ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР ДАМЫП КЕЛЕДI

ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР ДАМЫП КЕЛЕДI

ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР  ДАМЫП КЕЛЕДI
ашық дереккөзі

Қазақтың қолөнерi – ұлтымыздың ежелден келе жатқан асыл мұрасы және дәстүрлердiң жалғасы. Сонау көне заманнан берi қазақ халқы түрлi бұйымдарды дүниеге әкелген. Ал бүгiнгi ұлттық қолөнерiмiз қай деңгейде дамып жатыр және қаншалықты сұранысқа ие?

Қолөнердiң қарқындап дамуы әрине, алғашқы кезекте ел экономикасына байланысты екенi анық. Қазақстанның экономикасы тұрақты және соңғы жылдармен салыстырғанда жоғары деңгейде өсiп келедi. Алайда 2006 жылы Орта Азияның Еуразия қоры қолөнер секторын зерттеген. Зерттеудiң нәтижесi елiмiзде қолөнер бұйымдарын өндiру мен өткiзу Қырғызстан, Өзбекстан сынды елдермен салыстырғанда жеткiлiктi дамымағанын көрсетiп отыр. Бұл жағдайды бiрнеше себептермен түсiндiруге болады. Бiрiншiден, қолөнершi өз туындысын нарыққа шығару жайлы ақпаратты мардымды бiлмеуiнен, екiншiден, кәсiби және бизнес оқулардың аздығынан, үшiншiден, туризм саласының әлсiздiгiнен. Ұлттық қолөнерiмiздiң дамуына туризм саласының да тiкелей қатысы бар. Қолөнер бұйымдарына көбiнесе шетелдiктердiң сұраныс бiлдiредi. Яғни елiмiзге келген шетел азаматтары өзiмен бiрге қазақтың жерiнен естелiк зат алып кетуге тырысады. Дегенмен бұл қазақ азаматтарының арасында ұлттық өнер – қолөнер туындыларына сұраныстың жоқтығын бiлдiрмейдi, әрине. Шеберлердiң айтуынша, сапалы ағаштан, терiден, сондай-ақ күмiстен жасалған бұйымдар үй көрнекiлiгiне, сыйкәдеге, қыз ұзату секiлдi дәстүрлi мерекелерге байланысты сұраныстар болып тұрады екен.

Атадан балаға мирас болып келе жатқан осы құндылықтарымызды бүгiнгi күнде жалғастырып, насихаттап жүрген азаматтар да, компаниялар да аз емес. Мемлекет тарапынан аталған саланы дамытуға бiрқатар iстер мен қолдаулар көрсетiлiп жатыр. Мысалы 2006 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгi және «Шеврон» компаниясының бастамасымен Орта Азияның Еуразиялық қоры «Қазақстандағы қолөнер кәсiбiн дамыту және халықтық кәсiпкерлiктi қайта жаңғырту» бағдарламасын қолға алды. Бағдарлама аясында жыл сайын қолөнершiлер арасында «Шебер» байқауы ұйымдастырылады. Соңғы өткен конкурс қуантарлық нәтиже бердi. Бақандай он қолөнер шеберi «ЮНЕСКО-2010» сапа белгiсiмен және басқа да шеберлер түрлi номинациялармен марапатталған. «Шебер-2011» байқауында үздiк деп танылған талантты шеберлер жуырда Малайзияда өткен байқауға қатысып келдi. «Бiздiң өнерпаздарды ол жақта өте керемет ықыласпен қарсы алып, ұлттық өнерiмiзге жоғары деңгейде баға бердi. Жалпы малайзиялықтар ұлттық өнерге аса қатты мән бередi екен», – дейдi «Шебер-2011» конкурсының жас жеңiмпазы Тимур Ермұхаметов. Қаңтар айының онынан бастап дәстүрлi «Шебер-2012» IV республикалық байқауына өтiнiштер қабылдана бастады. Жуырда Қазақстанда «Қолөнершiлер одағы» құрылмақ. Одақ құруға елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен қолынан бал тамған шеберлер ниет бiлдiрiптi. Елiмiзде қолөнер саласын дамытуда елеулi iстер атқарып жүрген «Our Heritage» қоғамдық қорының президентi Айжан Бекқұлова «Қолөнершiлер одағы» жас шеберлердiң таланттарын шыңдауға және ұлттық қолөнерiмiздiң беделiнiң артуына, бәсекелестiкке қабiлеттiлiгiнiң жоғарылауына, халықаралық аренаға шығуына өз септiгiн тигiзедi деген пiкiрде.

Қазақстанда қолөнерге деген осындай үлкендi-кiшiлi көңiл мен демеушiлiктер көрсетiлуде. Кез келген мемлекет, кез келген ұлт өзiнiң төл туындыларымен, ұлттық дәстүрiмен өзгелерге танылады. Қазақты қазақ ететiн бiрден бiр өнер түрi – бұл сөзсiз қолөнер саласы. Елiмiзде жас қолөнершiлердiң аздық етуi де шеберлердiң шымбайына батқан басты мәселе. Егер «Қолөнершiлер одағы» құрылса, елдiгiмiз бен дәстүрiмiздi өзгелердi танытатын қолөнер кәсiбi де қарқын алатынына шүбәмiз жоқ.

Айнұр ОҢҒАРБАЕВА,

А.Ясауи атындағы

ХҚТУ-дың студентi