ҚАЗАҚ ЕЛI, ҒАЛАМАТ ЕҢ НЕ ДЕГЕН?!

ҚАЗАҚ ЕЛI, ҒАЛАМАТ ЕҢ НЕ ДЕГЕН?!

ҚАЗАҚ ЕЛI, ҒАЛАМАТ ЕҢ НЕ ДЕГЕН?!
ашық дереккөзі

Гүлден Мүлiкқызы 1966 жылы Алтай аймағы, Қаба ауданы, Сартам ауылы Қабырғатал қыстағында дүниеге келген.

1985 жылдан бастап ақындар айтысына қатысып келе жатқан белгiлi ақын. «Алтай халық ақыны», «Еңбегi сiңген ақын» атақтарын алған. Айтыс өнерiмен қатар жазба ақындықпен де айналысып, 300-ден астам өлеңi жарияланды. 2003 жылы Қазақстанда өткен Таңжарық Жолдыұлының 100 жылдық мерейтойында «Таңжарыққа арнау» атты өлеңi 3-орын, 2005 жылғы Дүниежүзi қазақтарының III Құрылтайының жыр мүшайрасында бас жүлденi жеңiп алды.

Гүлден «Бозжалын» (1995), «Бозбалаға бой тұмар» (2004) сынды жинақтардың авторы. Сондай-ақ, Қазақстанда шыққан «Жас толқын», «Қоштасқым келмейдi», «Тас бұлақтың сыңғыры» атты жыр жинақтарына «Жаңа заман ақындар айтысы», «Алтын тау салтанаты», «Өлең той», «Жекпе-жек», қатарлы айтыс жинақтарына айтыстары енген.

Гүлден жәйлi «XX ғасыр Қытай қазақ жазушылары» (2007) және «XX ғасыр Қытай қазақ айтыс ақындары» (2009) кiтаптарында жазылған.

2011 жылы Дүниежүзi қазақтарының IV құрылтай делегаты. Ол Шыңжаң жазушылар одағының, Шыңжаң қазақ мәдениет қоғамының, Шыңжаң айтыс зерттеу қоғамының беделдi мүшесi. Қазiр Алтай аймағы Бұрылтоғай ауданы Мәдениет мекемесiнде қызмет iстейдi.

Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы мен Көшi-қонның 20 жылдық мерейтойларына арнап жазған өлеңдерiн ұсынып отырмыз.

Қазақ елi, ғаламат ең не деген,

Әруақ қолдап, Тәңiр өзi жебеген.

Ерлiгiңдi, елдiгiңдi әйгiлер,

Бақытыңа ұл-қызың бар көреген.

Дархандығы даласына ұқсаған,

Iзгiлiк пен берекеге шебер ең.

Шаңырағың шаттықпенен биiктеп,

Мiне, бүгiн кең жайылды керегең.

Жарқырады көк аспаны көңiлдiң,

Мәнiн бiлдiң, сәнiн бiлдiң өмiрдiң.

Алатаудан асқақ үнiң әуелеп,

Сарыарқадан күй боп мiне төгiлдiң.

Ұмыттырып шалдығу мен шаршауды,

Бұлбұлдарың мың құбылтып ән салды.

Дүниенiң төрт бұрышы көз тiгiп,

Бүкiл әлем құдыретiңе тамсанды.

Жер жаннатын сендей ешкiм таппаған,

Батыр Ұлан үмiтiңдi ақтаған.

Қара қоста, қара табан қойшыдан,

Қазақ болып туғаныма мақтанам.

Ұлт дәстүрiн қаз қалпында сақтаған,

Аш жүрсе де ар-намысын сатпаған,

Әдiлдiгiң қара қылды қақ жарған,

Айналайын қасиетiңнен Сақ бабам.

Шағаладай шалқыған соң шат заман,

Өз кеудеме өзiм сыймай шаттанам.

Өкiнедi жиырма жылдық тойыңда,

Ақ шашудан, ақ дәмiңнен татпаған.

Ақын айтпай шын сырыңды айтар кiм?

Ойлағаннан өзгеше боп байқалдың,

Жел кеулеген жетпiс жылдың бодауын,

Қайсарлықпен жиырма жылда қайтардың

БОТАГӨЗ УАТҚАНҒА

Жаудырап бота көзiң де,

Мөлдiреп тұрсың өзiң де.

Тәнтi ғып жұртты жүрдiң-ау,

Керiм сал ару кезiңде.

Жарқырап айдай дидарың,

Құлы боп әдеп-ибаның.

Жат көрмей алыс-жуықты,

Өзiңдей көрiп сыйладың.

Өзiңдi арнап келесiң,

Ар-намыс пен ақылға.

Жатыр-ау ұлы қасиет,

Ботагөз деген атыңда.

Жақсылықтың нышаны,

Жанарыңнан жалындап.

Ағайын-досты аңсаған,

Жылы жүзбенен қабылдап.

Қыздарға тән қасиет,

Тал бойыңнан табылған.

Шаршаған шығар сан жiгiт,

Бота қызды iздеп сабылған.

Биiк болып келедi,

Қайсы елде де бағаңыз.

Бақытты екен Сiзбенен,

Досан деген ағамыз.

Сыңғырлап аққан бұлақтай,

Сыңғырлы күлкi көңiлiң.

Өте бер жайнап Бота қыз,

Нұрлы боп мәңгi өмiрiң.

Еңбегiңдi көргенде тебiрендiм,

Санасына нұр құйдың еру елдiң.

Болашаққа барады шеру тартып,

Өзiң алғаш бастаған керуенiң.