ОҢ ӨЗГЕРІСКЕ — ОН БАҒЫТ

ОҢ ӨЗГЕРІСКЕ — ОН БАҒЫТ

ОҢ  ӨЗГЕРІСКЕ — ОН  БАҒЫТ
ашық дереккөзі
231

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

ҚР Президентi Н.Назарбаев биылғы халыққа Жолдауын «Әлеуметтiк-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» деген тақырыппен ұсынды. Негiзгi 10 бағытқа басымдық берген Елбасы iшкi және сыртқы саясатқа да тоқталды.

Тәуелсiздiк алған үшiншi онжылдыққа қадам басқан елiмiздiң жетiстiгiн саралауды былтырғы 7,5 пайыздық экономикалық өсiммен бастаған Н.Назарбаев iшкi жалпы өнiмнiң жан басына шаққандағы көрсеткiшi 11 мың доллардан асқанын мәлiмдедi. Мемлекетке тиесiлi табиғи ресурстар халыққа қызмет етуi тиiс. Осы орайда, тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары сатылып кеткен активтердiң бiрқатар бөлiгi мемлекеттiк меншiкке қайтарылып жатқанына тоқталды: «Кезiнде мен мынадай жағдайларға байланысты сатып жатырмыз, қазiр жекешелендiру керек, уақыты келгенде қайтарамыз» деп айтып едiм. Мiне, ендi бәрi қайтарылуда. Барлық акциялардың пакетi Қазақстанда. Ендi өзiмiз барлығына ықпал жасайтын боламыз. Ендi «Богатырь», Қарашығанақ, Қашаған кен орындары мен ЕNRС, «Қазақмыс» компанияларының басым активтерi мемлекет иелiгiнде болады».

Елбасы бүгінде кәрі құрлық пен алпауыт ел – Американы тығырыққа тіреген экономикалық және қарыздық дағдарыстың салқыны да Қазақстанды айналып өтпейтінін ескертті. Әлемдік дағдарыстың Жер шарын алдағы 5-6 жылда қыспаққа алатынын айтқан ол Қазақ билігінің басты міндеті отандық экономиканы осы сынаққа дайындау және оны дербестендіру, әртараптандыру екендігін, 2015 жылға қарай дүние жүзі бойынша табысы мол елдердің қатарынан көрінуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Бүгінде Қазақстан үшін экономикалық жетістіктер мен әлеуметтік ахуалды жақ­сарту ара­сындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды. Президент даму жолындағы міндеттердің 10 бағытына басымдық берді. Біріншісі, отандастарды жұмыспен қамту. Осыған сәйкес Үкімет үш маңызды мәселеге ден қойған жаңа бағдарламаны бекітті: білім беру мен жұмысқа орналасуға ықпал етудің тиімді жүйесін қалыптастыру; ауылды жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету; еңбек ресурстарының жеделдігін көтеру және Қазақстанның экономикалық тұрғыда белсенді орталықтарындағы еңбекпен қамту мәселелеріне ықпалдастық жасау. Былтыр аталған бағдарлама 60 мың адамның қатысуымен сынақтан өткізіліпті. Енді республикалық ауқымда жүргізілуі тиіс, ұйымдастыру жұмыстары мен заңнамалық құжаттар ендігі дайын.

Халыққа Жолдауында Президент ауылды жерлерде тер төгіп жүрген ағайынға тиесілі шағын несиелер жайын да сөз етті. Ал қалалық жерлерде нан тапқысы келетіндерді мемлекеттің қаржыландыруымен оқытып, жұмысқа тұрғызу қажет деді. Бағдарлама мерзімі аяқталатын 2020 жылға қарай 1 жарым миллион адам әл-ауқатын жақсартуға қабілетті сапалы жұмыспен қамтамасыз етіледі. Басымдық берілетін екінші бағыт, қолжетімді баспана мәселесі. «Біз жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруға кірісіп кеттік. Елімізде жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуде. Алайда біз жарты миллионнан астам жас отбасыны жеке баспанамен қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл үшін жалға берілетін тұрғын үй алаңын 1 миллион шаршы метрге жеткізу қажет. Оның ішінде, ұзақ мерзімге жалға беру, одан кейін сатып алу тәрізді екі түрлі жолын қарастыру керек», – деді. Қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі Үкімет түзуі тиіс «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасында анық көрсетілуі тиіс. Үшінші бағыт, өңірлерді дамыту мәселесі. Маңыздысы, елімізде ірі өндіріс орындарын құру, зауыттарды барынша көптеп салу, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік инфрақұрылымды қарқынды дамыту. Елбасы келешегі зор қалалар тізіміндегі Алматы, Астана, Ақтөбе, Ақтау мен Шымкентті тілге тиек ете келе, азаматтарды мемлекет есебінен қуатты өңірлерге қоныс аударту керектігіне баса назар аударды. Ал елдімекендер шоғырын (англомерация) дамыту үшін Үкімет арнайы бағдарлама қабылдауы қажет. Бұл орайда «ірі кәсіпорынды немесе бір саланы тірек еткен шағын қалалардың дамуы – өз алдына бөлек мәселе» екендігін ескерткен Н.Назарбаев Жаңаөзендегі жағдайды мысалға келтірді: «Жаңаөзендегі жағдай бір салалы шағын қалалардың әлеуметтік қатерге жақын екенін көрсетті. Мемлекет Жаңаөзенде төтенше жағдай жариялап, қаладағы ахуалды қалпына келтіру бойынша кешенді шаралар жасауға мәжбүр болды. Қазіргі уақытта ондағы ахуал қалыпты арнасына түсті. Мәжіліс сайлауында Жаңаөзен тұрғындарының басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясына дауыс берді. Бұл олардың мемлекет саясатын толық қолдайтынын көрсетеді. Сондықтан мен Жаңаөзендегі төтенше жағдай режимін бұдан әрі созбау жөнінде шешім қабылдадым. Алайда бұл оқиғадан тиісті түйін жасалып, одан сабақ алып, ұдайы ескерілуі керек». Сонымен, Үкіметке бір салалы шағын қалаларды дамытуға қатысты да бағдарлама дайындауға пәрмен берілді. Қаланың экономикасындағы әрбір нақты бағытты дербестендіру, әлеуметтік саланы дамытуды ескере отырып, Министрлер кабинеті жергілікті шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетуді ұмытпауы тиіс. Ал үстіміздегі жылдың шілдесіне дейін Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың тұжырымдамасы бойынша жобаны талқылауға ұсынуы керек. Төртінші бағыт, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру. Мұның еліміздегі жемқорлыққа қарсы әрекетті күшейтуде және азаматтардың мемлекеттік органдар қызметіне деген сенімін нығайтуда маңызы зор. Ол үшін Электронды үкіметтің белсенділігін жоғарылату қажет. 2012 жылдың соңына дейін әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің 60 пайызы, оның ішінде лицензияның барлық түрі тек электронды нұсқада берілмек. 2013 жылдан бастап мемлекеттен берілетін барлық рұхсатнама құжаттары Электронды үкімет арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алынуы керек. Бұл орайда халықтың жүйкесін жұқартып біткен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс сапасын көтеру мәселесі де өзекті екендігі айтпаса да түсінікті. Өйткені атал­ған Орталықтарға автокөлік пен жүр­­гізушілер куәлігін беру құқығы да та­бысталмақ. Сонымен қатар Жолдауда әртүрлі рұхсатнама құжаттарының санын қысқартуды тапсырды. Былтырға дейін Елбасының пәрменімен, бұл құжаттар саны 30 пайызға қысқартылған еді. Әрине, Электронды үкіметпен ортақ тіл табыса білу үшін халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру мәселесі жолға қойылары анық. Президент отандастарды ақпараттық технологияларды игеруде белсенді болуға шақырды. Бесіншісі, ХХІ ғасыр талаптарға сай кәсіби білікті басқарушыларды дайындау. Нұрсұлтан Әбішұлы Үкімет пен Президент әкімшілігіне 2012 жылдың жартысына дейін президенттік кадрлық корпусқа үміткерлерді дайындауға қатысты ұсыныс білдіруді тапсырды. Алтыншысы, сот және құқық қорғау жүйесін модернизациялау. Бұл ел арасында сенімдеріне селкеу түсіріп алған соттарға қатысты. «Соттар заң мен өздерінің ар-намысына жүгіне отырып әділ шешім айтуы тиіс. Соттар корпусын қалыптастыру тәртібін түбегейлі қайта қарау қажет» деген Елбасы Жоғарғы соттан бастап жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті арттыруды талап етті. Ал соттар заң бұзған жағдайда төтенше жағдай деп есептеліп, халықты түгел құ­лақтандыру керек. Құқық қорғау органдары мен арнайы органдардағы кадрлық жаңартудың сапасына ден қойылып, үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін олардың барлығын қайта аттестациялау­дан өткізу міндеті жүктелді: «Құқық қор­ғау органдарында қызмет ететіндердің жалақылары, әлеуметтік пакеттері мен техникалық жабдықтау мәселесі содан кейін ғана шешіледі». Біртұтас экономикалық кеңістіктегі трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен күресті күшейту мақсатында Интерполдың үлгісіндегі Еуразполды құруға ұсыныс білдірген Н.Назарбаев Үкіметке ЕЭК шеңберіндегі серіктестер назарына осы мәселені жолдауды тапсырды. Ал қоғамдағы жемқорлықпен күресті барынша күшейте түскен жөн. Министрлер кабинеті үш айдың ішінде Жемқорлыққа қарсы күрестің кешенді бағдарламасын түзуі тиіс. Жетінші бағыт, Қазақстандағы адам капиталының сапалы өсімі. Әрине, бұл ең алдымен білім беру және денсаулық сақтау саласына қатысты. Білім беру саласын жақсартуда Елбасы білім беру процесіне заманауи тәсілдер мен технологияны енгізуді ұсынды. Сондай-ақ, ол кәсіби-техникалық білім беру ошақтарының нәтижелі істерін еліміздегі барлық білім беру мекемелеріне таратуға тоқтала келе, мектептер мен жоғары оқу орындарында еңбек ететін ұстаздарға қойылатын кәсіби біліктілікті арттыру талаптарын күшейту керек деді. Ол үшін аймақтардың әрқайсысында кәсіби біліктілікті жетілдіру орталықтары ашылуы тиіс. Бұл орайда кәсібилікті бекітетін тәуелсіз жүйе құрылады: «Мемлекет білім беру қызметін ұсынумен қатар олардың сапасын бағалай алмайды». Бүгінде ауылдан қалаға қарай ағылған жастардың жұмыс істей жүріп білім алуына да енді жағдай жасалады. Бұл – Жолдаудағы Білім министрлігіне берілген тапсырма. Сонымен қатар талайға «жыр» болған жатақхана мәселесі, ауылдан келген және әл-ауқаты төмен отбасылардан шыққан студенттердің жолақы және өмір сүру шығындары да қарастырылды. Ең бас­тысы, бірнеше жыл жүріп алған білімді жастар әлеуметтік бейімделу процесінде пайдалануға қабілетті болуы тиіс. Жастар дегенде, ұлтжандылықпен бірге адами құн­дылықтар мәселесі де шет қалмаса керек. «Патриоттық, адамгершілік қағидалары мен ұлтаралық келісім, толеранттық, дене бітімі және рухани даму, заңға бағыну» деп атап көрсетілген президенттік Жолдауда білім саласындағы тәрбиеге көңіл аударылды. Қазіргі Қазақ еліндегі өзекті мәселелердің бірі – мемлекеттік тіл проблемасы. Жолдау­да «Конституциямызға сәйкес, қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылады. Онымен бірге мемлекеттік органдарда ресми түрде орыс тілі тең дәрежеде қолданылады» деген Н.Назарбаев қазақ тілінің жоспарлы дамуы жалғаса беретінін айтты: «Бізге мемлекеттің келешегі, болашақ дамуы үшін не керек? Ол үшін мемлекеттің ең негізгі сыртқы саясаты – көршілермен тату болуымыз керек. Онсыз мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болады. Қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміз өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 процентке дейін жететін болады. Еліміздегі барлық мектептер мен оқу орындарында қазақ тілінде оқыту үрдісі жүріп жатыр. Осының бәріне депутаттар мен мемлекеттік қызметтегілер өз үлестерін қосулары керек. Мәселені осылай шешу қажет». Денсаулық сақтау саласына келсек, «Саламатты Қазақстан-2015» мемлекеттік бағдарламасын көлденең тартқан Президент халықтың денсаулығына байланысты көрсеткіштердің жоғарылағанын, бала туу мен өмір сүру ұзақтығы өскенін мәлімдеді. Соңғы жылдары қан айналымдарына қатысты болатын адам өлімі төмендеген. Ал жүрек қан тамырлары жүйесіне жасалатын операциялар Астана мен Алматыда ғана емес, Қазақстанның барлық облыс орталықтарында жасалынады. Енді қатерлі ісікке шалдығу мен қаза табуды азайтуға ден қойылады. Жақын келешекте азаматтар өз денсаулықтарының сапасына өздері жауап береді: «Адам ауырған тиімсіз екенін түсінуі тиіс. Біздегі денсаулық сақтау саласы тегін, бірақ болашақта зейнетақы қорларындағы секілді медицинада да сақтандыру болады. Жауапкершілік жүгі адамға, оның жұмыс берушісі мен мемлекетке жүктеледі. Денсаулығы неғұрлым нашар болған сайын адамды да соғұрлым аз сақтандырады, жақсы болған жағдайда сақтандыру сомасы да көбейе түседі». Есесіне, азаматтар спортпен шұғылданып, жан саулығы мен тән саулығына көңіл бөледі және спорт кешендеріне кіруге кедергілер жойылады. Бұл – әкімдерге тапсырылған жұмыс. Сегізінші, зейнетақы жүйесін жетілдіру. «Қазақстан посткеңестік кеңістікте жинақтаушы жүйесін алғашқы болып жемісті енгізді. Салымшылар саны 8 миллион адамнан асады. Жинақталған қаражат көлемі 17 миллиард доллардан астам» деген Нұрсұлтан Назарбаев салымшылардың зейнетақы қорларының инвестициялық саясатына ықпал ете алмайтынын, сондықтан зейнетақы қорларына кететін ақшаға отандастардың салық ретінде қабылдайтынын, кейбір қорлардың басшылары жинақталып жатқан қаржыға жекеменшігі ретінде қарап, акционерлердің мүддесін қорғап, солардың шығындарын жабуға жұмсайтынын айтты. Осы себепті, Үкімет пен Ұлттық банк алғашқы жартыжылдықтың соңына дейін зейнетақы жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстарын білдіруі керек. Тоғызыншы, индустриалдық-инновациялық жобалар. Ресми деректерге сүйенсек, 2011 жылы Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде жалпы құны 970 миллиард теңге болатын 288 жоба жүзеге асырылыпты. Осының нәтижесінде 30 мыңнан астам тұрақты да сапалы жұмыс орны қалыптасқан. Қазақ билігі енді инновациялық кластерлер инфрақұрылымын дамыту мәселесімен айналыспақ. Халыққа Жолдауда энергетика тапшылығын жою және оңтүстік аймақ­тардағы энергетикалық тәуелділіктен құтылу, қосымша жылу-электр стансаларын салу, ұзындығы 277 шақырымдық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік жолының қазақстандық бөлігін аяқтау, жаңадан тартылуы тиіс темір жол сызығы – Жезқазған-Бейнеу мен Арқалық Шұбаркөл құрылысын бастау сөз болды.Кейінгі кездері ішкі нарықта жанар-жағар май тапшылығы пайда болған. Отандық мұнай өңдеу зауыттарының ши­кізатты өңдеуде және жанар-жағар маймен қамтамасыз етуге күші жетпейді. Осы себепті Президент Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жанар-жағар майдың көлемін 3 есеге, яғни 1,7 миллион тоннаға, жермайды 1,4 миллион тоннаға дейін арттыруға тапсырма берді. Ал Қарашығанақ кен орнындағы жылына 5 млрд. текше метр газ өңдеуге қауқарлы зауыт құрылысы мен еліміздің орталық аудандарына «көгілдір отын» тасымалдайтын құбыр жүйесі жуық арада аяқталуы тиіс: «Бұл көп қаражатты талап ететін маңызды жұмыс. Газға деген тәуелділіктен құтылу үшін оны жүзеге асыруымыз керек. Қазақстан – мұнай мен газ өндіретін ел. Елімізді газбен қамтамасыз етуге міндеттіміз». Аталған жобалардың көпшілігіне тартылатын инвестиция мәселесі ендігі шешілген, қалғандарына жұмсалатын қаражатты Үкімет пен Парламент бюджетті қайта қарастырулары қажет. Сондай-ақ, Елбасы жобалар үшін Ұлттық қаражаттан несие алуға ұсыныс айтты. Ал Қазақстанға тікелей тартылатын шетелдік инвестициялар ағынын дербестендіру мақсатында келешегі зор салаларға, мысалы туризмге бағыттаған жөн: «Дамыған елдерде ЖІӨ-нің 10 пайызы турзим кластерінің үлесінде. Бізде – 1 пайыздан кем. Еліміз бойынша туризмнің өсу нүктелерін зерттеу керек». Үкімет бұл мәселеде Алматы маңындағы тау-шаңғы кешенін дамытуға ден қояды. Өйткені тау-шаңғы курортына келген 1 турист теңізде демалғандарға қарағанда 6 есе көп ақша жұмсайды екен. Демек мемлекет үшін өте маңызды және пайдалы. «Жол картасы – 2020» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, инновацияға иек артқан кәсіпкерлікті енді бастағандар мен жас бизнесмендерге қосымша қолдаулар көрсетіледі. Сондай-ақ, қаржылық-экономикалық заң бұзушылықтар, оның ішінде, салықтар бойынша шеттету немесе алалау фактілері кездессе, кінәлілер қатаң жауапқа тартылады. Елбасы өз Жолдауында кеден және салық комитеттеріне, қаржы полициясына әрекет етуде, құқықтық нормаларды қолдануда, салық салуда заң шеңберінен аспауды ескертті. Себебі отандық және шетелдік инвесторлар құқығын қорғау және оларға қолдау көрсету Қазақстандағы іскерлік инвестициялық ахуалдың негізі болуы керек: «Біздің шенеуніктер инвесторларға кедергі жасамай, қолдарынан келгенше көмектесулері керек». 2012 жылы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуі еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі.

Отандық ауыл шаруашылығын дамыту – Жолдауда басымдық берілген оныншы бағыт. Әлемдік нарықтағы азық-түлік тапшылығы мен тамаққа деген тұтынушылық сұраныстың өсуі – Қазақстанға берілген мүмкіндік. Сондықтан Президент Министрлер кабинетіне аграрлық өндіріске салынған жекеменшік инвестицияларға төнетін қауіптерді төмендететін кепілдендіру мен несиелерді сақтандыру жүйесін қа­лыптастырып, енгізу қажеттігін айтты. Сонымен қатар делдалдардың қатысуынсыз бөлшек сауданы мемлекеттік деңгейде қолдау, ортақ астық холдингін құру, ет өндірісінің экспорттық әлеуетін арттыру, мал шаруашылығының басқа салалары, мысалы қой шаруашылығын, жем-шөп өндірісін дамыту т.б. айтылды. ҚР Президентінің 2012 жылға арналған Жолдауында ішкі және сыртқы саясат та қамтылды. Мәселен Қазақстан тарапынан ұсынылған Жалпыға ортақ қару-жарақсыз әлем декларациясы биыл наурызда Сеулде өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Ғаламдық саммитте жан-жақты талқыланып, өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек. Қазақстан тарапынан ұсынылған «G global» – әлемдік дағдарыстан шығудың жолдары Астаналық экономикалық форумда қарастырылады. Елімізде өткізілетін саяси мәні бар маңызды шаралар қатарында Астанадағы IV Әлемдік және дәстүрлі дін көсемдерінің құрылтайы бар. 2012 жылы Астана ТМД мен түркі әлемінің мәдени астанасы болып табылады. Биыл Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымына Қазақстанның төрағалығы аяқталады.

02.02.2012

Серіктес жаңалықтары