КЕДЕНДЕ – ТАҒЫ ДА БЫЛЫҚ

КЕДЕНДЕ – ТАҒЫ ДА БЫЛЫҚ

КЕДЕНДЕ – ТАҒЫ ДА БЫЛЫҚ
ашық дереккөзі
246

Кеден саласы былықтан арыла алмай келедi. Бұған былтыр Қытайдан Қазақстанға контрабандалық жолмен тауар тасымалдаумен айналысқан 100-ден астам адамнан құралған аса iрi қылмыстық топ құрықталғанда көз жеткiзген едiк. Сол кезде Қаржы полициясы кеден бекеттерi мен қоймаларды тiнту кезiнде 32 көлiкке тиелген 1 жарым миллиард теңгенiң заңсыз жүгiн анықтаған болатын.

Бұл істің ақ-қарасы түбіне дейін дәлелденбей жатып, кеден саласынан тағы да дау шықты. Осы айдың басында Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Серік Баймағанбетовке қызмет бабын асыра пайдаланып, ірі көлемде пара алған деп айып тағылып, тұтқынға алынды. Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай: «2012 жылы 3 ақпанда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Баймағанбетовке қатысты қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану және аса ірі пара алу фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Аталған күні Баймағанбетовті тауып, Астана Ішкі істер департаментінің уақытша ұстау изоляторына отырғызылды» деп хабарлаған болатын.

Шынында да, кеден саласына барған басшылардың қолын былғамайтыны сирек. Әйтеуір, кеден кеден болғалы мұнда басшы құтаймай келеді. Оған бәлкім, айналасындағылар да түрткі жасайтын шығар, кім білсін?! Бір жылдың ішінде кеденшілерге қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалып, оның бірнешеуі темір тордың арғы жағынан бір-ақ шыққан. Дәл осы құрылым қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке көп тартылатындардың қатарында. Ол ол ма, 2011 жылы кеден органдары қызметкерлеріне қатысты республика бойынша 65 қылмыстық іс қозғалыпты. Сондай-ақ өткен жылы ведомствада 51 коррупциялық құқық бұзу және қылмыстық әрекеттер анықталып, сол үшін 40 шақты лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған. Кедендік органдарда лауазымды қызметін асыра пайдаланғаны үшін 827 қызметтік зерттеу жүргізілсе, дисциплинарлық жауапкершілікке 1022 қызметкер тартылып, оның ішінде 50-і жұмыстан босатылған.

Қаржы министрлігі кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Александар Кочубейдің пікірінше, оның дені қызметін асыра пайдалану, жұмысына немқұрайлы қарау, парақорлық, алаяқтық және мемлекет қаржысын негізсіз жұмсау фактілері бойынша тіркелген. Ал Кедендік бақылау комитетіне келген жаңа басшы Мәжит Есенбаев мұндағы былықты көріп, жағасын ұстап отыр. Оның сөзіне қарағанда, кеден қызметкерлері арасында сауатсыздары көп. «Таңғы оперативті шұғыл мәліметтерді оқып отырып, жағамды ұстаймын. Соғыстан келетін ақпарат секілді. Біреуді атқан, пышақтаған және бұл қандықол қарақшылардың емес, Кедендік бақылау департаменттері қызметкерлерінің арасында болған жәйттер. Ал аймақтағы басқарма басшылары мұны жасырып әлек», – дейді ол. Қаржы министрлігі кедендік бақылау комитетінің төрағасы Мәжит Есенбаев жемқорлықты жойып қана қоймай, қабілетсіз кадрларды орнынан алып, комитетте жаппай тазарту жүргіземін деп уәде берді.

Айтпақшы, жаңа басшының айтуынша, барлық кеденшілер көп ұзамай, погондарымен қоштасады. Олар қайта аттес­тациядан өткен соң, жеке құрамның 13 пайызы ғана иықтарындағы жұлдызды қайта тағады. Ал қалғандары құқық қорғау қызметтерімен айналыспайды. Нәтижесінде бұдан былай өткен-кеткенге алақан жайып, пара талап ету азаймақшы.

Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Мәжит Есенбаевтың сөзіне сенсек, кеден саласы жемқорлықтан түпкілікті болмаса да арылатын сияқты. Ол бұл уәжіне қарамағындағыларды сендіріп отыр. Алайда, біздің білуімізше қашан да былыққа батып жатқан кеден саласына қонжиған басшының қай-қайсысы болса да, әңгімені осыдан бастайтын. Бірақ та аяғы әлгіндей жағдайға келіп тіреледі. Бәлкім, «Алтын көрсе періште жолдан таяр» деген осы шығар.

16.02.2012

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары