КІТАПХАНАМЫЗ САРҚЫЛМАС БАЙЛЫҚҚА КЕНЕЛДІ

КІТАПХАНАМЫЗ САРҚЫЛМАС БАЙЛЫҚҚА КЕНЕЛДІ

КІТАПХАНАМЫЗ   САРҚЫЛМАС БАЙЛЫҚҚА КЕНЕЛДІ
ашық дереккөзі
199

25 қаңтар күнi Ұлттық кiтапханамыздың әлем әдебиетi бөлiмiнде «ТМД елдерiнiң кiтапханаларына көмек» атты Ресей Федералдық бағдарламасы аясында Ресей зерттеу орталығына кiтаптар табыстау рәсiмi болып өттi.

Шараның ұйымдастырушылары еліміздегі Ресей Федерациясының Бас консулдығы, Шетелдердегі мәдени орталықтарды дамы­туға көмек беру қоры және Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы.

2006 жылы Қазақстан және Ресей халық­тары арасындағы өзара достықты нығайту және өзара түсіністікті тереңдету мақсатында, сондай-ақ екі елдің мәдени байланыстарын дамыту жолындағы өзара күш-жігерді үйлестіру бағытында Ресей Федерациясының «Шет елдердегі мәдени орталықтарды дамытуға көмек беру қоры» мен Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының арасында келісімшарт жасалған болатын. Осы уақыт ішінде кітапхана қоры Ресейдің барлық білім салалары бойынша 3 мыңға жуық жаңа басылымдармен толықты. Аталмыш жобаның бас демеушісі Ресей Федерациясының Мәдениет пен Кинематография жөніндегі федералдық агенттігі және Ресейдің тұңғыш президенті Б.Н.Ельцин қоры.

Рәсім барысында сөз алған Ресей Федерациясының Бас консулы Виктор Завиялов: «Кітаптарды сыйға тарту рәсімін 25 қаңтар күніне белгілеуіміздің өз себебі бар. Ресейде дәл осы күні адамдар бір-біріне сыйлықтар табыстап, бір-бірінің көңілін көтеруге тырысады. Елімізде 1755 жылдан бастау алған бұл тамаша дәстүрді жыл сайын ТМД елдерінің кітап қорын толықтыра отырып жалғастырмақ ойдамыз. Қазақстанның Ұлттық кітапханасы барша қазақ әдебиеттерінің алтын қоры. Бүгін кітапханаға әр түрлі білім саласындағы 120 дана кітапты сыйға тартып отырмыз», – деді.

Ұлттық кітапхананың кітап қорын то­лықтыру қызметінің бөлім меңгерушісі Хан­­­шайым Мұсақызы: «Бүгінде кітапхана қо­рында 6 миллионнан астам түрлі басылым­дар бар. Ең алдымен қорымызды қазақ кітаптарымен толықтыруға тырысамыз. Оқыр­мандар арасында ресейлік кітаптарға сұраныс жоғары. Ресейлік ақпарат ресурстарымен оқырмандарды қамтамасыз етуде бұл кітаптар айрықша құнды екенін айта кеткен жөн», – дей келе, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.Сонымен, еліміздің бас кітапханасы саясат, экономика, ғылым, мәдениет, өнер, тарих, тіл білімі, әдебиеттану, фольклор, энциклопедия, сөздік, көркем әдебиеттер секілді қазіргі заманғы ең таңдаулы кітаптармен толықты. Бұл да болса Ресей елі, оның мемлекеттік құрылымы, халқы, экономикасы, ғылымы, тарихы мен мәдениеті туралы ақпарат таралымын, екі мемлекет азаматтарының ақпараттандырылу деңгейін жақсартуға өз септігін тигізері кәміл.

02.02.2012

Ботагөз ДАСТАНҚЫЗЫ,

ХҚТУ-дiң студентi

Серіктес жаңалықтары