САРЫ ҚҰБЫРҒА ҚАРАП САРҒАЙДЫҚ

САРЫ ҚҰБЫРҒА ҚАРАП САРҒАЙДЫҚ

САРЫ ҚҰБЫРҒА ҚАРАП САРҒАЙДЫҚ
ашық дереккөзі

2010 жылы қыркүйек айында Бутаковка шағын ауданына (қаланың Медеу ауданына қарасты) газ трубасы жүргізілді. Бутаковкадан да әрмен асып, Іле Алатау табиғат қорғау паркінің шекаралық шлагбаумынан өтіп, үлкен бастықтың үйіне барып тоқтаған еді.

Медеу ауданының сол кездегі әкімі келіп, ауыл адамдарымен кездесіп, газ берілетіндігін айтқан. Көп ұзамай труба жүргізілді, алдымен қараға боялды, одан кейін сарыға боялды. Мұны көрген біз «газ қосылатын болды» деп қуандық. Бұл труба біздің ақшамызға – салық төлейтіндердің ақшасына (бюджеттің ақшасы деп жатады) жүргізілгені айдан-анық.

Міне, содан бері аттай бір жыл өтті. ЖШС-тер бірінен кейін бірі келіп, «құжаттарыңды дайындаңдар» деп өздерінше тапсырма беріп жатты. «Жердің актісі мен үйдің техпаспортын, үй иелерінің төлқұжаттарын және газ пешінің құжатын дайындаңдар» деп талап етілді. Бұл құжаттарды жинап КСК-ның бастығына бердік. Бутаковкада Райымбек атындағы көше Әсет Бейсеуовтің атына ауыстырылған еді. «Енді барлық құжаттарыңды жаңа көшенің атымен беріңіздер» деді артынша. Жүгіріп жүріп оны да жасадық. Бұл жүгіріс біткеннен кейін барлық құжаттарды нотариус арқылы заңдастырыңдар» деді. Бұны да жасадық. Ал қазір бірінен кейін бірі келіп жүрген ЖШС-тер де ат ізін салмай кетті.

«Қазтрансгаздың» бастығы К.Б. Майсарин мырзаға хабарласқанымызда, ол кісі бұл жұмыспен «Бизнесті дамыту департаменті» (Департамент развития бизнеса) айналысады десе, ал осы департаменттің бастығы Ардақ Құсайынов мырзамен 9 қыркүйекте телефон арқылы сөйлескенде: «Бұл жылы газ берілмейді, өйткені бұл газ трубасы қолданысқа қабылданған жоқ. Келесі жылы, Құдай қаласа қосамыз…» деп жауап берді.

Одан бері тағы да бір жылдан астам уақыт сырғып өтті. Жоғарыда тұратын үлкен бастықтың үйіне өткен жылы-ақ газ берілген еді. Оған қоса жол бойы қыр үстіндегі депутаттар ма, әлде банкирлер ме, олар да қосылды бұл газ трубасына. Тағы да қалтасы қалың бірнеше отбасыға газ беріліпті. Сонда бұл қалай? Бутаковка ықшам ауданында тұрған тұрғындарға екі түрлі көзқарастың болғаны ма? Түсініксіз. Кейбіреулерге газ бар, ал жай халыққа газ жоқ.

Мемлекеттік табиғи парктің территориясында көмірдің түтінін түтетіп немесе солярка пешімен ауаны уландырып отыра береміз бе, әлде жауапты мекемелер газбен қамтамасыз етер ме екен? Көмір жақтыңдар деп келешекте сары тұрбаға қарап сарғайғандарға айыппұл салып жүрмей ме?

19.01.2012

Өскенбай ҚҰЛАТАЙҰЛЫ,

зейнеткер

Алматы қаласы