КҮЙІ КҮМБІРЛЕП, ӘНІ ӘЛДИЛЕГЕН КЕШ

КҮЙІ КҮМБІРЛЕП, ӘНІ ӘЛДИЛЕГЕН КЕШ

КҮЙІ КҮМБІРЛЕП, ӘНІ ӘЛДИЛЕГЕН КЕШ
ашық дереккөзі
482

Жуырда Құрманғазы атындағы Ұлттық Академиялық оркестрiнiң залында белгiлi дирижер, күйшi-ұстаз, өнер зерттеушiсi, Қазақ ұлттық өнер университетiнiң доцентi, ҚР Мәдениет қайраткерi Қарасай Сайжановтың шығармашылық кешi өттi. Белгiлi өнер иесiнiң шығармашылық жолына 45 жыл толып отыр. Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығымен қатар келген айтулы күнi дирижердiң «Елiм менiң» атты есеп беру кешi өттi.

1948 жылы Қызылорда облысы, Арал қаласында дүниеге келген өнер иесінің қаламынан туған «Әлқисса – Аманат», «Екі жирен», «Жетіқарақшы», «Батыр баба Жанқожа», «Тел қоңыр», «Елім-ай!», «Ұмытпа, Ана әлдиін!», «Күй шақырар» сияқты кітаптары жарық көрген. П.Чайковский атындағы музыкалық училищеден білім алған Қарасай Ахметұлы одан кейін Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіреді. Еңбек жолын Жезқазған қаласында бастаған дирижер осында жүріп, алғашқы оркестрін құрады. Белгілі өнер иесінің дирижерлік, күйшілік қабілетін алғаш байқаған Нұрғиса Тілендиев екен. Көрнекті күйші оны өзінің «Отырар сазы» оркестріне шақыртып алады. Қарасай Сайжановтың бұдан кейінгі өнердегі өмірі Астанадағы Қазақ халық аспаптары оркестрінде жалғасады.

Есеп беру кешінде бірнеше туындының тұсауы кесілді. Қайыржан Мақанов пен Қарасай Сайжанов шығарған «Амангелді сарбаздары» күй-поэмасы орындалды. Атынан көрініп тұрғанындай, бұл күй-поэма Амангелді батыр, Әбдіғаппар хан, Кейкі батырдың рухына арналған. Сол күні күйшінің «Батыр Бауыржан» әнінің тұсауы кесілді. Әннің сөзін Сланқожа Қарақыстақ жазған. Ән Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында шыққан.

«Елім менің» кеші Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен шымылдығын жапты. Кеш иесінің достары, курстастары да өздерінің жылы лебіздерін, тілектерін жеткізді. Қазақстанға еңбегі сіңген ұстаз Үрліғайым Әлмағамбетова курстасының үстіне шапан жапса, оркестрдің директоры Еркебұлан Мүсіреп өзінің жүрекжарды тілегін жеткізді.

02.02.2012

Едiге БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары