ЕЛОРДАНЫҢ ЕСЕБІ ТҮГЕЛ

ЕЛОРДАНЫҢ ЕСЕБІ ТҮГЕЛ

ЕЛОРДАНЫҢ ЕСЕБІ ТҮГЕЛ
ашық дереккөзі
464

Елордамыз Астанада араға күн салмай елдiң есiнде қалатын екi бiрдей жиын өттi. Оның бiрi – биыл туғанына 100 толған Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаевты мәңгi есте қалдыру шарасы аясында Еуразия ұлттық университетiнде өткен республикалық ғылыми-тәжiрибелiк конференция болса, екiншiсi – Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтың елорда жұртшылығымен болған дәстүрлi есептi кездесуi.

Сол күні Астанадағы 1 мың 500 адамға арналған Конгресс Холдың атшаптырым залына асыққан адамдардың санында есеп болмады. Жүздері жадыраған жандар Арқаның аязын елеген жоқ. Құдды, бәрі келісіп алып, концертке асығып бара жатқан жандай көрінді.

Біз залға кірісімен күткен жиын да басталып кетті.

– Берекелі бірлік пен тиянақты тірліктің, баянды белес пен келелі кеңестің қадірін білген халқымыз қашанда «азы тұрып көпті тыңдаған, бірі емес бәрі ұйғарған» тамаша дәстүрінен тайған емес. Бүгін міне сол салиқалы ізбен өздеріңіздің алдарыңызда барды ортаға салып, байсалды пікір алмасу үшін жиналып отырмыз. Мұның өзі – жылдағы әдеттен емес, нақты қажеттен туған дүние.

Бұл орайда өткен жылға салауат айтар алғысымыз да, са-уат ашар табысымыз да жетерлік.Ел Тәуелсіздігінің 20 жылын атап өткен 2011 жыл еліміз үшін де, елордамыз үшін де бойға қуат, болашаққа мұрат сыйлаған жасампаз жыл болды, – деп бастады сөзін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов.

Әкімнің мәлімдеуінше, барлық салада ілгерілеушілік бар. Есепті кезеңде Астана қаласының жалпы өнімі 8 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 164 миллиард теңге болса, инвестиция көлемі 35 пайызға артқан. Астаналықтардың орташа айлық жалақысы 124 мың теңгеге жеткен. Өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың нәтижесінде 886 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Сондай-ақ қалада мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылған. «Балапан» бағдарламасы шеңберінде 2011 жылы 33 мектепке дейінгі балалар мекемесі бой көтерген. Биыл мемлекет бюджеті есебінен 10 балабақша құрылысы басталды. Бұл алдағы кезде 3 мың балаға дайын орын болады деген сөз.

Әкім мысал келтіріп жатыр. Мәселенки, тек 1 минуттың ішінде қалада:

– 3 шаршы метр тұрғын үй салынады.

– Қаланы күтіп ұстау қамына бюджеттен 650 мың теңге жұмсалады;

– 100 текше метр су пайдаланады.

Егер әлемде минутына 11 гектар орман оталса, ал Астанада 1 сағатта 5 ағаш егіледі екен.Халқымызда «Иесі бар үйдің түтіні – қою, күтімі – зор» деген бар.Осы қаланың иесі де, киесі де өздеріңізсіздер. Уақыт та-уып, жүректен шыққан жанашыр көңілдеріңіз деп білемін.Әрине, мұндайды сезіну кім-кімге де, әсіресе ел тілегін арқалап жүрген қала басшылығына үлкен жауапкершілік. Сөз жоқ, оның үдесінен шығу үшін қолдан келгенді қашанда аямаймыз.«Ақжолтай істің – алды бейнет, арқасы – ырыс» деген.Өздеріңіз көріп-естіп отырсыздар, атқарылған шаруа көп. Жобалаған жоспар да жеткілікті. Бәрін тізіп бір баяндамада айту мүмкін емес.

Бұл бір әкімдіктің ғана тындырған дүниесі емес. Барлығы да өздеріңіздің қолдауларыңыздың, бірлесе атқарған еңбектің арқасы. Ортақ жетістігіміз, – деп аяқтады сөзін Иманғали Тасмағамбетов.Бұдан соң әкім арызы мен тілегін, ұсыныс-пікірі мен қарыз-парызын арқалай келген әлеуметті сол залда, сол сәтте қабылдады. Қала басшысына бас-аяғы қырықтан астам сауал қойылды. Ең бастысы, тікелей тілдесу бірқатар мәселенің түйінін тарқатуға түрткі болды.

Қысқасы, елорданың есе­бі түгел: айтылмаған сөз, ақтарылмаған әңгіме қалмады.<

br>

16.02.2012

Базарбек ТҮКIБАЙ,

Астана

Серіктес жаңалықтары