ДАҒДАРЫС ҚАЗАҚСТАНҒА ДА ӘСЕР ЕТТI

ДАҒДАРЫС ҚАЗАҚСТАНҒА ДА ӘСЕР ЕТТI

ДАҒДАРЫС ҚАЗАҚСТАНҒА ДА ӘСЕР ЕТТI
ашық дереккөзі

Көрпесiне қарай көсiлген кәрi құрлық шығындарды барынша азайтуға тырысуда. Себеп – күн өткен сайын ушығып бара жатқан бюджеттiк және қарыздық дағдарыс. Еуропаны әбiгерге салған бұл дағдарыс Қазақ экономикасына да керi әсер еттi. Мұны ашық мойындаған Мәсiмов қарамағындағыларға жаңаша тапсырма жүктедi.

Еуроаймақ шеңберінен әлдеқашан шығып кеткен бюджеттік-қарыздық дағдарысты шеше алмай тығырыққа тірелген еуропалық шенеуніктердің бар үміті бүгінде Қытайда отыр. Греция, Ирландия мен Португалия еуроаймақ пен Халықаралық қаржы қорына қаржылық қолдау туралы өтініш білдірді. Несиелік міндеттерін өтей алмай қиналған бұл елдерге дефолт қаупі төнген. Өткен аптада еуропалық шенеуніктермен кездескен ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері Цзябао Еуропалық Одаққа мүше елдерге қарызға ақша беруге уәде етті. Алайда қаржылық ахуалы көптеген елден әлдеқайда көшілгері Қытай өзгелерге әсіресе, кәрі құрлық пен АҚШ-қа көмектесуге аса мүдделі емес. 410 млрд. долларлық қаражатқа ие China Investment Corporation – Қытайдың дербес қоры қарызға белшеден батқан еуропалықтар мемлекеттердің құнды қағаздарын сатып алуға құлшынып отырған жоқ. Мемлекет меншігі болып табылатын Қор жетекшісі Лю Цзывей: «Ұзақмерзімдік еуропалық облигацяларды, әсіресе үлкен қиындыққа ұшыраған испандық және итальяндық бондтарды сатып алу біз үшін коммерциялық тұрғыда аса тиімді емес» деп мәлімдеді. Оның пікірінше, экономиканы қалпына келтіруге жағдай жасайтын инфрақұрылымдық және өндірістік жобаларға инвестиция салған абзал. China Investment Corporation Қытайдың шетелдік қаржылық активтерін дербестендіруді және қаржылық тұрғыда барынша мол пайда табуды көздейді.

Халықаралық қаржы қорының мамандары Еуропадағы қарыздық дағдарыстың салқыны қытайлық экономикаға да кері әсер ететінін айтып, Пекинге салықтық-бюджеттік дағдарысқа қарсы күрестің жаңа шараларын дайындауға кеңес берді. 2012 жылы 8,2 пайызға дейін өседі деп болжанған аспанасты елінің экономикасы еуропалық елдердегі қарыздық проблемалар оңтайлы шешілгенде ғана ерекше қарқынмен дамымақ. Керісінше болған жағдайда, өсім көрсеткіші 4,2 пайызбен шектеледі. Арнайы бағдарлама әзірлеген Халықаралық қаржы қорының сарапшылары ұлттық экономиканы қолдау арқылы ғана Қытай 180 млрд. долларға тең ЖІӨ-нің 3 пайызын 2012-2013 жылдарға бөліп, мемлекеттік қолдау шығыны ретінде жұмсалуы тиіс дейді. Сонымен қатар ішкі сұранысты субсидиялау, салық түрлерін қысқарту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, ірі корпорациялар тарапынан құйылатын инвестиция көлемін арттыру да маңызды. Әсіресе, жергілікті жекеменшік банктердің несиелеу көлемін жоғарылатуға көп көңіл бөліну қажет. Ресми деректерге сүйенсек, Қытайдың жекеменшік банктері 2011 жылы 165,1 млрд. долларға (1,04 трлн. юань) жеткен. Бұл – аспанасты елінің тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. ҚХР Банктерді реттеу жөніндегі комиссияның деректерінде аталған көрсеткіш 2010 жылы 899,1 млрд. юаньға теңгеріліпті. Бірақ тәуелсіз сарапшылар пікірінше, қытайлық банктердің ерекше қарқынмен дамуы жайлы берілген ресми мәліметтер көлеңкесінде қалған проблема көп. Мәселен банктер балансында қайтарылуы қиын қарыздар көп болуы мүмкін. Өйткені 2009-2010 жылдардағы «тегін несие» кезінде қытайлық банктер муниципалдық және аймақтық билікке борыш беруде жомарттық танытқан. Қаржылық дағдарыстың аспанасты елін де айналып өтпегенін ескерсек, бұл несиелердің бірқатары ендігі дефолтқа ұшырағаны анық. Оның үстіне, Қытайдың Орталық банкі жуырда елдегі ең ірі жекеменшік банктердің депозиттік талаптарын 50 маңызды бөлім бойынша 20,5 пайызға төмендетті. Осыдан үш айдай уақыт бұрын ғана, анығында, 2011 жылдың қарашасында да 50 маңызды бөлім бойынша талаптар бәсеңдетілген болатын. Бұл банк саласындағы несиелуге бағытталатын қосымша қаражатты қысқартуға әсер етеді. Ал үстіміздегі жылдың қаңтарында қытайлық банктер тарапынан берілген несие көлемі 29 пайызға төмендеп, кіріс небары 120 млрд. доллармен шектеліпті. Әрине, бұл аспанасты елінде қаржылық дағдарыс болады деген сөз емес. Себебі бүгінде қытайлық қаржы жүйесі толығымен мемлекеттің меншігінде. Шетелдік банктермен серіктестікке қарамастан барлық банкті атқарушы билік қатаң бақылауда ұстап отыр. Жекеменшік қаржылық құрылымдардың несиелік жоспарын да билік түзіп береді. Қайтарылуы қиын борыштарды қажет жағдайда мемлекет өз жауапкершілігіне алады.

Батыс пен АҚШ-тағы бюджеттік-қарыздық қиындықтар Қазақ экономикасына да сын. Кәрі құрлықтағы проблемалардың ел экономикасына кері әсер еткені үстіміздегі жылдың алғашқы айында-ақ байқалыпты. Н.Назарбаевтың жаңадан жасақталған Министрлер кабинетіне берген басты тапсырмаларының бірі де – макроэкономикалық проблемалардың оңтайлы шешілуі мен отандық экономиканың саналуан дағдарыстарға қарсы тұра білу бәсекелестігін арттыруға қатысты болатын. Дүйсенбі күні Үкімет мүшелерін жинаған премьер Кәрім Мәсімов 2012 жылдың қаңтарындағы көрсеткіштерге көңілі толмайтынын ашық мәлімдеді: «Өкінішке қарай, қаңтар айында экономикалық өсімнің бәсеңдегенін байқадық. Қаңтардағы экономикалық өсім 4,8 пайызды құрады. Егер тереңірек қарастырсақ, өнеркәсіптік өсім де баяулаған». Мәсімов ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаевқа осы мәселеге орай жан-жақты талдау жүргізіп, сараптама жасауды тапсырды. Президенттің Үкімет мойнына артқан 7 пайыздық көрсеткіш үдесінен шығу үшін Мәсімовтің командасы біраз тер төгуге мәжбүр. Сағынтаевқа әлемдік экономикалық үдерісті, отандық индустриаландыру картасын тағы да бір рет сүзгіден өткізуге кеңес берген премьер жұмыс істемей, қаңтарылып тұрып қалатын кәсіпорындарды мемлекет қаражатына салмау керектігін ескертті: «Өкінішке орай, мұндай фактілер бар. Одан экономика да, басқа да мәселелер де зардап шегеді». ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің мәлімдеуінше, дағдарысқа қарсы күресте үстіміздегі жылы индустрияландыру картасының баламасы ретінде инновация картасы қалыптастырылады. Сонымен қатар 2012 жылы қазақстандық экспортты ынталандыру саясатын жүзеге асыру жалғастырылмақ. «Әсіресе, экспортты дамыту мәселесі жергілікті органдар мен шетелдегі қазақстандық елшіліктерге жүктелетін жаңа міндетке айналады» деген Исекешев экспортты дамыту экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі тетігі екенін жеткізді. 2011 жылы отандық тауарлар экспорты рекордтық көлемге жетіп, 80 млрд. АҚШ долларына тең болыпты. Бұл 2008 жылы ушыққан қаржылық дағдарысқа дейінгі 71 млрд. доллар көлеміндегі көрсеткіштен бірнеше есеге көп. Бүгінде халықаралық деңгейдегі ірі инвесторлар дамыған елдерге емес, Қазақстан, Қытай, Ресей секілді дамушы елдерге иек артуға мүдделі. Сырттан тартылған қаражат неғұрлым көп болған сайын отандық экономика соғұрлым дами берері анық. Тек оның да тиімді тетігін тапқан абзал. Исекешев: «Инвестиция тартудың тиімді құралдарының бірі – әлеуметтік-экономикалық аймақтар. Осы аймақтарды дамыту мақсатында бірқатар заңнамалық база қалыптастырылды. Сонымен қатар мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары мен салықтық жеңілдіктер де ескерілді», – деді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ