Гүлмира ИСИМБАЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты: ҚЫЗУ ПІКІРТАЛАС – КЕМЕЛДІ ЗАҢ КЕПІЛІ

Гүлмира ИСИМБАЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты: ҚЫЗУ ПІКІРТАЛАС – КЕМЕЛДІ ЗАҢ КЕПІЛІ

Гүлмира ИСИМБАЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты: ҚЫЗУ ПІКІРТАЛАС – КЕМЕЛДІ ЗАҢ КЕПІЛІ
ашық дереккөзі

Парламент мәжiлiсiндегi нәзiкжандылардың көшбасында жүрген бiрнеше депутат бар. Соның бiрi – Гүлмира Исимбаева. Ол әсiресе бiлiм, денсаулық сақтау мәселесiн үнемi көтерiп келедi. Бүгiн бiз мәжiлiс депутатымен осы және басқа да мәселелер жөнiнде әңгiме өрбiткен едiк.

– Гүлмира Истайбекқызы, сіз бесінші шақырылым бойынша да депутат мандатына ие болдыңыз. Осы жолғы Парламенттің жасақталуына көңіліңіз тола ма?

– Парламенттің құрамына келетін болсақ, бұрын әркім сайлауға округ бойынша түсетін. Қазір партиялық тізім бойынша сайланады. «Нұр Отан» партиясының депутаттары бірнеше електен өтті. Біріншіден, әкімдіктер ұсыныс жасайды. Сол тізімге іліккен адам Орталық партияның аппаратында қаралып, арнайы елегінен өтеді. Одан соң «Нұр Отан» ХДП саяси бюросынан өткендерді сьезд бекітеді. Кейбір үміткерлер осы сатының біреуінен шығып қалуы мүмкін. Осынша електен өткен депутаттардың сапасы, кәсіби деңгейі жоғары деп айта аламын.

– Парламент үш партиядан жасақталса да, бірақ бәрі де биліктің сөзін сөйлейді деген пікір бар. Мәселен біз «Ақ жолдан» Амангелді Айталы, Смағұл Елубай сынды ұлтжанды азаматтарды өтеді деп сендік…

– Бәрі бірдей биліктің сөзін сөйлеп кетті деуге болмас. Парламент жұмысын бастағанына 1 ай ғана болды. Әзір ешкімнің сөзін сөйлеп үлгерген жоқ.

– Мәселен Ресейдің Думасында әр партия өкілдері өз ұсыныстарын табанды түрде дәлелдеп, соңына дейін жеткізіп жатады. Бір жағынан қызықты. Ал біздің Парламент депутаттарында ондай энергия жоқ сияқты…

– Ресейдегі болсын, басқа мемлекеттегі болсын, Парламент тіршілігін тек қана баспасөз арқылы білеміз. Ал шын мәнінде қалай болып жатқанын кім біледі. Оның партиясының бағдарламасы бар, бізде де солай. Кейбір мәселелер бойынша үш партияның бағдарламасы сәйкес келуі мүмкін. Мысалы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру «Нұр Отан» партиясының тұғырнамасындағы басты бағыттар. Әлеуметтік мәселеге басқа партиялар да назар аударып отыр. Пікірталасқа келетін болсақ, бұрын парламент бірпартиялық болғанда, қоғам арасында «бәрі бірауызды» деген әңгіме жүрді. Ал заң жобалары қызу пікірталаспен талқыланды. Мысалы денсаулық сақтау кодексіне өзгеріс енгізгенде, 2013 жылдан бастап темекінің қораптарында оның зиян келтіретіндігі туралы суреттер болу керек және ол бойынша темекіде қандай улы заттар бар екендігін көрсету қажет дедік. Темекіде 18 түрлі улы зат бар екен. Соның кемінде үш-төртеуін жазып көрсету керек дегенде ішіміздегі біраз депутаттар қарсы болды. Дауысқа салғанда біздің ұсыныс өтті. Сондықтан мұндай пікірталас бірпартиялық Парламентте де болды. Ал кейбір мәселеде үш партияның пікірі бір жерден шығуы әбден мүмкін. Уақыт өзі көрсетеді. Парламентте бет жыртысып, жаға ұстасып төбелеспегенге қарағанда, бұлардың бәрі бір пікірді ұстанады деуге болмайды. Мәдениетті түрдегі пікірталас бұрын да, қазір де болады.

– Жалпы, парламентте заң жобалары талқыланған кезде кейбір депутаттар кемшілігін баса айтып жатқанмен, түптің-түбінде заң жобасы қабылданып кетіп жатады. Табандарының бүрі жоқ деген осы емес пе?

– Заң жобасын талқылаған кезде кемшіліктерін айтып, қарсы болса да, бірауыздан қабылдайтын кездері болады. Мысалы басында қарсы болған адам кейбір аргументтерді тыңдап немесе оған тиісті дәлелдемелерді көргенде пікірін өзгертеді. Кейбір депутаттар өз принципінде қала береді. Бұл қалыпты жағдай.

БІЛІМ САЛАСЫНА БӨЛІНЕТІН ҚАРЖЫ 1 ТРИЛЛИОН 147 МЛРД.-ҚА ДЕЙІН ӨСІП ОТЫР

– Еліміз тәуелсіздік алғалы бері білім саласын 12-ші министр басқарып отыр екен. Олардың әрқайсысы әртүрлі реформа енгізді. Талай жыл ұстаздық қызмет атқарған маман ретінде айтыңызшы, білім саласы реформа алаңына айналып кеткен жоқ па?

– Білім саласында да, басқа салаларда да өзгерістер еніп жатады. Біз жас мемлекетпіз. Бірде-бір мемлекет 20 жыл ішінде осындағыдай дәрежеге, жетістікке жете алмаған. Бүгінгі жасап жатқанымыз дұрыс па, жоқ оны басқаша жасау керек пе? Оның дұрыс, бұрыстығын тәжірибеде жасап көрмесең біле алмайсың. Сондықтан қай сала болмасын, мемлекетіміз 20 жыл ішінде реформалаудан өтіп жатыр. Ал бастаған реформаның бәрі бірдей жеткізбейді дегеніңізге, келісе алмаймын.

– Мәселен кезінде Жақсыбек Құлекеевтің мемлекеттiк гранттың үлес салмағын тұңғыш рет 60х40 етiп өзгертуi үлкен жетiстiк едi. Алайда одан кейiн мұны қолға алған ешкiм болмады…

– Иә, Құлекеев жоғары оқу орнына түсу үшін мемлекеттік гранттың үлесін көтерді. Кейінгі министрлер де мұны жоққа шығарған жоқ, жалғастырып келеді ғой. Оның саны өзгермегенмен принципі сол. Ауылдан келгендердің квотасы бар. Ал бір бастама жоққа шығарылып жатса, ол тәжірибеде дәлелденбеген деген сөз. Мәселен 12 жылдыққа көшу мәселесі бірнеше жыл бұрын көтерілді. Бірақ бұл мәселе әлі күн тәртібінде тұр. Біз мүлдем 12 жылдыққа көшпейміз деген шешім қабылдаған жоқпыз. Жыл сайын білім саласына қойылатын талаптар күшеюде. Соған байланысты 12 жылдыққа көшудің де талап-міндеті көп. Алдымен мектеп жетіспеушілігі мәселесін шешу қажет, базасын қалыптастырып, стандартын жасау керек. Кейбір бастамалар аяғына дейін жетпесе немесе тәжірибеден алынып тасталса, ол дұрыс та болуы мүмкін. Соған байланысты көптеген реформалар мен өзгерістердің енуі заңдылық. Биылғы Елбасының жолдауында, мамандар дайындауға өзгерістер енгізілу көрсетілген. Енді жас маман жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін дипломын ала салып, жұмысқа тұра алмайды. Ол міндетті түрде алған білімін дәлелдеп шығуы керек. Ол үшін білімін бекітетін тәуелсіз орталықтар құрылады. Бұрын тек қана дипломы болса, өз мамандығы бойынша жұмыс таба алатын. Диплом – жұмысқа тұрудың гаранты еді. Ал қазір бұл жеткіліксіз. Міндетті түрде сертификат алу керек әрі білімін дәлелдеуі қажет. Онсыз дипломы жарамсыз болып қалуы мүмкін. Бұл да – реформа. Бұл тек мамандардың сапасын арттыруға бағытталған жол. Елбасының Жолдауы бойынша сондай-ақ педагог кадрлардың сапасын арттыруды тапсырды. Оған да тиісті іс-шаралар қолданылады. 2010 жылы бір топ депутаттар сауал жолдап едік. Онда ұстаздардың сапасының төмендігі, психикалық ауруы бар және тілінің мүкісі бар жастардың мектепте жұмыс істеуі туралы айтылды. Себебі бізде сынақты тек қана тест арқылы қабылдайды. Педагог-мамандар баламен жұмыс істейтін болғаннан кейін, оларға қойылатын талаптар ерекше болуы керек. Тест арқылы теориялық білімін дәлелдеп шыққаны жеткіліксіз. Ең бастысы, ол өз мамандығын білуі керек. Баламен жұмыс істейтін қабілеті бар ма, баланы жақсы көре ме, міне сол жағы тексерілуі керек. Ал келешек ұстаз баламен жұмыс істейтін болғаннан кейін, оның сөзі, сөйлеу мәнері жоғары деңгейде болуы керек. Бұл шараны енгізуге ешқандай қосымша қаражаттың қажеті жоқ. Меніңше, мұны биылдан бастап енгізуге болар еді.

– Демек, мұғалім мәртебесінің төмендеп кеткендігін мойындайсыз ғой…

– Өзім бұрын Кеңес дәуірінде де мұғалім болып жұмыс істеген едім. Сол кезде де мұғалім мәртебесі төмен дейтін. Қазіргі кезде де солай деп айтылады. Бұл мәселе жөнінде кешенді түрде шаралар атқарылуы қажет. Бір депутаттық сауалымда мұғалімнің алатын жалақысының төмен екендігін айттым. Оның үстіне балалармен жұмыс істейтін сынып жетекшілігі үшін айына 3 мың теңге алатын болса, бір балаға бір күнге шаққанда 3 теңге ғана болады екен. Ал дәптер тексеретін болса, мұғалім күніне бір балаға шаққанда 2,5 теңге алады екен. Қазір Үкіметтің қарамағындағы жұмыс тобы іске кірісіп кетті. Жұмыс тобы қандай ұсынысқа келгенін, нәтижесін биыл айтатын шығар. «Нұр Отан» ХДП-ның 2007 жылғы сайлауалды тұғырнамасында мұғалімнің жалақысын екі есе көбейту жоспарланған болатын. Елбасының әр жылғы Жолдауы бойынша жыл сайын мұғалімнің жалақысы 25-30 пайызға көтерілді. Былтырдан бері категория бойынша көбейетін болды. Үй беру жөнінде мемлекеттік бағдарлама болды. Оған тек қана бюджетте жұмыс істейтіндер ілікті. Сол арқылы көптеген мұғалімдер, дәрігерлер пәтер алып қалды. Осының бәрі мұғалімнің мәртебесін көтеруге арналған. Сондай-ақ педагогикалық мамандықтарға барған талапкерлердің өту балы жоғары болса дейміз. Қазір педагогика мамандығына ең төменгі балл алғандар барады. Олардың білімі қаншалықты екені де белгілі ғой. Егер талаптарды күшейтіп, қосымша емтихан жасаса әрі өту балын көтеретін болса, олардың стипендиясы да басқаларға қарағанда жоғары болуы тиіс деп ойлаймын. Сосын жұмыс істегенде де жалақылары жоғары болса, ұстаз мәртебесі де, сапасы да өседі. Екіншіден, мұның бәрі ұстаздың өзіне де байланысты. Әр ұстаз ұстазға лайықты болуы керек, ұстазға лайықты іс-әрекет жасау керек. Сол кезде ешбір ата-ана сын айта алмайтындай болады. Үшіншіден, қоғамдағы пікірді қалыптастыратын – баспасөз. Елімізде балаға жан-тәнімен білім, тәрбие беретін мұғалімдер бар. Жақсы жағынан сондай ұстаздарды көрсетуі керек. Ұстаз мәртебесін көтерудің ең жоғары үлгісін Елбасы көрсетті. Еңбек ері атағын ұстазға берді.

– Басқа өңірді қайдам, Алматы қаласында әлі күнге ақша жинау, жемқорлық мәселесі тыйылмай тұр….

– Ондай әрекетке барып жатқан ұстазды ұстаз деп айтуға болмайды. Осы салада жұмыс істегеннен кейін мұндай фактілермен кезігіп жүрдік. Оған жол бермес үшін мектепті қаржыландырудың барлық жолын қамтамасыз еткендей болдық. Тіпті бор, сабын, ұнтақ, еден жуатын шүберекке дейін бюджеттен ақша қарастырылған. Яғни Алматы қаласында ата-аналардан ақша жинауға ешқандай негіз жоқ болатын. Оны қойдырудың бірден-бір жолы – ақша бөлгенде мектептің мұқтаждығын жоғары деңгейде қарастырып, шешуі керек. Мемлекеттік бюджеттен білім саласына бөлінетін қаржы өсіп отыр. Сондықтан ақша аз бөлініп жатқан жоқ.

– Бірақ ата-ана баласы білім алатын мектепке мемлекеттен қыруар ақша бөлінетінін біле бермейді. Оны ақпарат құралдарында жариялы түрде айтуға болмай ма?

– Болады, әрине. Бұл керек те. Әр мектептің сайты бар. Ақша мәселесі туралы сайтқа шығаруға болады. Мемлекеттің жасап отырған көмегін ата-аналар білгені дұрыс. Үкімет барлық мектептерде қамқорлық кеңесін құруды ойластырып отыр. Олардың атқаратын жұмыстарының бірі – ақша жинау мәселесін қадағалау және оны болдырмау. Оның ішінде қоғам қайраткерлері, ата-аналар болуы тиіс. Бөлінген қаражат қайда жұмсалып жатқанын қадағалау қажет. Бұл жемқорлықты азайтудың бірден-бір жолы.

– Сіз кезінде Алматы қаласы ұстаздарының жалақысын көтеру туралы мәселе көтердіңіз. Сіздіңше, ауыл мен қала мұғалімдерінің жалақысын салыстыруға бола ма?

– Алматы қаласында бұл мәселе қарастырылған. Қазір де жалғасын тауып отыр. Біз сол кезде мұғалімдердің жалақысын көтерудің әр түрлі жолын іздестіргенбіз. Қолданыстағы бар заңдардың, нормативтік-құқылық құжаттардың негізінде не жасауға болатын жолдарын іздестірдік. Үкіметтің қолданыстағы бір қаулысына сүйене отырып, мұғалімдерге жалақысының 50 пайызына дейін үстемақы беруге болатыны туралы шешімге келдік. Бұл қазір де жасалып жүр. Сол сияқты «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпаздарына базалық міндеттік айлықтың 100 пайызына дейін төлеуге болады. Ал ауыл мен қалаға келетін болсақ, кейбір қаладағы бюджет қызметкерлері «Ауылдағы бюджет қызметкерлерінің коммуналды төлемдерге жеңілдіктері бар» дейді. Иә, бұл рас. Себебі оның бәрі ауылға кәсіби мамандарды тарту үшін жасалып отыр.Оның бәрі мұғалім мен дәрігер үшін емес, жергілікті халық үшін жасалуда. Мұғалім сол жерге тұрақтанып, сапалы білім беруі керек, ал дәрігер сапалы медициналық қызмет көрсетуі қажет. Жалақы тұрған жеріне немесе қаншалықты шығын шығарып отырғанына емес, қызметкердің жасаған еңбегіне байланысты беріледі.

– Бірақ байқайсыз ба, қазір біз мұғалімді барлық қоғамдық жұмысқа жегіп қоятын болдық қой. Оның таңның атысынан күннің батысына дейін мектептен шықпайтыны бір бөлек те, сайлау кезінде дауыс жинау міндетін атқаратыны тағы бар…

– Иә, өзіңіз айтқандай, қоғамдағы саяси, әлеуметтік мәселелердің бәрі мұғалімдердің қатысуымен өтеді. Мұғалім қосымша жұмысқа тартылса, оған еңбек ақысы төленуі керек. Біз оның алғашқы жолын жасаған едік. 2007 жылы сайлау жұмысына қатысқан мұғалімдерге тиісті жалақы төленді. Бірақ онда да бюджеттің үнемдеуінен төленген-ді. Жалпы, мемлекет соған бірте-бірте келеді. Мұғалімнің атқаратын қосалқы тапсырмалары көп. Ол ақылы түрде болуы керек деген өте дұрыс.

– Кей өңірде мектеп жетіспеушілігі мәселесі әлі де бар. «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы нәтижесін берді ме?

– 100 мектепке келсек, бұл бағдарлама толығымен орындалды. 100-ден аса мектеп салынды. Оның үстіне сол бағдарламамен салынған мектептер мен ауруханаларда жұмыс істейтін ұстаздар мен дәрігерлер пәтер де алды. «Нұр Отан» ХДП-ның 2007 жылғы тұғырнамасына сәйкес, 250 мектеп, 200 балабақша және 50 кәсіптік-техникалық мектеп салыну керек еді. Бүгінгі таңда елімізде 436 мектеп, 4 мыңға жуық мектепке дейінгі балалар мекемесі ашылды. Ал 2012 жылғы бағдарлама бойынша, 2017 жылға дейін 400 мектеп, 3 мыңға дейін мектепке дейінгі балалар мекемесі, 350 медициналық мекемелер ашылуы керек. Алайда өзінің мүкіншілігінен асырып оқытатын мектептер баршылық, үш ауысыммен оқитын және апаттық жағдайдағы мектептер бар. Оны жоққа шығарып жатқан жоқпыз. Бірақ Үкімет 2015 жылға дейін мұндай мектептерді болдырмауға тырысуда.

«АНА КАПИТАЛЫН» ЕНГІЗУ – ҮЛКЕН ЗЕРТТЕУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

– Жақында біздің газет өмірге үшем әкелген тоғыз балалы ананың мәселесін көтерген еді. Бұл отбасына қазір ешқандай көмек берілмей жатыр. Үкімет осындай көпбалалы отбасыны ерекше қамқорлыққа алса болмай ма?

– Соңғы төрт жылда демографияны көтеру мақсатында бала тууға арналған жәрдемақы өсті. Үш бала тапқан отбасы екі есе, ал төрт, одан да көп бала туғандар бес есеге дейін алып отыр. Соның өзі аналар үшін жеңілдік. Көпбалалы отбасының мәселесі туралы сол өңірден шыққан сенат депутаттарына құлаққағыс еттік. Заңда көпбалалы аналарға кезексіз пәтер беру сияқты нормалар жоқ. Әрине, еліміздің кей өңірінде дүниеге үшем, төртем әкелген отбасылар болды. Оларға жергілікті жердің әкімшіліктері баспана жағынан көмектесіп жатты. Ал тоғыз балалы анаға да жергілікті әкімшілік көмектесуі қажет. Бірақ олар да бәрін заңның шеңберінде жасайды.

– Сенатор Ғани Қасымов «Ана капиталын» енгізу керек. Оның жәрдемақысын 1,5 млн. теңге ету керек деді. Шынында, бұл деміккен демографиямызды көтеру үшін таптырмайтын жол емес пе?

– Әрине, бұл жақсы нәрсе. Идеясы жақсы. Бірақ оны жан-жақты таразылау керек. Қанша қаржы қажет ететінін, әрі қарай оны алу мен жарату жолдары үлкен зерттеуді талап етеді. Демографиялық жағдайды көтеру сөзсіз қажет. Қазіргі кездің өзінде кей өңірлерде халықтың саны көп, кей өңірде аз. Ал 2007 жылдан бері Елбасы Н.А. Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында босанған анаға берілетін бір реттік жәрдемақы айтарлықтай өсті. Мысалы соңғы екі жылдан бері 7 балалы аналарға «Алтын алқа», ал 6 балалы аналарға «Күміс алқа» берілетін болды. Бұл аналарға бала туып, тәрбиелеп отырғаны үшін мемлекеттің беріп отырған көмегі. Ал осы «Алтын алқа» мен «Күміс алқаны» енгізіп, оған үстемақы төлеу үшін 32 млрд. теңге жұмсалды. Әрине, ай сайынғы берілетін жәрдемақыны өсіру керек. Бірақ оны да есептеу керек. Өйткені бәрі де халықтың салығынан құрастырылған қаржы ғой.

– Демек, «Ана капиталы» керек пе, жоқ па?

– Ол «Ана капиталы» бола ма, басқаша атала ма, жалпы еліміздегі демографиялық мәселесін көтеру, баланы тууға ынталандыру жөнінде іс-шаралар қабылдау керек екендігін бірауыздан құптаймын.

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы