград ауданының бұрынғы әкімі М.Мыңжанов пен оның бірінші орынбасары П.Ежов, сондай-ақ «КазСтройпроект» ЖШС бас­шыларының үстінен қылмыстық іс қозғалуда. Ал Қызылорда облысы, Шиелі ауданы әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамтамасыз ету секторының меңгерушісі У.Батыршаева 2009 жылғы шілде-желтоқсан аралығында «Еламан» ЖК және «Шиели-Жолшы» ЖШС-де тұрақты жұмыс істейтін 22 адамды жұмыссыз ретінде жұ­мысқа тұрғызып, олардың есеп­шоттарына 1,5 млн. теңгеден астам қаражат аударғаны үшін жауапкершілікке тар­тылса, дәл осы бағ­дар­ламадан 2,8 млн. теңге жеген Маңғыстау облысындағы «Тазалық» МКК директоры Н.Қайнарбеков пен осы мекеменің бас бухгалтері С.Жаманбаев әйелі мен ұлына 2,6 млн. теңгені заңсыз ұстатқаны үшін шартты түрде 5 жылға бас бос­тандығынан айырылды. Ол ол ма, «Жол картасы» бағ­дарламасын жүзеге асыру барысында парақорлық фактілері де анықталған. Мәселен Семей қаласының сәулет колледжі директорының орынбасары М.Ержанов колледж базасындағы кәсіби оқу курстарынан өтпеген 18 адамға жалған куәлік жасап беруге әрекеттенгені үшін заң алдында кінәлі деп танылса, Маңғыстау облысындағы «Кендірлі-құрылыс» компаниясының директоры Б.Башигулов 2009 жылы Жаңаөзен қаласының №8 мектебінде жөндеу жүргізу барысында 11,2 млн. теңге бюджет қаражатын қолды қылғаны үшін шартты түрде 5 жылға сотталған.

«АУЫЗ СУҒА» БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ ҚҰМҒА СІҢДІ МЕ?

Өткен жылы Маңғыстау облысының бірқатар мемлекеттік мекемелерін тексерген қаржы полициясының қызметкерлері мен бірнеше лауазымды тұлғалардың бюджет қаржысын жеке мақсатына жұмсағанын анықтады. Мұнда мемлекеттік «Ауыз су» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 8 қылмыс тіркелсе, қазынадан 20 млн. тең­геден астам қаржы желінген. 13 млн. тең­гені қалтасына басқан Қарақия аудандық құрылыс бөлімінің бастығы су құбырын тарту жұмыстарын аяқталмастан қабылдап алған. Қарақия ауданы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына бөлінген қаржыны ұрлаудан да алдына жан салмай келеді. Мердігерлер мектептің күрделі жөндеуіне бөлінген қаржының 9 миллион теңгесін жеп қойып, жұмыстың орындалғандығы жайлы жалған құжат толтырған. Облыста осы тектес 7 қылмыстың беті ашылыпты.

2010-2011 жылдары қаржы полициясы «Ауыз су» бағдарламасына қатысты 73 қылмыстық іс қозғап, мемлекет қазынасы 484,5 млн. теңгеге ортайғанын есептеген.

«Ауыз су» бағдарламасының ақшасын жеп қойғаны үшін сотталғандардың қатарында Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы құрылыс бөлімінің бастығы А.Тоқсабаев, «Темірлан» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің бұрынғы директоры М.Сәденов және Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданының Сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Е.Молдахановтар бар. Негізінен мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген бюджет қаражатын ұрлау көбінесе лауазымды тұлғалар мен мердігерлердің алдын ала келісімі арқылы жасалады. Айталық, Алматы облысы, Қаратал аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы транспорты және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Құсайынов «Строй Полимер и Деталь» және «СТ-ENGІNEERІNG» ЖШС директорлары Лукьянов және Ниязбаевпен сөз байласу арқылы Ескелді ауылының сумен қамтамасыз ету жүйелерін және Үштөбе қаласындағы канализация жүйелерін қайта құру бойынша атқарылған жұмыстардың жалған актілеріне қол қойып, 24 млн. теңгені жоқ қылған.

ҚЫЛМЫСТЫҢ КӨШБАСЫНДА

«100 МЕКТЕП,

100 АУРУХАНА» ТҰР

Қаржы полициясы «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 34 қылмыстық іс қозғаған. Соның салдарынан ел бюджеті 1,5 млрд. теңге шығын шеккен. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбайдың айтуынша, Астана қаласының құрылыс департаменті бастығының орынбасары Ю.Ярош 7 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылды. Ол қабылдау актісін жасамай, Астана қаласының сол жағалауындағы Амбулаторлық-емханалық кешен үшін жобалық-сметалық құжаттамада қарас­тырылмаған медициналық жабдықтар бойынша атқарылған жұмыстардың бағасы туралы анықтамаға қол қойған. Мемлекетке келген залал 32 млн. теңгені құрайды. Мұнымен қоса, Ярош 2007 жылғы қараша-желтоқсанда Қоян­ды су құймасындағы демалыс аумағын және «Степной» гараждық кооператив ауданындағы тұрғын үйлер құрылысы бойынша атқарылған жұмыстардың жалған актілеріне қол қойып, 135 млн. теңге залал келтірген. Қара тізімнің көшбасында – Маңғыстау облысы тұр. Облысқа жаңадан келген әкім Бауыржан Мұхамеджановтың өзі бағдарламаға қатысты былықты көріп, жағасын ұстапты. «100 орындық перзентхана бір жыл бұрын аяқталып, қазір жұмыс істеп тұруы тиіс болатын. Барлық анықтамаларда да солай деп көрсетілген. Яғни жалған құжат жасалған ғой. Әр құрылым басшысы өзіне қатысты нысанның құрылысына жауап беруі тиіс», – деді облыс әкімі. Тіпті, 2009 жылы іргетасы қаланған облыстық онкологиялық диспансер де үш жылдай болды, әлі халықтың игілігіне берілмей келеді. Мұнда да ақша жымқыру фактісі анықталып, 26 млрд. теңге ұшты-күйлі жоқ болған. Ал Керекудегі кардиологиялық орталықтың құрылысының құжаттарынан шикіліктер табылып, ғимарат қаңырап бос тұр.

«Нұр Отан» ХДП Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті жиынында Білім және ғылым министрлігінің былығы сөз болды. 2006 жылы Білім және ғылым министрлігі Қарағанды қаласында көзі нашар көретін балаларға арналған 250 орындық республикалық мектеп-интернат салуға тендер өткізеді. Бұл сонау Бірғаным Әйтімованың кезінде басталған шаруа көрінеді. Алғашқыда оған 1 млрд. 150 млн. теңге жұмсау жөнінде шарт жасалып, 2008 жылы пай­далануға берілуі тиіс болатын. Алайда қаржы аздық етіп, қосымша тағы да 200 млн. теңгеден астам ақша бөлінген. Құрылысы басталғанына аттай бес жыл толса да, мектеп әлі де пайдалануға берілмей келеді.

Ең өкініштісі, елімізде қолға алынған игі бастаманың көбінен жемқорлықтың иісі аңқып тұрған сияқты. Бұған жоғарыда келтірген фактілер дәлел. Әлі талай жем­қорлардың қой терісін жамылған қасқыр сынды арамызда жүргенін әркім-ақ іштей сезеді. Неге екені түсініксіз, қазанның бір құлағын ұстаған шенеуніктер әйтеуір жеп қалуға тырысатыны сәнге айналды. Тіпті, аузы күйгендерден сабақ та алмайтындары өкінішті.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ