ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕР ЖОҒАРЫ
ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕР ЖОҒАРЫ
Алтынай АЙДАРҚЫЗЫ
Былтырғы он екi айды әлеуметтiк-экономикалық тұрғыда қысқаша қорытындылаған Үкiмет елiмiздiң үздiксiз өсiп келе жатқанын көлденең тартады. Отандық ауыл шаруашылығы, өнеркәсiп, құрылыс, сауда, көлiк және байланыс тағы басқа қоғамдағы басты салалар бойынша сараптау жүргiзу нәтижесiнде осындай қорытынды жасалған.
ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің баспасөз қызметі 2011 жылдың қаңтар-желтоқсан айларына арналған еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қысқаша қорытындыларын жасады. Ресми деректерге сүйенсек, қысқа мерзімді экономикалық индикатор былтырғы он екі айда 2010 жылғы қаңтар-желтоқсанға қарағанда 107,1 пайызға тең болған. Қысқаша қорытынды жалпы ішкі өнімнің 67-68 пайызына теңгерілетін ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс сияқты қоғамдағы негізгі салалар бойынша көрсеткіштердің өзгеруіне негізделеді. Былтыр негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 4985,9 млрд. теңге болса, бұл 2010 жылдың он екі айына қарағанда 2,4 пайызға артық. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі қазіргі нарықтық құнымен есептегенде,15657,6 млрд. теңге болса, ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімінің көлемі 2256,6 млрд. теңгеге жеткен.
Сонымен қатар еліміздегі көтерме сауда көлемі де өскен: 10003,6 млрд. теңге. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда, 15,5 пайызға көп. Ал сыртқы сауда айналымы 113197,6 млн. АҚШ долларын құрап, 2010 жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда қырық пайыздан астам көрсеткішке жоғарылаған. Оның ішінде экспорт – 79820,8 млн. доллар (51,7%), импорт – 33376,8 млн. доллар (22,6%). Экспорт көлемінің импорт көлемінен қарқынды асып түсуі, сондай-ақ, экспорт бағаларының импорт бағаларынан едәуір асып түсуі Қазақстан үшін сыртқы сауда конъюнктурасының жақсарғанын көрсетеді,бұл еліміздің Төлем балансын едәуір жақсартады.
Былтыр алғашқы үш тоқсанда 1818,8 млрд. теңге көлемінде пайда тапқан кәсіпорындар мен ұйымдардың кірісі 50 пайыздан асып жығылған. Еліміздегі орташа жалақы 91 793 теңге болған. Ал екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыздар саны 479 мыңнан астам. Яғни еңбек етіп, ақша табуға қабілетті азаматтардың 5,4 пайызы – жұмыссыз. Халықты жұмыспен қамту орталықтарына 36,6 мың адам тіркелген.